«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЕРТЕГІМЕН ЕСЕЙЕДІ

Бала тәрбиесінде ертегіні қолданудың тиімді жақтары аз емес. Бірінші кезекте ертегіні балаға оқу арқылы жет­кі­зе­міз. Әр сөзді, сөйлемді мәнерлеп оқып, оның мағынасына тоқталып, түсіндіріп өту қажет. Оны әрі қарай те­реңі­рек таныстыру үшін шағын сахналық көрініс жасаймыз. Яғни, рөлдерге бөліп, ойын арқылы түсіндіреміз. Бұл әдісті қолдануға көбіне қысқа ертегілер лайық. Әр балаға бір-бір кейіпкер беріп, өздерін ойнату арқылы түлкінің қу болатынын, қоянның қорқақ екенін, қасқырдың ашулы да азулы аң екенін ұғындырамыз. Қуыршақтармен де жұмыс істейміз. Кәдімгі қуыршақ теат­рында­ғыдай, оларды балалардың өздеріне ұстатып сахналаймыз. Қазақ ертегілерінің ішінде де көлемі шағындары бар. Бірақ, өкінішке қарай, “Мақта қыз бен мысық” сияқты балалар­дың қабылдауына жеңіл тиетіндері аз. Жануарлар туралы ертегілердің көпшілігі “Арыстан мен тышқан” секілді мысал түрінде берілгендіктен де, балалардың оны түсінуі қиын. Сондықтан біз жұмыс барысында шағын, баланың қабылдауына жеңіл тиетін ертегілермен жұмыс істейміз. Мұндай ертегілер оң-солын жаңа ғана танып келе жатқан ұл-қыздардың ой-өрісін дамытып, сөздік қорын байытып, есте сақтау қабілеттерін арттыруға көмектеседі. Сиқырға толы ертегі әлеміне сапар жасай отыра балалардың қиялы ұшталады. Тарихы тереңде жатқан қазақ ертегілерін тыңдағанда балаға жай ғана ақыл айтумен шектелмейсің, тыңдарманды осындай жолмен тәрбиелейсің. Міне, ертегінің тиімділігі де осында. Ұлдар ертегідегі батырларға еліктесе, кішкентай қыздар ханшайымдарға ұқсағысы келеді. Осылайша балалар өздері ашқан жаңа әлемнің қыр-сырымен танысып, қиялдарына қанат бітіреді.

Ер­те­гі­лер­дің тұрмыс-салт, қиял-ға­жайып, жануарлар туралы болып бөлінетіні белгілі. Тәрбиеші ретінде өз жұмысымызда олардың барлығын қолданамыз. Әрбір ертегінің өз тыңдарманы болады. Сондықтан да бұл жерде балалардың жас ерекшелігі ескерілетінін айта кеткен жөн.  

Жақында екінші топтың балалары тіл дамыту мақсатында “Шалқан” ертігісімен танысты. Оны сахналау кезінде тәрбиеленушілер бау-бақша, жеміс-жидек жайында біраз мәліметке қанық болды. Сондай-ақ, жан-жануарлардың адаммен достығы жайында да айтылды. Ең бастысы еңбек, татулық, бірліктің арқасында ғана ертеңіміз нұрлы болатынын балалар бүгіннің өзінде түсініп, саналарына сіңіріп алғандай. Кішкентай ғана бүлдіршіндерді жақсылыққа тәрбиелейтін ертегілерді балаларына ата-аналары да жиі айтып, оқып беріп отырса, нұр үстіне нұр болар еді. Өйткені, бала тәрибесі – біздің ортақ жұмысымыз.

Баян КАБУЛОВА,

“Батыр” бөбекжай-балабақшасының

тәрбиешісі.

Петропавл қаласы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp