«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЕҢБЕК ЖОЛЫ — ӨНЕГЕ

М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінде Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, профессор Зар­қын Тайшыбайдың шығармашылық қызметіне 60 жыл толуына орай конференция өтті. Жиынға қадірлі азаматтың за­мандастары, қаламгерлер, жоғары оқу орнының оқытушылары мен журналистер қатысты. Пайым-парасаты биік ұс­таз еңбегін өскелең ұрпаққа өнеге ету мақсатында ұйымдастырылған шараны еліміздің түкпір-түкпіріндегі зиялы қа­уым өкілдері онлайн режімде тамашалап, олар шараның басты кейіпкеріне ақ тілектерін арнау мүмкіндігіне ие болды.

М.Қозыбаев атындағы СҚУ-дің ғылым жә­не инновациялар жөніндегі проректоры Ақ­марал Ыбыраева салтанатты шараны аша отыра, Зарқын Тайшыбайдың өңірі­міз­де журналистика мектебінің негізін қалап, өз алдына отандық тілшілер мектебін қа­лыптастырудағы және ғылым саласына қос­қан зор үлесін тілге тиек етті. Біздің өңі­рімізге келгенге дейін қаламгер 1992 жылы Евней Букетов атындағы Қарағанды мем­лекеттік университетінде “Журналис­ти­ка” кафедрасына жетекшілік еткен. Кейін 2002 жылы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік уни­верситетіне арнайы шақырылып, тұң­ғыш рет тілшілерді даярлайтын бөлім ашты. Зей­неткерлікке шықса да, жастарға сабақ бе­руден қол үзбеген Зарқын Тайшыбай 20 жылға жуық уақыт ішінде 180-ге тарта ба­калавр мен 17 магистр тәрбиелеп шы­ғар­ды. Оның ғылым саласында да атқарған ең­бегі ұшан-теңіз. Қазақ тарихын зерттеу жо­лын­да 10 монография, 12 оқу құралы мен оқу­лық, 250-ге тарта мақала жазды. “Этно­мә­де­ни зерттеулер” ғылыми орталығын ашып, ұлт мақтанышы Абылай хан, Абай Құ­нанбаев пен Мағжан Жұмабаевтың өмірі мен шығармашылығына арналған құнды еңбектер басып шығарды. Ғалым Алашта­ну ісінде, өңіріміздің тарихын қағаз бетіне түсіруде де көп еңбектенді. Бірнеше дана­мен тараған кітаптарында ономастика мә­се­лелері, Есіл бойындағы қазақтардың та­ри­хы және атақты жерлестеріміздің ғылы­ми еңбегі туралы сөз қозғап, өңіріміздің өткеніне қатысты қызықты деректерден тұратын туындыларды дүниеге әкелді. Сондай-ақ, жерлесіміз – 2018 жылы жарық көрген 5-7-сы­нып оқушыларына арналған “Өлкетану” оқулығының авторы.

Зарқын Сыздықұлының осы және өзге де қырлары сөз етілген шара барысында облыс әкімінің орынбасары Ғани Нығыме­тов өңір басшысы Құмар Ақсақаловтың қуаныш иесіне арнаған құттықтау сөзін оқып берді. Бұдан кейін М.Қозыбаев атын­дағы СҚУ ректорының міндетін атқарушы Нұрлан Бәйімбетов, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ескендір Елеусізов, филология ғылымдарының докторы Ба­уыр­жан Жақып, әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің деканы Сағатбек Медеубекұлы және тағы бірқатар қонақтар жүрекжарды лебіздерін арнап, иығына ша­пан жапты. Өзге қатысушылар да оның тә­уелсіздіктің алғашқы жылдарында журна­лист болып жемісті қызмет істегенін, қазақ руханиятының алға басуына сүбелі үлес қосып келе жатқанын еске салды. Бірге қызметтес болған замандас әріп­тестері мен шәкірттері қызықты есте­лік­тер айтып, Зарқын Тайшыбайдың абзал қасиеттері мен үлгі боларлық өнегелі өмі­рінен сыр шертті.

Жиын барысында Зарқын Сыздықұлы Қазақстан жоғары мектебі Ұлттық ғылым академиясының академигі атанғаны хабарланды.

Гүлбике КУБЕНОВА,

“Soltústik Qazaqstan”.

Суретті түсірген

Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp