«WhatsApp» мессенджері мен әлеуметтік желілерде қылмыстық әрекеттің жаңа түрі жайлы ақпарат таралуда. Хабарламада белгісіз біреулердің есірткі химикаттарына малынған бетперделер таратып жүргендері жайлы айтылған. Бұл ескерту хаты авторының айтуынша, пәтерге кіру үшін адамдарды ес-түссіз күйге келтіруге мүмкіндік береді.
Облыстық полиция департаменті есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы бұл ақпараттың жалған екендігін мәлімдеді. Мұндай бетперделердің таралу фактілері және ақпаратта сипатталған басқа жағдайлар тіркелген жоқ. «Жалған ақпарат таратқаны үшін еліміздің қолданыстағы заңнамаларында қылмыстық жауапкершілік қарастырылғанын еске саламыз. Айта кету керек, қазір адамдар көбінесе жалған ақпаратты шынайы жаңалықтардан ажырата біледі. Бірақ соған қарамастан, мұндай жалған ақпарат халық арасында дүрбелең туғызуы мүмкін», – деді облыстық полиция департаменті бастығының орынбасары полиция полковнигі Руслан Назаров.