«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЕСІЛДЕГІ ЕҢСЕЛІ ІСТЕР

Жыл соңына дейін Есіл ауданында оңтүстіктен көшіп келген ағайынға арнап салынған 60 баспана толық пайдалануға беріледі. Бүгінде олардың тең жартысына қандастарымыз қоныстанып үлгерді. Аталмыш ауданға жұмыс сапарымен барған облыс әкімі Құмар Ақсақалов құтты қоныс иелерімен кездесіп, жаңадан ашылған “Ашық әкімдік” фронт-кеңсенің жұмысымен танысты.

Биыл Явленка ауылына Алматы және Түркістан облыстарының, Шымкент қаласының азаматтары қоныс аударды. Аудан әкімі Алтынбек Абдоллаевтың айтуынша, көшіп келушілерге арнап 60 үй тұрғызу жоспарланған. Жаңа баспаналарға жұмыс күші көп өңірлерден келген отбасылар қоныстануда. Сегіз үй Явленка ауылында пайдалануға берілді. Жуырда тағы үш баспананың іргетасы қаланды. Нәтижесінде аудан орталығында жаңа шағынаудан пайда болды. Бір жылдың ішінде көше бойында 10 баспана бой көтерді. Барлық үйлер әкімдік бекіткен талапқа сәйкес тұрғызылған, іші жылы әрі кең. Сондай-ақ, қажетті коммуникациялық желілер тартылған. Оған қоса екі көпқабатты үй салу жоспарда бар. Балалар ойнайтын және спорт алаңы да тұрғызылады. Алдағы жылы тағы 25 үй салу жоспарда бар екен.
Құмар Ақсақаловтың айтуынша, 2017 жылы өңірімізге өзге облыстардан 855 адам көшіп келсе, былтыр бұл көрсеткіш 2333-ке жеткен. Оң тенденция биыл да сақталып, жаңа жылға дейін қоныс аударушылардың саны 2,5 мыңды құрайды деп күтілуде.
– Облыс орталығында ғана емес, сонымен қатар ауылдарда да тұрғын үй құрылысын жандандыруға басымдық берудеміз. Нәтижесінде соңғы үш жылда ауылдық жерлерде құрылыс көлемі екі есеге өсіп, 52 мыңнан 108 мың шаршы метрге дейін жетті. Жалпы, биыл облыста 300 мың шаршы метр баспана қолданысқа беріледі. Нәтижесінде 11 мыңнан астам солтүстікқазақстандық қоныстойын тойлайды. Көптеген жерлесімізге қуаныш сыйлаған бұл бағдарлама 2021 жылы да өз жалғасын табады, – деді Құмар Іргебайұлы.
Мемлекеттік қолдаудың арқасында баспаналы болғандардың бірі – Төлтаевтар әулеті. Шымкент қаласынан қоныс аударған отбасыға үш бөлмелі үй беріліп, балалары мектепке орналастырылды. Отағасы Әділхан Төлтаев баспанасында болып, отбасының жағдайын сұраған өңір басшысына алдағы жоспарлары туралы айтып берді. Явленка ауылының жаңа тұрғыны алдағы уақытта жеке кәсібін ашып, жылыжайда көкөніс өсіруді қолға алмақ. Кейін бірнеше ауылдасын жұмысқа алып, жергілікті дүкендерді сапалы өніммен қамтуды көздеуде.
Бұл күні Явленка ауылында 27 пәтерлі тұрғын үй пайдалануға берілді. Қизатов көшесіндегі салтанатты шараға қатысқан Құмар Ақсақалов қоныстой иелерін құттықтап, өңірде атқарылған жұмыстардың барысымен таныстырды.
– Үстіміздегі жылы өңірімізде экономиканың негізгі салаларында оң өсім байқалады. Құрылыстың көрсеткіштері жақсы. Биыл аталмыш салаға бюджеттен 18 млрд. теңге бөлінді. Бұл өткен жылғы көрсеткіштен 1,5 есеге артық. Жыл соңына дейін үш мың пәтер қолданысқа беріледі. Оның 625-і – әлеуметтік жағынан аз қам­тылған отбасыларға, ал 125-і көпбалалы аналарға берілетін болады. Жаңа қоныстарыңызда қызық-қуаныш мол болсын! – деген облыс әкімі тұрғындарға пәтер кілттерін тапсырды.
Жаңа үйдің құрылысына республикалық және облыстық бюджеттен 237 млн. теңге бөлінген. Мердігер компания “Основание” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі екенін де айта кеткен жөн. Баспаналар, негізінен, аудандық әкімдікте пәтер кезегінде тұрған әлеуметтік аз қамтылған отбасыларға жалға беріледі. Бір бөлмелі пәтерлердің бірінде 2-ші топтағы мүгедек Ерболат Оразалин тұратын болды. Бұған дейін ауыл тұрғыны 12 жыл пәтер кезегінде тұрыпты. Енді көпжылғы арманы орындалып, өз баспанасына қол жеткізіп отыр.
Облыс әкімі сапар барысында жуырда ашылған “Ашық әкімдік” фронт-кеңсесінің жұмысымен танысты. Сервистік әкімдікте жұмыс істейтін 6 бөлімнің мамандары тұрғындарға 64 мемлекеттік қызметті бір жерден алуға көмектесуде. Облыс аумағында ашылған соңғы кеңседе тұрғындарға қызмет түрлері жылдам әрі сапалы көрсетіледі. Мұндай формат – қағазбастылықтан арылуға жасалған қадам. Рұқсаттама құжаттардың 90 пайызы электронды форматқа көшірілді. Сондай-ақ, сыбайлас жемқорлық фактілері азая түспек. Ендігі кезекте есілдіктерге аудан орталығы мен Петропавл қаласына бару қажет емес.
Құмар Ақсақалов карантиндік талаптардың күшейтілуіне байланысты аудан басшылығы қоғамдық қабылдауларды онлайн форматқа ауыстырулары қажет екендігін ескертті. Аудан әкімдері “Zoom” платформасы арқылы аптасына үш рет тұрғындардың өтініштерін онлайн форматта тыңдап, сауалдарына жауап бермек.

Аманжол НҰРТАЗИН. 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp