Облыстық “Солтүстік Қазақстан” газетінің әлеуметтік маңызды мәселелерді көтеріп, қоғамға қозғау салатыны көңіл қуантады. Мен басылымның тұрақты оқырманы ретінде газеттің әр нөмірін елеңдеп тосып отырамын. Жақында “Бәсеке жүрмейтін жер” деген тақырыппен мақала жарық көрді.
Қазіргі уақытта “Бәсеке жүрмейтін жер” мақаласы – қоғамның қызу талқысында. Өкінішке қарай, өлікті жөнелту де бәсекеге айналды. Ал Құран Кәрімде өлікті жөнелтуде ысырапшылдыққа ешқандай жол берілмеуі тиіс екені айтылған. Сондықтан оны бәсекеге айналдырғанымыз дұрыс емес. Біздің халқымызда “Өлім бардың малын шашады, жоқтың артын ашады» деген сөз бар. Ал азын-аулақ еңбекақысымен, малымен күн көріп отырған отбасылар үшін жаназа – ауыр шығын. Олар да жоқтан бар жасап, өлікті аста-төк шығынмен жөнелтуге барын салады. Әйтеуір, жұрттан қалмау үшін біреуден қарыз алуға дейін бар. Бірақ жаназада жөнсіз дүние шашу дұрыс емес. Біз бәріміз осы мәселеге қолдау білдіріп, қоғамда үгіт-насихат жұмыстарын жүргізуіміз керек. Бәлкім, жағдай түзелер.
Жақында Құрбан айт өтті. Құрбан шалған үйлерде болғанымызда, осы мәселе туралы айтып, қоғамның талқысына салдым. Мұны имамдар мен көпшілік қауым қолдады. Бірақ, айтуын айтсақ та, ешкімнің оны орындағысы жоқ. Сондықтан жабулы қазан жабулы күйінде қалмас үшін жер-жерде имамдардың қолдауымен насихат жұмыстары жүргізілуі қажет деп ойлаймын.
Аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы ретінде соңғы кезде жиын-тойларда, түрлі отырыстарда осы мәселені қоғамның талқысына салудамын. Айтылатын пікірлер әртүрлі болса да, барлығы қолдауда. Ал қоғамның санасына қозғау салу – сіз бен біздің міндетіміз.
Өзіміз көріп жүргендей, жаназаға келген адамдардың арасында өлікті жөнелткен үй иелеріне өкпе айтып, мін тағушылар да кездеседі. Тойда сын айтылса бір сәрі, өлікті жөнелткен үй иелерін сынап-мінеу – нағыз сорақылық. Керісінше, біз қайғының қара бұлтын жамылған отбасына көмектесуіміз қажет. Өйткені, өлім көпшілікпен жөнелтіледі. Бір жерлерде кісі қайтқан үйде ас берілмейді. Бұл өте дұрыс. Біздің жақта да бұл үрдіс қалыптасса деймін. Жаназа шығарылған үйде дәм татпақ түгіл, отырудың өзі ыңғайсыз. Қазіргі таңда қалада тұратын ағайындарымыз байлықтарын көрсету үшін дәмхана, мейрамханаларды жалдап, ас беруді әдетке айналдырды. Бәлкім, бұл заман үрдісі шығар? Дегенмен, жаназаны бәсекеге айналдырып, ысырапсыз шығын шығару дұрыс емес. Бүгінде жер-жерде жаңадан мешіттер ашылуда. Ол мешіттердің дұға өткізуге арналған асханалары болады. Мешітте дұға өткізіп, жоқ-жітіктерге қалған ас-су үлестірілсе, бұл сауап. Сондықтан қалада тұратын ағайын кісі қайтыс болғанда асты мүмкіндігінше мешітте берсе екен дейміз.
Амангелді ӘБІЛҒАЗИН,
Жамбыл аудандық ардагерлер
кеңесінің төрағасы.