Еңбек адамының құқықтары мен мүдделерін қорғау – кәсіподақ қызметінің басты басымдығы. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған Жолдауында жаңа жағдайдағы экономикалық даму республика тұрғындарының әл-ауқатын арттыруға бағытталуы керек екенін атап көрсетіп, жеті қағидатты бөле-жара көрсетті. Оның бірі – өнімділікті көбейту, экономиканың ауқымдылығы және технологиялық сипатын арттыру. “Өнеркәсіпке қолдау көрсетудің нақты шараларын да жетілдіру керек. Бізде жүйелі әрі біртұтас ұстаным жоқ. Соның салдарынан сансыз көп жобаға қаражатты ысырап етіп отырамыз”, – деді Мемлекет басшысы. Бұл орайда екіжақты ұжымдық шарт шеңберінде әлеуметтік әріптестікті нығайтудың, заң нормалары негізінде қалыпты еңбек ахуалын тудырудың маңызы зор. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі, “Машина жасаушылардың салалық кәсіптік одағы” қоғамдық бірлестігі және “Қазақстан инжиниринг ұлттық компаниясы” АҚ арасында салалық келісім ережелері түзіліп, өнеркәсіптік әлеуетті толық пайдаланудың, өндіріс орындарының стратегиялық қуатын ішкі-сыртқы нарыққа бейімдеудің, сапалы өнімдер өндіруде халықаралық стандарттарға жетудің жолдары белгіленген. Ұжымның еңбек ахуалын жақсартатын бірқатар нормалар енгізілді. Бұл, ең алдымен, барлық қызметкерлер үшін жалақыға 1,15 мөлшерінде коэффициент қосу, зиянды, ауыр және қауіпті еңбек учаскелерінде жалақы мөлшерлемелеріне салалық коэффициентті қолдану, бір жылдағы жұмыс нәтижелері бойынша сыйақы төлеу, тағы басқа жеңілдіктер қарастырылған.
Петропавл ауыр машина жасау зауытында мамандарды даярлау мен кәсіби біліктілігін көтеру кешенді түрде жүргізіледі. Кәсіпорын басшылығы бизнесті қолдау мен дамытудың мемлекеттік жобаларының белсенді қолдаушысы саналады. “Нәтижелі жұмыспен қамтудың және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы аясында жұмыс беруші оқу орталығы базасында желілік жетекшілерді (инженер-технологтар мен олардың көмекшілері) қайта даярлау және біліктілігін арттыру курстарын ұйымдастыруды дәстүрге айналдырған. Құрылымдық бөлімшелердің басшылары мен жауапты қызметкерлер үшін еңбек заңнамасының негіздері бойынша өткен курстардың біріне облыстық кәсіподақ орталығының мамандары Л.Голенкова мен Ж. Туралинов қатысып, өз тәжірибелерімен бөлісті. Оқу курстары жасалған шартқа және бекітілген оқу бағдарламасына сәйкес жүргізіледі. Дәріс сағаттары, ситуациялық тапсырмаларды орындау, практикалық тестілеу сияқты формалар кеңінен қолданылады. Пандемия жағдайында оқу процесі барлық санитарлық-гигиеналық нормаларды, әлеуметтік қашықтықты сақтау және тыңдаушыларды кіші топтарға бөлу арқылы жүргізілді. Курста инженерлер, қызмет, цех жетекшілері, топ, бюро техниктері, учаске шеберлері – барлығы 93 адам біліктіліктерін жетілдіріп шықты. Осылайша, жергілікті кәсіподақ ұйымдары еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтар бойынша білікті кадрларды даярлауға, еңбек ресурстарын толықтыруға және еңбек ұжымдарында еңбек қатынастарының тұрақтылығын қамтамасыз етуге нақты жәрдемдеседі.
Владимир Зарубин жетекшілік ететін бастауыш кәсіподақ ұйымының бай тарихы бар. Кәсіподақ өндірістік процестермен тығыз байланыста жұмыс істейді. Алда тұрған жалпы міндеттерді шешу үшін еңбек ұжымы мен кәсіпорын басшылығын үйлестіруді алғы шарт санайды. Кәсіподақ комитетінің бастамашылдығымен дәнекерлеуші, темір жонушы, слесарь сияқты жұмысшы мамандықтары арасында кәсіби шеберлік байқаулары өткізіледі. Олардың оң нәтижелері разрядтардың жоғарылауына, жалақының өсуіне айтарлықтай әсер етеді. Қауіпсіз еңбек ортасын қамтамасыз етуде кәсіподақтың техникалық инспекторлары үлкен белсенділік танытып келеді. Ең бастысы, өндірістік жарақаттануды болдырмау өте маңызды. Кәсіподақ мүшелерінің отбасыларын қолдау жайы да ұмытылмайды. “Мектепке жол”, “Қарттар күні” акциялары, спартакиадалар, басқа да спорттық, мәдени іс-шаралар бұқаралық сипатқа ие.
Киров зауыты биыл ноутбуктер мен планшеттерді құрастыруды игерді. Ұжымдық шарт қайта жасалды. Өндірістік тәжірибесі мол Ирина Мальцева басшылық ететін кәсіподақ ұйымы қызметкерлердің кадрлық әлеуетін жақсартуға әр кез назар аударады. Жұмыс беруші персоналды оқыту жүйесі кәсіподақ қаражаты есебінен өтеледі. Жоғары оқу орындарын үздік бітірген жас мамандардың лауазымдық жалақысына 5 пайызға, шетелдік мамандарға 10 пайызға дейін үстеме қосу қарастырылған. Еңбекті қорғау жөніндегі техникалық инспекторлардың қызметін ынталандыру үшін еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау нормаларын бұзудың әрбір анықталған жағдайы үшін 1 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде көтермелеу төлемдері белгіленген. 5 жылдан 30 жылға дейін үзіліссіз жұмыс өтілі барлар зейнетке шыққанда 20 мыңнан 70 мың теңгеге дейін біржолғы сыйақы төленеді.
Кәсіподақ ұйымдары жұмысшы қызметкерлердің әлеуметтік мүдделерін қорғауды қашанда басты парыз санайды. Олардың жүйелі жұмыстарының арқасында еңбек адамының әл-ауқатын арттыруға бағытталған әлеуметтік әріптестік шарттары жүзеге асырылып келеді. Республика кәсіподақтар федерациясы 2021 жылды “бастауыш кәсіподақ ұйымы жылы” деп жариялады. Бұл шара кәсіподақ қозғалысының дамуына, әлеуметтік серіктестіктің кеңеюіне, еңбек заңнамасы талаптарының сақталуына, еңбек дауларының алдын алуға және еңбек ұжымдарының тұрақтылығын қамтамасыз етуге игі ықпал тигізері сөзсіз.
Самат ЖҰМАТАЙҰЛЫ,
облыстық кәсіподақтар орталығы “Келешек” жастар кеңесінің жетекшісі.