«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЕРЛІКТІҢ ЕРЕН ҮЛГІСІ

Жеңістің 80 жылдығы – бәріміз үшін елеулі мерейтой. Бұл күні біз қан майданда құрбан болған ерлерді еске алып, тылдағы еңбеккерлердің қайсарлығына бас иіп, көзі тірі ардагерлерімізге құрмет көрсетеміз. Қанқұйлы соғыстың азабын әр шаңырақ татты. Алғашқы күндерден бастап өңір халқы жұдырықтай жұмылып, ортақ жеңіске өз үлестерін қосты. Қару ұстар ерлер майдан даласына аттанды, ал тылда еңбектеген баладан бастап, еңкейген қартқа дейін ұйқы- күлкі көрмей тер төкті. Осындай табанды да жанкешті жандардың арқасында жау әскері талқандалып, халық жеңіс күнін қарсы алды. Мыңдаған қазақстандықтардың маңдай тері мен төккен қанының құнымен келген жеңіс қанша жыл өтсе де қадірлі.

Солтүстік Қазақстаннан майданға аттанған 90 мың адамның үштен бірі елге оралмады. Майдандағы жанкештілігі үшін солтүстікқазақстандықтардың 55-і Кеңес Одағының Батыры атағын, 11-і «Даңқ» орденін иеленді. Соғыстың басында жасақталған 314 атқыштар дивизиясы Ленинград, Польша, Чехословакия, Балтық маңындағы ұрыстарға қатысып, Праганы азат етті. Дивизия құрамында 1074, 1076, 1078 атқыштар полктері, 858 артиллерия полкі, 374 танкке қарсы дивизион, 598 байланыс батальоны, 234 медициналық-санитарлық батальон, 204 барлау ротасы және тағы да басқа бөлімдер құрылды. Дивизиядағы 11 мыңнан астам жауынгердің 75 пайызы біздің өңір тұрғындары еді. Соғыс кезіндегі барлық негізгі ұрыстарда, түрлі әскер мен партизан отрядтарының құрамында солтүстікқазақстандық жауынгерлер жүрді. Алғашқы екі жылдың өзінде 70 мыңнан астам адам соғысқа аттанды. 106-шы кавалерлік дивизия құрамына кірген жерлестеріміз Украинадағы қанды қасапқа тап келіп, үлкен шығынға ұшырады. Олар туралы деректер көп уақыт бойы жарияланбай келді. Партизан қозғалысына қатысқандар да Жеңіс жолында ештеңеден аянбай, бастарын бәйгеге тікті.

Майданда талай ер ерлікпен қаза тапты. Днепр өзенінің жағалауында болған ұрыста пулеметші Ескендір Дәуітов ерлікпен қаза тапты. Никифор Архименко Украинадағы ұрыста жаудың 7 дүркін шабуылына тойтарыс беріп, ақыры өзіне граната байлап жау танкісінің астына түсті. Аға лейтенант Вениамин Кошуковтың ұшағы Латвияда құлап, жаудың жүздеген әскерін жойды. Ал Пиэнава қаласы үшін болған ұрыста Виктор Скачков соңғы оғы қалғанша соғысып, танкісімен бірге жанып кетті.

Осындай қаһармандықпен соғысқан солтүстікқазақстандықтар Ресей, Украина, Молдавия, Белоруссия, Польша, Венгрия, Румыния, Югославия, Балтық маңын азат етуде көзге түсті.

Жеңіс күнінің маңыздылығы туралы сөз еткен Мемлекет басшысы: «Ұлы Жеңіс туралы ұмытпау дегеніміз бұл – ең алдымен, ержүрек батырларымызды жадымызда сақтау, олардың жанқиярлық еңбегі мен ерлігін, парызға адал және антқа берік болғанын ұмытпау деген сөз. Біз сол сұрапыл соғыс кезінде теңдессіз батырлық пен батылдық көрсеткен отандастарымызды әрдайым орасан зор құрметпен есте сақтаймыз», – деді. Біздің ендігі мін детіміз – қаза тапқандарды ұмытпай, ортамыздағы ардагерлерді құрметтеп, елдегі бейбітшілікті сақтау.

Жеңіс күні қарсаңында тыл ардагерлеріне құрмет көрсетіліп, облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетовтің қатысуымен өткен шарада мерейтойлық медаль табысталды.

Алғашқы жылдары-ақ өңірдегі материалды-техникалық, қаржылық және еңбек ресурстары мобилизацияланып, майдан қажеттілігіне сай жұмыс істеді. Бір жылда Петропавлға 20 зауыттың қондырғылары көшірілді. Аз уақытта бірнеше қорғаныс зауыты жұмысын бастады.

Өкінішке қарай, жыл өткен сайын өңірдегі соғыс және тыл ардагерлерінің саны азайып келеді. Бүгінде облыста 2 соғыс ардагері тұрады. Тыл ардагерлерінің 34-і медальмен марапатталса, бесеуі блокададағы Ленинград тұрғыны, ал тоғызы кәмелетке толмай концлагерь тұтқыны болған. Әсия Әжібаева соғыс жылдары тігінші болып еңбек етіп, сарбаздарды жылы киіммен қамтамасыз етуге үлес қосты. Ұлы Отан соғысы жылдарындағы қажырлы еңбегі үшін оған медаль табысталған. Ал Валентина Зайцева бала кезінде-ақ концлагердің азабын бастан өткеріп, қиындықтан аман шықты. Осындай жандардың қайраты мен еңбегінің арқасында еліміз соғыстың ауыртпалығын еңсерді.

Соғыс жылдарында еңбек майданында өшпес ерлік танытып, тарих бетінде үлгі боларлық даңқты із қалдырған жандарды Жеңіс күнімен құттықтай отыра, зор денсаулық, ашық аспан, еліміздің амандығы мен жұртымыздың ауызбіршілігін тілейміз. Егеменді еліміздің көк байрағы әр уақытта жоғарыдан көрінетін болсын.

Ескендір ЕЛЕУСІЗОВ,

облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp