Бүгінде елімізде есірткіге тәуелді азаматтардың саны 32 мыңға жуықтаса, бұл көрсеткіш өңірімізде 773-ке жеткен. Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігінің ұйымдастыруымен еліміздің барлық өңірінде “Өз өміріңді өзің көркемде” атты акция өтіп, оның аясында облыс орталығындағы Жастар сарайында шара ұйымдастырылды. Нашақорлықтың алдын алуды және оған жол бермеуді көздеген шара барысында сөз алған облыстық ішкі істер департаменті бастығының бірінші орынбасары, полиция полковнигі Думан Таев өңірімізде оған тәуелді адамдардың көбеюі есірткі саудасының өсуімен тікелей байланысты екендігін айтты. Соған сәйкес құқық бұзушылық та жиі орын алуда.
Қызметтік-іздестіру иттерінің көмегімен өңірімізде үстіміздегі жылы 46 килограмнан астам есірткі заттары табылып, 346 қылмыстың беті ашылыпты.
Акцияға қатысқандардың қатарында есімдері елімізге танымал спорт шеберлері де болды. Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген спорт шебері, жерлесіміз Виталий Диденко мен конькиші Елена Урванцева өздерінің жеткен жетістіктерін темекі, есірткі сынды зиянды заттардан аулақ жүргендігімен байланыстырып, жастарға саламатты өмір салтын ұстанудың үнемі жақсылыққа, жеңіске жетелейтінін мысалдармен түсіндірді.
Нұргүл ОҚАШЕВА,
“Солтүстік Қазақстан”.