Елбасының Жарлығымен 1997 жылдан бері 15 қараша төл валютамыздың туған күні әрі қаржыгерлердің кәсіби мерекесі болып белгіленген. Жыл сайын аталып өтілетін бұл мереке үстіміздегі жылы Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев бейнеленген жаңа 10 000 теңгелік банкноттың таныстырылуымен ерекшеленді.
Өңіріміздің қаржы саласы мамандарын төл мерекелерімен құттықтаған облыс әкімінің орынбасары Ратмир Ахметов жаңа банкноттың айналымға шығуы ел үшін маңызды оқиға екенін атап өтті.
– Біздің экономикамыз уақыт өткен сайын дамуда. Мәселен, биылғы қаңтар мен қазан айлары аралығында өңірдің экономикалық индикаторы 100,2 пайызды құрап отыр. Бұл ретте өңір кәсіпкерлеріне қолдау көрсетіп отырған банктердің рөлі зор, – деген ол қаржы саласының үздіктерін облыс әкімінің Құрмет грамотасымен және Алғыс хатымен марапаттады.
(Өз тілшіміз).