
Ауылды көркейтуге өзіндік үлес қосып жүрген аяулы жандардың бірі – Сандуғаш Халықова. Асыл жар, кішіпейіл келін болып отырған ол – үй тірлігімен қатар өз жұмысын да дөңгелетіп, нәпақасын тауып жүрген еңбекқор жан.
“Тірлігіне қарай – тірнегі” дегендей, заман талабына сай, қарышты қадаммен алға басып, өз қатарының алды бола білген Сандуғаш Халықова осыдан бірнеше жыл бұрын өзінің жеке кәсібін ашқан.
– Мен өзім Петровка ауылында туып-өскем. Бұйрық шығар, Николаевка ауылының Қуаныш деген азаматына тұрмысқа шығып, отбасын құрдық. Бүгінде екеуіміздің ортамызда Уәлихан, Дархан, Әлихан есімді ұлдарымыз ержетіп келеді. “Заманына қарай – адамы” дегендей, елден қалмай, жұмыла жұмыс істеп жүрген жайымыз бар. Осыдан бірнеше жыл бұрын егін егіп, сол салада еңбектендік. Содан кейін кәсіпкерлік бағытына бет бұрдық. Сәтін салып, ісіміз алға басып келе жатыр. 2013 жылы “Құрмет” дәмханасын аштық. Алпыс адамға шақталған дәмхананың іші кең, жарық. Оны заманауи үлгіге сай етіп істеуге тырыстық. Келген қонақтардың көңілінен шығар деген үміттеміз. Отбасымызға ортақ іс болған соң, әрине, жұбайым екеуміз барлығын ақылдасып істейміз. Әу баста бұл жерде ескі диірмен болған, жұбайымның шеберлігі, тапқырлығы арқасында осындай нәтижеге қол жеткіздік, – дейді кәсіпкер.
Қоғамдық жұмыстан да шет қалмайтын Сандуғаш Халықова – өз ісінің шебері. Ол ұйымдастырушылықпен қатар, дәмханадағы асүйдің жұмысын да бақылап отыруды өзінің негізгі міндеті санайды.
– Үйдің шаруасы бір әйел түгіл, қырық қызға бөліп берсе де, молынан жетіп жығылады ғой. Мен де сол қатардағы қазақ келіндерінің бірімін. Жұмысбасты болып, үйді жайына қалдыру дегенді білмеймін. Керісінше, таңмен таласып ерте тұрып, шаруамды ыңғайлап алуға тырысамын. Жұмысқа сағат сегізде келемін. Дәмхананың ішіндегі тәртіп, тазалық дегендей, барлық нәрсені тікелей бақылауда ұстаймын. Тамақтың дәмді болуын да назардан тыс қалдырмаймын. Әрбір әйел үшін асүй деген үлкен бір әлем сияқты ғой. Оның өзіндік қыр-сырлары жетерлік. Мен де білгенімді айтып, қызметкерлердің өзіне жүктелген жұмысын абыроймен атқаруын қадағалаймын. Дәмханада тамақтың түр-түрі бар. Әйтеуір, келушілердің талғам мен талабынан шығу ғой біздің басты міндетіміз, – дейді Сандуғаш Халықова.
Шағын ғана ауылда дәмхана ашып, кәсібінің нәсібін көріп отырған ерлі-зайыптыларды өнегелі отбасы деуге әбден болады. Себебі, олардың ойы да, жұмысы да, алға қойған мақсаты да бір. Ол – балалардың жарқын болашағы үшін аянбай еңбек етіп, сонымен қатар ауыл өмірін жандандыра түсу.
“Еркек – түздің, әйел – үйдің көркі” дегендей, жан жары өзі қалаған жұмысымен айналысып, үйге кіріс келтіріп жүргенде отағасы да қол қусырып, бекерге отырған жоқ. Оның да құптарлық бастамалары баршылық. Дәмхана жанынан ол шағын жиһаз цехын ашқан. Ол жерде үйге қажетті деген үлкенді-кішілі бұйымдардың барлығына тапсырыс беруге болады.
– Жиһаз жасауға материалдар облыс орталығынан тасымалданады. Цех заманауи станоктармен жабдықталған. Бүгінде жиһаздың дизайн талабы ауылдық жерге де ене бастады. Бұл ретте тұрғындардың көңілінен шығу үшін барлық жағдайды жасауға тырысып бағудамыз. Еуропалық стиль, шығыс стилі немесе ұлттық бағыттың барлығын қамтуға мүмкіндігіміз бар. Баға жағына келер болсақ, жергілікті тұрғындардың қалтасы көтерерліктей деп ойлаймын. Өз жұмысымызда біз бірінші кезекте өнімнің сапасына көп мән береміз. Егер жұмыс талапқа сай, дұрыс істелген болса, ол, әрине, сұранысқа ие, – дейді жиһаз цехының иесі.
Еңбегінің өнбегін көріп отырған отағасының жұмысы мұнымен шектелмейді. Дәмхана, шағын цех орналасқан ғимараттың бір бүйірінен техникалық қызмет көрсету станциясын ашқан. Бұл да алдын ала ойластырылып, орайы келгенде іске қосылған үлкен жұмыстың бір нәтижесі.
– Өзіңіз көріп отырғандай, біздің ғимарат жолдың бойына орналасқан. Бұл жерде көлік қозғалысы жақсы. Осыны ескере келе, жұмыс көзін осы бағытқа да жұмылдыруды жөн деп санадық. Көлік болған соң сынбай тұрмайды ғой. Ауыл тұрғындарының жөні бір бөлек, ал жолда келе жатқан жолаушының көлігі үшін техникалық көмек қажет болса, әрдайым көмектесуге дайынбыз. Көліктері жөндеуден өткенше, дәмханаға барып, тамақ ішіп, біраз демалуға да болады, – дейді ол.
Қазір күн жылынды, ағаштар жапырақ жайып, дала жасыл желекке бөленді. Табиғаттың осы бір тамаша кезеңін қолайлы пайдалануды жөн көрген ерлі-зайыпты бүгінде дала жұмысын жандандыра бастаған. Олар дәмхана алдынан арнайы орын бөліп, іші-сыртын сәндеп, келушілерге ыңғайлы болу үшін арнайы орындық, үстелдер қойған. Ерінбеген адамның тапқырлығында шек бар ма? Бұл да сырттан келген қонақтарға жақсы жағдай жасай отыра, табыс көзін молайтудың бір жолы деп түсіндік.
Алға қойған жоспарларымен бөліскен ерлі-зайыпты болашақта жұмыс аумағын кеңейтіп, шағын сауда орталығын ашу жолын да қарастырып отырғандарын айтты. Бірін-бірі қолдап, ортақ іске білек сыбана кіріскен өнегелі отбасының бастамасына біз де сәттілік тіледік.
…Алыстан көзге түсетін шағын ғана бір ғимараттың ішінде үш бірдей қызмет орны ашылған. Олардың барлығы да тұрғындар үшін қажет екендігін айтудың өзі артық сияқты. Маңайындағы мұнтаздай тазалығымен ауылға жаңа леп беріп, өзінше бір төбе болып тұрған осынау әдемі көріністі көргенде шынымен бір қуанып қалады екенсің. Әрине, дәмхана, жиһаз цехы және басқа да сауда нүктелерін қалада аяқ аттап басқан сайын кездестіруге болады, ал ауылдың ортасынан ойып тұрып орын алған осындай заманға сай ғимараттың бой көтергені мақтауға да, мақтануға да тұрарлық емес пе?! Сәні мен салтанаты жарасқан жұмыс орнының сыртынан қарағанда бір кездері диірменнен қалған үйіндіден осындай тамаша дүние шыққанына сенудің өзі қиын екен. Шыны керек, бұл әрбір ауыл азаматының қолынан келе беретін іс емес. “Ынта-ықылас болса, адамның қолынан келмейтін нәрсе жоқ-ау шіркін”, деген ойға берілесің осындай сәттерде.
Міне, ауылды жетімсіретпей, керісінше, адал еңбегінің арқасында оған ерекше көрік беріп, бірнеше адамды жұмыспен қамтамасыз етіп отырған осындай еңбекқор жандар көп болса, елді мекеннің жағдайы жақсара түсері анық.
Алма ҚУАНДЫҚҚЫЗЫ,
“Солтүстік Қазақстан”.
Суретті түсірген
Амангелді БЕКМҰРАТОВ.
Есіл ауданы.