«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЕРІКТІ БОЛАМ ДЕСЕҢІЗ…

Облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департаментте еріктілер қозғалысының қызметі туралы семинар-кеңес өтті. 

Департамент бастығының орынбасарлары Нұрлан Атығаев пен Ерік Сарыбаев төрағалық еткен жиында төтенше жағдайлар саласындағы маңызды іс-шараларға еріктілерді тарту, тәжірибе алмасу, сондай-ақ, алғашқы медициналық көмек көрсету және үгіт-насихат материалдарын әзірлеу жайлы сөз қозғалды. Іс-шараға облыстық ішкі саясат басқармасының “Қоғамдық даму және ақпарат орталығы” КММ бас маманы Лилия Гизатуллина, “Қызыл жарты ай” қоғамы облыстық филиалының директоры Сәуле Оразова, “MODERN Qazaqstan” қозғалысы төрағасының орынбасары Сұлтан Омаров, “Жас Отан” жастар қанаты облыстық филиалының төрағасы Абылайхан Қайроллаев, Солтүстік Қазақстан кәсіптік-педагогикалық колледжінің аға оқытушысы Болатжан Эдуардұлы, сондай-ақ темір жол колледжінің және басқа да оқу орындарының еріктілері қатысты. Семинар-кеңесте азаматтық қорғау саласындағы апаттар тәуекелдерін төмендету және бақылау басқармасының бастығы Игорь Балеев еріктілермен ынтымақтастықтың мақсаттары мен міндеттері, еріктілерді тіркеу тәртібі, көрнекі үгіт-насихат материалдарын әзірлеу мәселелеріне тоқталды. Игорь Анатольевич еріктілер іздестіру-құтқару жұмыстарына бірнеше рет қатысқанын атап өтті. Бұл олардың жоғары азаматтық ұстанымы мен адамдарға көмектесуге деген ыстық ықыласын білдіреді.
Алайда еріктілердің барлығы бірдей қауіпсіздік техникасы мен осындай маңызды шараларды жүргізу тәртібін жақсы біледі деп айтуға болмайды. Кездесу барысында департамент қызметкерлері төтенше жағдайлар кезіндегі қауіпсіздік ережелері, зардап шеккендерге алғашқы медициналық және психологиялық көмек көрсету тәсілдерімен бөлісті.
Ерікті болуды қалайтындар үшін департаменттің сайтында «Қалай азаматтық қорғау органдарының волонтері болуға болады?» (http://sqo.emer.gov.kz/) деген бөлім бар.  

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp