
Шал ақын ауданының орталығындағы Мәдениет үйінде “Елдің атын ер шығарады” деген тақырыпта белгілі мемлекет және қоғам қайраткері, Социалистік Еңбек Ері Есім Шайкинді еске алуға арналған конференция өтті. Жиын барысында Есім Шайқыұлының көзін көрген адамдар оның бастауымен жүзеге асқан игі істерді саралап, азаматтық һәм адами келбеті жайлы сөз сабақтады.
Жиынды кіріспе сөзбен ашқан аудан әкімі Ербол Сағдиев: “Көзі тірі болса нақ осы күндері Есім Шайқыұлы 90 жасқа толар еді. Алайда, ол біздің арамызда жоқ. Еліне еңбегі сіңген азаматты халқы ұмытпайды. Ол мазмұнды, тың ізденістерге толы ғұмыр кешті. Жүрегі әр кез халқым деп соққан, туған жерін шексіз сүйіп, оған беріле қызмет еткен Есекеңнің біздің ауданда да тындырған істері аз емес”, – деді.
Бұдан кейін сөз алған қоғам қайраткері А.Башмаков, еңбек ардагерлері Қ.Қалиев, В.Викторов, М.Еңсегенов, А. Жақыпов, ғалым С.Сеңкібаев, Жамбыл ауданы әкімінің орынбасары З.Мәкенов, облыстық “Солтүстік Қазақстан” газетінің бас редакторы Ж. Сүлейменов, тағы басқалары Есім Шайкиннің ұлықтауға лайық тұлға екенін айтып, осындай тағылымды шаралар еліне еңбегі сіңген азаматтарды еске түсіру, олардың өмір жолын зерттеу, зерделеу болашақ иесі – жастарымыздың бойына небір ізгі қасиеттерді сіңіруге жол ашып, ұрпақтар ісі арасындағы сабақтастықты қамтамасыз ететінін атап көрсетті.
Есім Шайкиннің өмір жолы халқымыздың тағдырымен сабақтас. Ол белі бекіп, бұғанасы қатпай жатып 17 жасында еңбекке араласты. Ал ел басына қауіп төнгенде, небәрі 18 жасында қолына қару алып, Отанын жаудан қорғауға аттанды. Жаспын деп жасыған жоқ, майдан даласының қиындықтарын қайыспай көтерді.
Майданнан аман-есен оралған Есекең бейбіт еңбекте де алғы шепте жүрді, өзіне жүктелген түрлі міндеттерді мүлтіксіз атқарып, шаруашылықты басқарудың үлкен мектебінен өтті. Қандай қызметтің тұтқасын ұстаса да жана білді, өзінің жансебілдігімен, тынымсыз ізденісімен, мұқалмас ерік-жігерімен баршаны жаңа биіктерге бастады.
Ол атақ-даңқы дүркіреп тұрған кездердің өзінде де ауылды, ауылда тұрып жатқан қарапайым халықты ұмытқан жоқ. Сол сезім оны зейнет жасына жеткеннен кейін туған ауылы – Үлгіге жетеледі. Бұл бір жуанның жіңішкеріп, жіңішкенің үзілудің аз-ақ алдында қалған, ауыл тіршілігінің берекесі кетіп тұрған нағыз қиын шақ болатын. Бірақ Есекең туған топырағын жүдетпеді, аз ғана уақыттың ішінде жиырмадан астам тұрғын үй салдырды, жаңа өндіріс орындарын ашты, жастарды аянбай еңбек етуге баулыды.
Осылай бұл күні жиналғандар Есім Шайкин сияқты айтулы тұлғаның ұлағатынан сусындап, көптеген жайларға қанықты.
Амангелді БЕКМҰРАТОВ,
“Солтүстік Қазақстан”.
Суреттерді түсірген автор.
Шал ақын ауданы.