«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЕРЛЕРІМІЗ ЕЛЕНУГЕ ЛАЙЫҚ

1989 жылдың 15 ақпан күні Кеңес әскері ауған жерінен толықтай шығарылды. Бұл – КСРО-ның қарулы күші Ауғанстан жеріне басып кіріп, оның ішкі істеріне қол сұғуы салдарынан тұтанған, жарияланбаған соғыс болатын. Ол кезде халық оны интернационалдық әскери жәрдем деп түсінді. Қазақстан үшін бұл соғыстың қандай маңызы болғанын саясаткерлер мен тарихшылар сарапқа салар, ал халық осы соғысқа 22269 азаматын аттандырып, 889 боздағынан айрылды. Сондықтан бұл майданда қаза тапқандар мен от ортасынан аман оралғандарға құрмет көрсету – баршаға парыз.

Інім Бейбіт екеуіміз тете өстік. Қатар жүргендіктен, бір-бірімізге деген бауырмалдық сезіміміз де күшті болатын. Екеуіміз ержетіп, бозбала болған жылдар ауған соғысының жүріп жатқан кезі еді. Жас та болсам, есімде: ол соғыс елдің үрейін алған еді. Он сегізге толып, міндетті әскер қатарына жарап қалған баласын аттандырар алдында әр ата-ананың көңіліне күдік ұялайтын. Бұл оқиғаның талай ананың шашына ақ түсіргені сөзсіз.

Мен Отан алдындағы борышымды Алматы қаласының түбіндегі әскери бөлімде 1980-1982 жылдары өтедім. Сол жерден біздің алдымызда екі мың солдатты ауған жеріне аттандырыпты. Бірақ, бізді қозғамады. Менен кейін 1983 жылдың күзінде інім Бейбіт әскерге аттанды. Ол – ауған соғысына қатысып, қолына қару алып, соғыстың ызғарын көрген жан. Құдайдың рақымымен бауырым елге аман-есен оралды. Алайда, бір жарым жыл бойы ажалдың құрсауында жүрген кездер оны денсаулығынан айырды. Кейін Байкал-Амур магистраліне аттанып, сол жақта жұмыс істеп жүрген кезінде үстіне ағаш құлап, қатты жарақаттанды. Соғыс пен құрылыс салған жарақаттардан бауырым өмірмен ерте қоштасты. Жалғыз ол емес, ауған соғысына қатысқан әрбір адамның жүрегіне жазылмас жара түсті. Інімнің жолдастары Жарқын Мусин, Серік Шәмбілов, Қибат Бегімбетов те – ауған соғысының ардагерлері. Алдыңғы екеуінің өмірі тым қысқа болғандығы жанымызға батады.

Ауылда Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің аты-жөндері жазылған екі ескерткіш бар. Былтыр ауған соғысына қатысқан ерлерге арнап ескерткіш көтеруге өзім ұйытқы болдым. Біздің кішкентай ауылдан алты азамат ауған жерінде интернационалдық борышын өтегенді. Кейінгі ұрпақ әрқашан аға буын жерлестеріне тағзым жасаудан жалықпаса, олар ертеңгі күні нағыз елін, жерін сүйген азаматтар болып өсері сөзсіз.

Бұл күні мектебіміздің оқушылары мен ауыл тұрғындары ауған соғысына қатысқан жерлестерімізге арналған ескерткішке барып, өмірден өткен үш бауырымызға Құран бағыштап, арамызда жүрген Қибат Бегімбетовке, Ғабит Есімсейітовке, Төлебай Сәкеновке ұзақ ғұмыр тіледі.

Сайлаубай СМАИЛОВ,

Ақсу ауылының тұрғыны.

Шал ақын ауданы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp