Қызылжар ауданының құрметті азаматы, І ұлттық әйелдер идеяларының тауарлары жәрмеңкесінің делегаты, “Қанатты әйел” медалінің иегері, Бескөл ауылындағы “Мақсат” қазақ мәдени орталығының жетекшісі, оймақтының шебері Сақып Құсайынова 80 жасында өмірден өтті.
5-сыныптан бастап қолына ине-жіп ұстап, ісмерлікке ден қойған аяулы апамыз – өмірінің соңына дейін қолөнермен айналысып, ұлттық өнерімізді ұлықтап келген адамдардың бірегейі. Он саусағынан өнер тамған ісмер жанның қолынан шыққан әр туындысы ерекше. Қашанда қоғамдық-саяси жұмыстарға белсене араласып, отбасылық құндылықтарды насихаттап, жастар тәрбиесіне аса мән берген ұлағатты жанның өнерімен елге сіңірген еңбегі өлшеусіз.
45 жасында жұбайынан айрылып, 3 баламен жесір қалған ол қиын кездерде де қазақ әйелдеріне тән қайсарлық танытып, тағдырына мойынсұнбай, бойына ана сүтімен дарыған өнерімен өрге басып, қиындықта құрыштай шыныға білді.
Сақып Рақымжанқызы өзінің еңбекқорлығымен, батылдығымен, өнерімен жастарға үлгі-өнеге болары айдан анық. Ол ата-бабамыздан қалған дәстүрімізді тұрмысқа енгізуге атсалысқан қайталанбас өнер иесі еді.
Өз мамандығының жілігін шағып, майын ішкен қас шебер келместің кемесіне мініп, соңғы сапарға аттанды. Өмірден өзі өтсе де, оның өнері ешқашан ұмытылмайды. Көненің көзін алтынның сынығындай сақтап, тамырын тереңге созған қазағымның салт-дәстүрінің жібін үзбей, бүгінге жеткізген ұлт жанашыры Сақып апаның ақ кимешек киген жарқын бейнесі жүрегімізде ұзақ сақталады.
Алма ҚУАНДЫҚҚЫЗЫ,
“Солтүстік Қазақстан”.