«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЕРТЕҢІНЕ СЕНЕТІН ЕҢСЕЛІ ЕЛ

Ұлы мереке қарсаңында Ұлы Даланың жүрегі – Астанадан қуанышты хабар жетті: сүйікті Отанымыз – Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығы Декларациясы қабылданды. Мемлекет дамуының және қалыптасуының негізгі кезеңдерін қамтитын тарихи құжатты толғанбай, тебіренбей оқу мүмкін емес. Әсіресе, оның кешегі қиындықтарды бастан кешкен, еліміздің бүгінгі толағай табыстарына куә болып отырған аға буынды ерекше бір шаттыққа бөлегеніне күмәнім жоқ.

Бір сәт шетсіз де шексіз теңіз төрінде қалт-құлт еткен ескексіз қайықты көз алдыңызға елестетіп көріңізші. Кеңестік заманның ақтық демі таусылып, дербес даму жолына түскенде еліміздің осындай күй кешкенін ұмыта қойған жоқпыз. “Қайда барып тұмсық тірер екенбіз? Жартасқа барып соғыла ма, болмаса адасқан жолаушыдай арып-ашып, сан ғасырлық тарихында мың өліп, мың тірілген қазақтың күйін қайта кеше ме?” Көңілде үміттен гөрі күдік басым заман болған. Дәл сол уақытта ел тізгінін Нұрсұлтан Назарбаев өз қолына алмағанда оқиғаның қалай өрбитінін болжаудың өзі қорқынышты еді. Тәубе, Елбасымыз сол бір алмағайып заманда жарғақ құлағы жастыққа тимей, жанын шүберекке түйіп жүріп тыңнан жол іздеді, істің қисынын тапты, қиындықты жеңе білді, жоқтан бар жасады. Әйтеуір, елін адастырған, халқын жүдеткен жоқ.

Тарих өлше­мімен алғанда, 25 жыл – бұл қас қағым сәт. Бі­рақ осы уақыт ішінде Елбасы – Қа­зақ­станның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың көрегендігі мен көсемдігінің, батыл әрі терең ойластырылған рефор­маларының арқасында еліміздің барлық саласына тағдыршешті өзгерістер еніп, Қазақстан өз тарихында тұңғыш рет экономикасы қуатты, саясаты тұрақты, ертеңіне сенетін еңселі елге айналды. Осылай біз 25 жылда ғасырға пара-пар жолдан өтіп, заманауи мемлекет құрдық, бүкіл әлемнің назарына іліктік, өркениет көшіндегі өз орнымызды тауып, өзгелерге де үлгі болатындай биіктерге көтерілдік. Өз жолымызға – қазақстандық даму жолына түстік. Осының бәрі, әрине, мерейімізді тасытады, жаңа биіктерге жігерлендіреді.

Осындай оң өзгерістер, өркенді істер біздің өңірге де тән екенін, әсіресе, соңғы екі-үш жылда ұтқыр жобалардың мүмкіндігі барынша ашыла түскенін айтуымыз керек. Бір ғана мысал. Облыс орталығындағы сәулетті Спорт сарайының бір жарым жылға жетер-жетпес уақытта іске қосылуы солтүстікқазақстандықтар үшін таңғажайып оқиға болды. Тұрғындар асыға күткен Петропавл – Астана тасжолының құрылысы да биыл аяқталғалы отыр. Егер 2013 жылы 5 миллиард теңге қаржыға небәрі 134 шақырым жол жөнделсе, өткен жылы бұл көрсеткіш 260 шақырымға жеткен. Тұрғын үйлердің де қандай қарқынмен салынып жатқаны жерлестерімізге жақсы мәлім. Айта берсек, осылай рет-ретімен тындырылып жатқан игі істер аз емес. Осылардың бәрі халықтың көңіл-күйіне оң әсер етіп отырғанын біз, журналистер жақсы білеміз.

Қазіргі Қазақстан алып мұхиттың төсін тілгілеп алға ұмтылған мұзжарғыш іспетті. Тәуелсіздік Декларациясын оқығанда мені осындай ойлар баурады.

Жарасбай СҮЛЕЙМЕНОВ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp