«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЕРТЕҢГЕ СЕНІММЕН ҚАРАЙДЫ

“Ауылдың амандығы – елдің амандығы” демекші, бүгінгі таңда ауылдағы ағайынның әлеуетіне ерекше көңіл бөлініп келеді. Өйткені, біздің мемлекеттің қалыптасуы мен дамуы, негізінен, ауыл өміріне тікелей байланысты. Осы орайда ел Үкіметі ауылды дамытуға қатысты түрлі кешенді жұмыстарды жүзеге асыруда.

Летовочное ауылдық округі Тайынша ауданының бір шетінде орналасса да, оның құрамындағы Летовочное, Горькое, Подлесное, Талап, Мәдениет және Краснокаменка елді мекендерінің шаруасы ширап, тұрғындардың әлеуеті жақсарған. Бұл елді мекендерде 2192 адам тұрып жатыр. Олардың ішінде экономикалық белсенді халық саны – 1289. Жерлестеріміздің дені өндіріс саласында, бюджеттік ұйымдарда еңбек етсе, 536 адам өзін-өзі жұмыспен қамтып отыр. Ал қалғандары жұмыссыз ретінде уәкілетті органдарда тіркеуде тұр.

Бізде ауыл тұрғындарын жұмыспен қамтып, ел экономикасына елеулі үлес қосып отырған төрт шаруа қожалығы, бес фермерлік шаруашылық бар. “МаслоДелАгро” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі және “Горький атындағы” жеке кәсіпкерлігі егіншілікпен айналысады. “Летовочный РМЗ” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі ауыл шаруашылығы техникасына қажетті қосалқы бөлшектерді әзірлейді.

Адал еңбегімен ырысын арттырып отырған ауыл тұрғындарының да ауданның әлеуетін жақсартуға қосар үлесі зор. Үкіметке қол жайып қарап отырмай, қосалқы шаруашылықтарында ірі қарасын, қой-ешкісін, көкөнісін өсіріп, артылғанын сатып, пайда тауып отырғандары қаншама?! Бүгінгі таңда ауылдық округ тұрғындары 2925 ірі қара, 3103 қой-ешкі, 559 жылқы, 1997 шошқа өсіріп отыр.

Қазір елімізде кәсіпкерлікке жан-жақты қолдау көрсетіліп, өз кәсібін ашуға ниет білдірген адамға барлық жағдай жасалған. Ең бастысы, қорықпай, алға ұмтылса, түрлі мемлекеттік бағдарламалар демеп жіберуге дайын. Солардың арқасында тұралап қалғандар кәсiбiн жандандырды, ал жоспары барлар тұрақты табыс көзiн тауып, күнкөрiсiне айналатын жаңа шаруашылықтарды іске қосты. Мәселен, “Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020” бағдарламасы аясында Краснокаменка ауылында екі жеке кәсіпкерлік ашылды. “Камила” жеке кәсіпкерлігінің иесі – Есенгелді Тәкенов аталған бағдарлама бойынша қолдарына тиген 1 млн. 200 мың теңге несиеге 13 бас ірі қара сатып алса, “Баязитов” жеке кәсіпкерлігін ашқан Қабидолла Баязитов 3 млн. теңге несиенің арқасында қорасындағы ірі қара малының санын 18 басқа жеткізді. Осыдан-ақ “Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020” сынды бағдарламалардың берері мол екендігіне көз жеткізуге болады.

Өткен жылы “Құлан” бағдарламасы бойынша “Құдайбергенов” жеке кәсіпкерлігі және “Лейла” фермерлік шаруашылығы жалпы сомасы 29 млн. теңгеге 95 жылқы алып, бүгінде сол кәсібінің нәсібін көріп отыр. Ал үстіміздегі жылы құрылған “Краснокаменка – 2016” ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі 40 бас асыл-тұқымды бұқа алды. Бағдарламалардың өте тиімді екеніне күнделікті көз жеткізіп жүргендіктен, ауыл тұрғындарына “Сыбаға”, “Құлан”, “Алтын асық” бағдарламалары жайында айтып, ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізудеміз. Осындай белсенді жұмыстың арқасында ендігі жылы да округ тұрғындарының арасынан аталған бағдарламалар бойынша кәсібін ашуға ниет танытар азаматты табарымыз сөзсіз.

Ауылдағы мектептің есігіне қара құлып ілінсе, бүкіл бастаманың болашағы бұлыңғыр екені айтпаса да түсінікті. Яғни, бүгінгі таңда ауылдың қарашаңырағы – мектеп екендігін мойындап отырмыз. Сол себепті, ауылдық округтегі алты мектепті көзіміздің қарашығындай сақтаудамыз. Алты мектептің екеуі орта болса, қалғандары тоғызжылдық білім береді. Мектептердің барлығы телефон байланысымен және интернет желісімен қамтамасыз етілген. Мектептердің жанында алты шағын орталық жұмыс істейді. 350 оқушыға жүз шақты мұғалім білім берсе, оның жетпіс алтысы жоғары оқу орнын тамамдағандар. Бір сөзбен айтқанда, бүгінгі таңда ауылдық округ мектептерінде маман тапшылығы жоқ.

Қысы, жазы сапалы білім алуға қолайлы жағдай жасалған білім беру ұйымдарында оқушыларды ыстық тамақпен қамту мәселесі де шешімін тапқан. Аз қамтылған және әлжуаз топтарға жататын отбасылардың балалары “Жалпы біліммен қамту” қорының есебінен тегін тамақтандырылады. Осы орайда, мектеп жанындағы жер телімдерінің де пайдасы зор екендігін атап өткен жөн. Мектеп мұғалімдері мен оқушылар осы жер телімдерінде картоп, қырыққабат және көкөністің өзге де түрлерін өсіріп, қыс бойы тамаққа емін-еркін пайдаланып келеді.

Ертеректе салынған мектептерді күтіп-ұстау да күн тәртібіндегі мәселе емес пе?! Өткен жылы Летовочное орта мектебінде 41 млн. 832 мың теңгеге күрделі жөндеу жұмысы жүргізілсе, биыл жылыту қазандығы орнатылды. Сондай-ақ, мектептердің материалдық-техникалық базасын нығайту үшін жалпы сомасы 730 мың теңгеге 70 орындық және музыкалық аппаратура сатып алынды. Мұның барлығы “болашағымыз” деп асқақтата айдар таққан өскелең ұрпақтың жайлы мектепте сапалы білім алуы үшін жасалып жатқан жағдай.

Бүгінгі таңда мемлекет ауыл медицинасын дамытуға да зор көңіл бөліп отыр. Летовочное ауылында ауылдық дәрігерлік амбулатория жұмыс істейді. Сондай-ақ, екі дәріханадан қажетті дәрі-дәрімектің барлығын алуға болады. Подлесное, Горькое, Талап, Мәдениет, Краснокаменка ауылдарында медициналық қосындар – жергілікті тұрғындардың денсаулығының қорғаны.

Ауылдың даму үрдісін жоғарылату үшін негізгі бағыттардың бірі – тұрғындарды тұрақты жұмысқа орналастыру арқылы жұмыссыздық деңгейін төмендету болса, бұл міндетті де тиісті деңгейде орындаудамыз. “Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020” бағдарламасының бірінші бағытын жүзеге асыру аясында Летовочное орта мектебіне күрделі жөндеу жұмысы жүргізілген кезде 23 жұмыс орны ашылған болатын. Аталған бағдарламаның 12 қатысушысы осы жөндеу жұмысында еңбек етті. “Жастар тәжірибесі” бойынша бір түлек жұмыс істесе, алдағы уақытта оны ауылдық округ әкімдігіне жұмысқа алуды жоспарлап отырмыз.

Бағдарламаның екінші бағытын жүзеге асырған кезде кәсіпкерлік негізін үйрететін курстарға 2 адам оқуға жіберілді. Ал “Өңірлерді дамыту” бағдарламасы бойынша 3 адам кәсіби қайта даярлаудан өтті. Еңбек нарығында жұмыспен қамтудың ең тиімді түрі – қоғамдық жұмыс. Үстіміздегі жылы 14 жұмыссыз қоғамдық жұмыстарға тартылып, еңбектің дәмін татты. Бұл мақсатқа жергілікті бюджеттен 849 мың теңге қаржы бөлінген еді.

Қариясы бар елдің қазынасы бар. Кейінгі буынға үлгі болар қарияларымызды құрметтей білсек, ауызбірлігіміз артып, тәуелсіздігіміз тұғырынан таймайтыны айқын. Біз осы үрдістен жаңылмай қарттарымызға әрқашан құрмет көрсетіп келеміз. Ауылдық округте тұрып жатқан зейнеткерлерге, олардың ішінде бұғаналары қатпастан ауыр жұмысқа жегіліп, тынымсыз тірліктің бел ортасында жүрген 42 тыл еңбеккері лайықты құрметке бөленіп, оларға әлеуметтік қана емес, демеушлік көмек те көрсетіледі. Мәселен, “МаслоДел-Агро”, “Летовочный РМЗ” жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері, “Горький атындағы” жеке кәсіпкерліктері қарттарға ұдайы қолдау көрсетіп келеді. Қарттарды қолдау айлығы кезінде барлық ауылдарда қайырымдылық шаралары ұйымдастырылды. Округте алты және одан да көп бала тәрбиелеп, өсіріп отырған 28 көпбалалы ана бар. Олардың он екісі “Алтын алқа” иегері болса, жиырма үші “Күміс алқа” тағынған. Бесік тербеткен аналардың да жағдайын назардан тыс қалдырған емеспіз.

Қазір ауыл тұрғындары арасында дене шынықтыру мен спортты дамытудың жай-күйі де жақсарды. Саламатты өмір салтын насихаттауда мектеп директорлары, дене шынықтыру пәнінің мұғалімдері, жаттықтырушылар, оқушылар зор үлес қосуда. Тәннің саулығымен қатар, рухани тұрғыдан баю да аса маңызды екенін ұмытпаймыз. Бүгінгі таңда ауылдық округте жұмыс істеп тұрған кітапханалар саны – бесеу. Олар айтулы күндер қарсаңында танымдық және тағылымдық мәні зор іс-шаралар ұйымдастырып келеді.

Ауыл тұрғындарын ауызсумен қамту мәселесі өзектілігін бүгін де, болашақта да жоя қоймасы анық. Себебі, еліміздегі көптеген ауылдар ауызсудың азабын тартуда. Ал біз бұл мәселені 12 суағын ұңғымасы арқылы шешіп отырмыз. Ауызсу мәселесі біршама шешілген ауылдарды абаттандыру да аса маңызды. Осы орайда “Өңірлерді дамыту” бағдарламасы бойынша бес ауылға балалардың ойын алаңы орнатылды, Бұл мақсатқа 10 млн. теңге жұмсалды. Ал ауыл тұрғындары үшін өмірлік мәні зор жолдың да түйінді тұстары өз шешімін табуда “Летовочное-Келлеровка” бағытындағы жолға орташа жөндеу жұмысы жүргізілді. Горькое және Мәдениет ауылдарына апаратын аудандық маңыздағы жолдардың жағдайын жақсартқан жөндеу жұмысы аяқталды.

Ауылдың әлеуетін көтеру бағытында жеткен жетістіктеріміз аз емес. Бір кездері ауылдың ажары кетіп, жаппай қалаға қоныс аудару басталған жылдары көңілге орнаған сенімсіздік пен алаңдаушылық белең алған болатын. Ал қазір ауыл тұрғындары болашақтарына сеніммен қарайды.

Асыл МОЛДИЯРОВА,

Летовочное ауылдық

округінің әкімі.

Тайынша ауданы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp