Қазақ халқының тыныштығын сақтап, қиын кезеңдерде ел қорғаған батырларымыз жетерлік. Ел басына күн туғанда етігімен су кешкен ерлердің есімі –бүгінгі ұрпаққа үлгі. Дегенмен, өкінішке қарай, шыбын жанын шүберекке түйіп, елі үшін жауға қарсы күрескен ержүрек батырларымыздың кейбірі ескерілмей, ұмыт қалғаны да шындық. Соңғы кезде осындай азаматтардың есімі еленіп, ерлік жолы еске алынып жүр. Осындай салтанатты шаралардың бірі облыс орталығында өтіп, соғыс ардагері Яков Плешивцевтің марапаты 74 жылдан кейін ұрпақтарына табысталды.
Бұрынғы Ленин (қазіргі Есіл) ауданындағы Покровка ауылының тумасы Яков Плешивцев 1941 жылдың маусым айында әскери борышын өтеуге шақырылған. 314-атқыштар дивизиясының құрамында жауға қарсы соғысқан жерлесіміз ерлігімен бірнеше рет көзге түсіп, «Германияны жеңгені үшін», «Жауынгерлік еңбегі үшін», тағы басқа түрлі наградалар мен ордендерді тағынған. Карель фронтындағы ұрыс майданында да жанқиярлық пен батылдық танытқан жауынгер ауыр жарақаттанып, қолынан айырылады. Бұл жолғы ерлігі үшін ардагерге екінші дәрежелі «Ұлы Отан соғысы» орденін табыстау туралы шешім қабылданған. Алайда, бұл награда майдангердің қолына табысталмапты.
Салтанатты шарада ержүрек ардагердің ұрпақтарына оның наградасын табыстау үшін Қазақстандағы Ресей елшілігінің әскери атташесі Талғат Юмадилов арнайы келді. «Ата-бабамыздың елін жаудан қорғау үшін көрсеткен ерлігіне құрметіміз шексіз. Біздің басты міндетіміз – олардың батылдығын, жанқиярлығын ұмытпай, ұрпақтан-ұрпаққа жеткізу. Өйткені, осы азаматтардың арқасында бүгін бейбіт аспан астында алаңсыз күн кешудеміз. Қазақстан және Ресей елдерінде ол күндердің өшпес даңқы ешқашан ұмытылмайтыны қуантады. 1946 жылы Кеңес Одағының Жоғары президумы жауынгер Яков Плешивцевке 2-ші дәрежелі «Ұлы Отан соғысы» орденін беру туралы шешім қабылдады. Өкінішке қарай, ардагер бұл награданы көрмеді. Сондықтан оның ұлы Николай Яковлевичпен бірге, құжаттарды қайтадан қарап, бұл марапатты таптық», – деген Талғат Юмадилов елшіліктің шешімімен орденнің құжатын ұлына табыстады.
1942 жылы еліне қайтып оралған Яков Плешивцев ауыл шаруашылығы саласында негізгі мамандығы бойынша механизатор болып еңбектенді. Бұл жайлы соғыс ардагерінің ұлы Николай Плешивцев баяндап берді. «Алған жарақатының салдарынан әкемнің сол қолының білегі зарар көрді. Алдымен Пермь қаласындағы госпитальға жатқызылды. Өкінішке қарай, қолын емдеу мүмкін болмағандықтан, кесуге тура келген екен. Одан кейін әскери қызметке жарамсыз деп танылып, үйге қайтып оралды. Әкем майдан даласынан оралғанда, менің жасым небәрі 4-те болатын. Соғыс жылдары біздің ауылда да жұмыс көп болды. Сондықтан әкем мені жұмысқа ертіп апаратын. Әкем жауға қарсы соғыста басынан өткерген қиындықтар жайлы айтқанды ұнатпайтын еді, ерлігін айтып та мақтанбайтын. Тіпті, оның батылдығы мен жанқиярлығы жайлы арнайы наградалық парақтан көрдім», – деп есіне алды Николай Плешивцев.
Қазіргі бейбіт заманда сол жылдары ерлік танытқан ата-бабаларымыздың еңбегін ұлықтап, өскелең ұрпаққа жеткізу аса маңызды. Осындай міндетті арқалаған азаматтардың бірі «Саланг» әскери-патриоттық клубының жетекшісі Александр Азеговтың еңбегі де жоғары бағаланып, арнайы наградамен марапатталды. 28 жылдан бері майдан даласында із-түзсіз жоғалған жауынгерлерді табуға бағытталған экспедицияларға қатысып жүрген азаматтың еңбегі қандай мақтауға да лайық. Шара барысында ержүрек ардагердің туыстары, таныстары сөз алып, жарқын естеліктерімен бөлісті.