«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Ерліктері жадымызда

Биыл – төрткүл дүниені қанға бояп, адам­затқа айықпас қасірет әкелген екінші дүниежүзілік соғыстың аяқталып, Жеңіс туының желбірегеніне 75 жыл. Арада қаншама уақыт жылжып өтсе де, жүректі тілімдеген қаралы жылдардың жарасы ұмытылар емес. Өткен ғасырдың алғашқы ширегінде туған ұрпақ фашистерге қарсы қару алып, 1418 күн бойы жау­мен арыстанша арпалысып, жолба­рысша жұлқыса отырып, Отанын қорғап шықты. Қаншама қандасымызға туған жерден бір уыс топырақ бұйырмады. Айыртау ауданы Әлжан ауылында неміс басқыншыларына қарсы жойқын шайқастарда ерлікпен қаза тапқан жауынгерлерге орнатылған ескерткіштің қайтадан жаңартылып, салтанатты түрде ашылуы – сол боздақтарға деген құрметтің белгісі.

Айтулы шараға Ақмола облыстық ардагер­­лер кеңесінің төрағасы Ғосман Төлеғұлұлы қатысып, Ұлы Жеңіс мәңгілік ұмытылмайтынын атап өтті. Қаза тапқан жауынгерлердің және қан майданнан елге аман оралған ардагерлердің есімдері жазылған ескерткішті орнатуға үлкен үлес қосқан ауыл азаматтары Өте­міс Айтқожинге, Бауыржан Сыздықовқа, Сәлім Байбазаровқа, Әлжан негізгі мектебінің ұжымы мен оқушыларына, тұрғындарға алғы­сын жеткізді.

Салтанатты жиынға қатысқан аудан әкімі Дархан Әмірин жиналғандарды еңселі ес­керткіштің қайта қалпына келтірілуімен құттықтады. Қан майданға қолына қару алып, ауданнан 9750 айыртаулық аттанған. Әлжан ауылынан барған 118 жауынгердің 68-і майдан дала­сында шейіт болған. “Салмар Агро” ЖШС-нің басшысы Сәлім Байбазаров, “Көкшетау” мемлекеттік ұлттық паркінің директоры Ербол Сағдиев, тағы басқалары өз сөздерінде ерлер есімі ел есінде қала беретінін айтты. Жауынгердің шөбересі Нұрислам марқұмдар рухына арнап жыр жолдарын оқыды. Жүніс Қазанғұлов атамыздың немересі, өртсөндіруші Білім Қазанғұлов атасының Ресей Федерациясының Пськов облысы, Невель ауданына қарасты Туричина деревнясындағы “Бауырластар зиратында” жерленгені туралы тың мағлұматтармен бөлісті. Ресей Федерациясы Президентінің Жеңістің 75 жылдығына арнайы шығарған мерейтойлық медалі осы шараны ұйымдастыруға белсене атсалысқан Өтеміс Айтқожин ағаға табыс етілді.

Жылы лебізге толы құттықтаутілектерден кейін жаңғыртылған ескерткішке гүл шоқтары қойылды. Ата-бабалар аруағына Құран бағышталды. Кейінгі буынға батырлық пен қайсарлықтың небір үлгілерін аманаттап кеткен аталарымыздың есімдері ұмытылмақ емес.

Бағлан ҚОЖАҚОВ.

Айыртау ауданы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp