
Мен қазіргі Аққайың, бұрынғы Совет ауданындағы Маңғұл ауылында дүниеге келдім. Балалық шағым да осында өтті. Десем де, балалық шақтан ерте есейгендеймін. Өйткені, Ұлы Отан соғысы басталғанда енді ғана мектеп жасына жеткен кезім болатын. Сондықтан балалық шақтың бал дәурен қызығын көрген жоқпын. Құмарымыз қанғанша ойын қуатын кез де болған жоқ. Тұтқиылдан басталған соғыс, ел басына төнген қауіп-қатер, барша халық сияқты, біздің ауыл жұртын да есеңгіретіп, берекесін қашырды. Ауыл баласынан еңкейген кәрісіне дейін қайғылы күймен қара уайымға түсті. Әйтсе де, ашаршылық, қуғын-сүргін сияқты өмірдің небір қиын кезеңдерін бастан кешірген жұртымыз: “Басқа түскен іске бекем болайық, арты жеңіспен, жақсылықпен аяқталар”, – деген сенімде болды.
Бала болсам да соғыс басталған кездегі қиын-қыстау оқиғалар есімде қалыпты. Соғыс басталды деген суық хабар елге жетіп, төбемізге қорғасын құйылғандай күйзелген сәтте ер-азаматтарымыздың бойында жігері қайнап, намыс оты жанды. Біздің кішкентай ғана Маңғұл ауылынан қырық жеті ер-азамат алғашқы лекпен Отан қорғауға аттанды. Арасында қоярда-қоймай майданға өз еріктерімен сұранғандар да болды. Олар әр жерде әскери жаттығулардан өтіп, арнайы әскери мамандықтарды игеріп, соғыс әдістерін үйреніп, майдан шебіне жөнелтіліп жатты. Мұның бәрін сол кездері майдан шебінен келіп жатқан үш бұрышты хаттардан біліп отырдық. Хат келгенде ер-азаматтарымыздың амандығын естіп, ауыл жұртының қуаныштан төбесі көкке жеткендей болатын. Сол күні кешкілік бәрі жиналып, хат келген үйде серне жасаушы еді. Ал сол хаттардың арасында кейде “қара қағаз” келсе, жұрт тегіс қазалы үйге жиналып, у-шу, азан-қазан болып, көздерін жас жуып, қайғыға бататын. Мұндай тосын оқиғаға аң-таң болсақ та, көз көрген ағалардың қазасына біз де қайғырушы едік. Соғыстың зардабынан түтін түтетіп отырған бос үйдің оты сөніп, шаңырағы жабылып қалды. Ауылда үш үйдің ержеткен бес азаматы, екі үйдің төрт азаматы Отан қорғауға аттанып, туған жерге қайтып оралмады. Олардың бәрі майдан даласында Отан үшін жаумен айқасып, ерлікпен қаза тапты.
Сұм соғыс кімнің жүрегін жараламады, қай шаңырақтың басына қайғы бұлтын үйірмеді. Екінің бірі әкесіз жетім қалды. Екі шаңырақтың бірі түтетіп отырған отын өшірді. Қаншама әйел жесір қалды. Біздің отбасын да қайғы бұлты айналып өткен жоқ. Отбасының екі азаматы – әкемнің ағасы Сейіт Әбдірахманов пен әкем Әйтім Әбдірахманов ауылдастарымен бірге ел басына күн туған сәтте Отан қорғауға аттанды. Әкемнің үлкен ағасы Сейіт соғыс басталғанда отыздан асқан ересек жігіт болатын. Совет аудандық әскери комиссариатына өзі барып әскерге алуды сұраған көрінеді. Сөйтіп, алғашқы лекпен соғысқа аттанады. Қатардағы жауынгер болып майданға кірген ол 1942 жылдың желтоқсан айынан бастап хабарсыз кетеді. Бұл кез соғыстың нағыз қызған тұсы. Небір қиян-кескі ұрыста талай жауынгерлеріміз майдан даласында қаза тапты ғой. Ағамыз да солардың бірі болар. Әкем Әйтім аудандағы Григорьевка ауылында 1916 жылы дүниеге келген. Ол кісі де осы аудандық әскери комиссариат арқылы 1941 жылы әскерге алынып, Отан қорғауға аттанады. Алғашқы кезде арнайы жауынгерлік дайындықтан өтіп, соғыс өнерін игерген соң 151-ші атқыштар бригадасының 25781-ші әскери бөлімшесі құрамында минометші ретінде соғысқа кіреді. Минометшілердің майдан даласында маңызды рөл атқаратындарын соғыс тарихынан білеміз ғой. Олар сұрапыл шайқаста алдыңғы шепте болып, жаудың шоғырланған күшіне соққы беріп, арттағы жауынгерлеріміздің алға жылжуына жол ашып отырады. Әкемнің де сондай сұрапыл ұрыстарға талай қатысып, жау құтын қашырып өз жауынгерлерінің ілгері жылжуына мүмкіндік туғызғаны даусыз. Өйткені, әкем анда-санда жазған хаттарында амандығын білдіргенімен, майдан даласындағы көрсеткен ерліктерін айта қойған жоқ. Кейін соғыс жылдарында ерлік қимылдарымен даңққа бөленген 314-ші атқыштар дивизиясының құрамында болып жаумен шайқасқан. Әкемнің осы дивизия жауынгерлерімен түскен суреті сөзіме дәлел болмақ. Үш жылға жуық майдан шебінде жүрген әкем 1944 жылдың 2-ші ақпанында қаза тапқан. Денесі сол ұрыста мерт болған басқа жауынгерлермен бірге Пашкан ауданындағы Столничель деревнясында жерленген.
Әкеміз соғысқа кеткенде анамыз Қадиша Қасенқызы төрт баламен – Ермек, Рая, Сапихан және менімен ата-әжеміз Әбдірахман Құнғожаұлы мен Шарипа Сегізбайқызының жанында қалды. Бәріміз ата-әжемізбен тұрып, соғыс салған ауыртпалықты бірге көтеріп, тіршілік кештік. Ауылдағы ер-азаматтардың бәрі соғысқа аттанғаннан кейін колхоздың бар ауыртпалығы, жұмыстың бар қиыншылығы шал-кемпірлер мен әйелдердің иығына түсті. Таяқ басын көтере алатын балалар ересектермен қатар колхоз жұмысына жұмылдырылды. Мен де тоғыз жасымнан бастап анаммен бірге колхоздың қара жұмысына араластым.
Колхозымыз соғыс жылдары азын-аулақ қара мал, қой, ешкі күтіп, егін салумен айналысатын. Одан алынған өнім Отанға, майданға жөнелтілетін. Техника болмағандықтан, барлық жұмыс өзіміздің қара күшпен атқарылатын. Жер жырту науқаны басталған кезде жалғыз тілді соқаға өгіз және сиыр жегілетін. Таңсәріден қас қарайғанға дейін соқа сүйреген өгіз де, сиыр да тілдері салақтап әбден қалжырайтын. Мұндайда сәл-пәл дем алдырып, қайта жүргізетінбіз. Әйтпесе қажыған мал төрт тағандап жатып алатын. Соқаның құлағын ересектер – шалдар ұстаса, өгіздің мүйіз жібіне біздер, балалар, ие болатынбыз.
Жер жырту жұмысы біте бергенде тұқым себу науқаны басталады. Қазір қарап отырсам, бәрі қызық, бәрі тарих. Үлкендер мойындарына дән салынған дорбаны іліп алып, қолдарымен айнала шашып, тұқым себетін. Ал бала біткен олардың соңынан жүріп, сыбыртқымен тұқымды жасыратынбыз. Кей жерлерде дән ашық қалып жататын. Соның өзінде егін жақсы шығушы еді.
Егін егу науқаны біте бере шөп шабу науқаны басталатыны әлі есімде. Сол кезде балаларды екіге бөліп, бір тобын егіннің арамшөбін жұлуға жұмсайтын да, екінші тобын пішен жинауға апаратын. Шөп дайындау кейде күзге дейін ұласатын. Бұл кезде егін жинау, пішенді тасып, үю жұмыстары қабаттасып кететін де, колхозшыларда тыным болмайтын. Біз, балалар, пішен тез кепсін деп, шөпті қайта-қайта аударумен болатынбыз. Бұдан қол босай бергенде ауыл мектебіне отын дайындау жұмысы күтіп тұратын. Одан қала берді мал қораларының қиын тазалап, мал қыстатуға дайындық жасайтынбыз. Сонда осындай қат-қабат науқандық жұмыстардың бел ортасында негізінен әйелдер мен балалар жүруші еді.
Колхозды сол бір қиын-қыстау кезде Мақан Сандыбаев ағай басқарды. Бұл кісі ақылды, кішіпейіл, бірақ орны келген жерде қатал әрі талапшыл бола білді. “Ағаларың, әкелерің майдан даласында оқ пен оттың ортасында, мұз жастанып, етігімен су кешіп, жаумен айқасып жүргенде, мұнда біз де қарап қалмай, қажымай-талмай еңбек етуіміз керек. Бұл біздің Жеңіске қосқан үлесіміз, бауырларымыздың жауды жеңіп, елге аман оралуына жасаған көмегіміз болуы керек”, – дейтін. Басқарма ағаның осы сөзі кімді болсын жігерлендіре түсетін. Ауылдық кеңестің төрайымы Жанбала Ағыбаева мен кеңестің хатшысы Шаяхмет Мырзақанов колхоздағы қайнаған еңбектің бел ортасында жүріп, бас-көз болды.
Жоғарыда ауылдан қырық жеті ер-азаматтың майданға аттанғанын айттым ғой. Солардан үш-ақ адам тірі оралды. Олар: Қайнолла Ыбыраев, Есдәулет Дүйсенбаев, Ысқақ Алдабергенов мүгедек болып оралса да, колхоз жұмысына бірден араласып, тұрмыс-тіршілігіміздің жақсарып кетуіне ересен үлестерін қосты. Бүгін ойлап отырсам, балалық бақытты шақтың, бүгінгідей нұрлы өмірдің құлпыра түсуіне үлестерін қосқан әке-ағаларымыздан, аталарымыздан бастап, тыл еңбегіне қатысқан біздердің де еңбегіміз ерлікпен парапар дер едім.
Мен тылда еңбек ете жүріп мектептерде білім алдым. Он жылдықты медальмен тамамдадым. Одан кейін Алматының ауыл шаруашылығы институтына оқуға түсіп, агрономдық мамандық алып шықтым. 1963 жылдың мамырында Совет аудандық байланыс кеңсесінде кіші есепші қызметіне орналастым да, кейінгі жылдарда аудандық, облыстық байланыс тораптарында басшылық қызметтер атқардым. Барлық елді мекендерді байланыс жүйесімен, радио хабарымен, хат-хабармен, газет-журналдармен қамтамасыз ету жолында үлкен жетістікке қол жеткізілді. Өзім қызмет істеген жылдары пошта жұмысын жандандыруға бар күш-жігерімді, білімім мен тәжірибемді жұмсай отырып, оның техникалық жарақтануына үлесімді қостым. Сондықтан да болар, республикалық, облыстық ұйымдар маған әрдайым ілтипатпен қарап, құрмет көрсетіп отырады. Адал да тынымсыз еңбегімнің арқасында жоғары органдардың бірнеше рет марапаттауларына ие болдым.
Кейінгі ұрпақ Жеңіс үшін жанын құрбан еткен ардагерлерді, тылда аянбай еңбек еткен аға-апаларын әрқашан естеріне алып, оларға ерекше құрмет сезімін көрсетіп отырсын деймін.
Тілек ӘБДІРАХМАНОВ,
тыл еңбеккері.
Петропавл қаласы.