«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

“ЕРКЕГЕ” КЕЛ, ТІЛ ҮЙРЕН!

Айыртау ауданында мемлекеттік бағдарламалардың игілігін көріп отырғандар аз емес. Кәсіпкер Ботагөз Жандосова – солардың бірі. Тәжірибелі кәсіпкер жақында Саумалкөл ауылында “Бизнестің жол картасы – 2020” бағдарламасының көмегімен ағылшын тілін оқытатын орталық ашты.

“Ерке” деп аталатын орталық – аудандағы алғашқы жекеменшік оқыту орны. Оның табалдырығын аттаған алғашқы қарлығаштар – мектеп оқушылары. Жаңадан құрылған топ бүгінде тіл үйренудің тиімді ережелерін меңгеруде. Тыңдаушылардың тіл білу деңгейі жетілген сайын бағдарлама да күрделене түседі. Сондай-ақ, тіл үйренуге үлкендер де ынта-ықылас танытса, олардың да ниеті қолдау табады.

Кәсіпкер Ботагөз Төребекқызының бұл бұрыннан ойлап жүрген жобасы болатын. Былтыр күзде “Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020” бағдарламасы арқылы 3 миллион теңге несие алған. Осы қаражатқа орталыққа арналған ғимарат жөнделіп, қондырғылар орнатылған.

Орталықтың қызмет құны айына 6 мың теңге. Топтағы адам саны оннан асса, жеңілдік қарастырылған, яғни айлық төлем 5 мың теңгеге төмендейді. Орталық жетекшісі оқушылар саны көбейген сайын жаңа топтар қалыптасып, ағылшын тілінің білікті мамандары қажет болатынын айтады. Аудан тұрғындары бұл бастамаға ризашылықтарын білдіруде.

Жалпы, бүгінде Айыртау ауданында мемлекеттік бағдарламалар жүйелі жүзеге асуда. Өткен жылы “Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020” бағдарламасы арқылы 27 жоба мақұлданып, халыққа 75 млн. теңге несие берілген. Ал биыл тұрғындардан 35 бизнес-жоба бойынша өтініш түскен. Оларға үстіміздегі жылы 90 млн. теңгеге жуық несие берілмек.

Гүлгүл ҚУАТҚЫЗЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp