«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Еңбек етуге мүмкіндік мол

Үстіміздегі жылы азаматтарға әлеуметтік қолдау көрсету аясын кеңейту мақсатында “Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020” бағдарламасы бойынша қомақты қаржы бөлінді. Бағдарламаның негізгі мақсаты – халықтың жұмыспен қамтылу деңгейін арттыру, тұрғындардың әл-ауқатын жақсартуға жәрдемдесу, жұмыссыздықты қысқарту болып табылады. Бұл бағытта атқарылып жатқан жұмыстар арқылы жұмыссыз және халықтың нысаналы топтарына кіретін адамдарды еңбекпен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына тарту, индустрияландыру бағдарламасын іске асыру үшін кадрлық әлеуетті дамыту және атаулы әлеуметтік көмек көрсету жүйесін жетілдіру сияқты өзекті мәселелер өз шешімін табады.

Заман талабына сай істелген бағдарлама білімдерін жетілдіруге ниеті бар адамдарды жұмысқа орналастыруға немесе тұрғылықты жері бойынша жеке ісін ашуға жәрдемдесуге бағытталған.

Үстіміздегі жылы “Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020” бағдарламасы бойынша жоспардағы шараларды іске асыруға республикалық бюджеттен бөлінген қаражат көлемі 6,4 млрд. теңгені құрады. Ол өткен жылға қарағанда 2,5 есеге артық.

Бағдарлама аясында шамамен алғанда 5,8 мың адам қамтылды. Бағдарламаның бірінші бағыты аясында 75 инфрақұрылымдық нысанды жөндеуге бөлінген қаражат 600-ден астам адамды жұмыспен қамтамасыз етуге мүмкіндік берді.

Биылғы жылы алғаш рет елді мекендерді абаттандыруға қаржы бөлінді. Жолдарды жөндеу, спорт құрылғыларын, тұрмыстық қоқыс полигонын салу, көшені жарықтандыру көзделген. Қазіргі кезде осы бағыттағы 512 жобаның 387-сінде жұмыс аяқталды.

Облыста екінші бағыт аясында шағын бизнесті лайықты дамыту үшін жыл басынан бері 826 млн. теңге сомасында 341 несие берілді. Оның ішінде 198 қатысушы жеке ісін ашып, экономикамыздың дамуына өз үлесін қосуда. Басым көпшілігі мал шаруашылығын және халыққа қызмет көрсету саласын дамытуға берілуде. Өңірде осы бағытты дамытудың арқасында қосымша 400 жұмыс орны ашылды. Бағдарламаның тағы бір жаңашылдығы – Петропавл қаласының тұрғындарына микрокредит беру болып табылады.

Биылғы жылы қалалықтар жалпы алғанда 102 млн.теңге сомасында 30 несие алды.

Алғаш рет бағдарламаның үшінші бағыты бойынша облыстың Айыртау, Аққайың, Жамбыл, Қызылжар және Мағжан Жұмабаев аудандарында жастар жатақханасы, 5 жеке тұрғын үй салынуда. Алдағы уақытта 140 жас отбасын тұрғын үймен қамтамасыз ету жоспарға енгізілген. Бұл баспаналарға жасы 29-ға дейінгі, қолданыстағы еңбек шарты немесе әлеуметтік келісімшарты бар және тұрғын үй жинақ банкі жүйесінде салымшы болып табылатын жастар үміткер бола алады.

Бүгінгі таңда бағдарлама аясында 94 адам кәсіби оқуды аяқтап, білімдерін толықтырды. Биылғы қыркүйек айында 18-24 жас аралығындағы жұмыс істейтін қыздар мен жігіттер арасынан 35 адам үш мамандық бойынша оқуға кірісті. Бұған дейін бағдарламада ол қарастырылмаған болатын. Түлектерді жұмысқа орналастыру тәжірибесі де лайықты түрде жалғастырылуда. Олардың саны бүгінгі таңда 496 адамды құрап отыр. Алдағы жылы осы бағдарламаны қолдану жалғасын табады. Оның негізгі бағыттарын іске асыру өңірдің еңбек нарығын тұрақтандыруға мол мүмкіндік берері анық. Бағдарламаға қатысуға ниет білдіргендер тұрғылықты жері бойынша халықты жұмыспен қамту орталықтарына жүгіне алады. Бұл – еңбек етіп, заман талабына сай болуға ынта-жігері бар жастар үшін жақсы мүмкіндік.

Гүлнәр ШАЙМЕРДЕНОВА,

облыстық жұмыспен қамтуды

үйлестіру және әлеуметтік

бағдарламалар басқармасының

бөлім басшысы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp