Әр қазақтың шаңырағына қайғы-қасірет әкеліп, елді тоз-тоз еткен қуғын-сүргіннің ащы зарын менің нағашы атам Нұрмағамбет Жамшин де тартқан екен. Ол 1896 жылы 18 ақпанда Есіл ауданының Қарабұлақ ауылында дүниеге келген. Жасынан алғыр, өнер-білімге құштар болған нағашым мектеп бітірген соң Қызылжар қаласындағы мұғалімдер курсына оқуға түсіп, оны ойдағыдай аяқтайды. Кейін Орынбор халық ағарту институтында, Мәскеу өнеркәсіп академиясында оқып, жоғары білім алады.
Еңбек жолын Қызылжар қаласында қазақ балаларына арнап ашылған коммуна мектебінде мұғалім болудан бастаған жігіт өзінің бар білген-түйгенін жас ұрпақ санасына сіңіруде аянбай еңбек етеді.
Қайда болса да, алда жүретін белсенділігімен көзге түскен атам Қарқаралыда колхоздар одағының аудандық төрағасы болып тағайындалып, онда да абыроймен қызмет атқарады. Ештеңеден тайсалмайтын өр мінезді Нұрмағамбет атам орда бұзар отызға толмай тұрып-ақ, Арал жерінде Кеңес өкіметін құруға үлес қосып, басмашылармен күреске қатысқан.
Спасск зауытында оқу комбинатының директоры, зауыт директорының өндіріс бойынша орынбасары қызметін атқарды. Қашан да әділдікті жанына серік етіп, ешкімге зиян шектірмеу және қоғамға пайда келтіруді мақсат еткен нағашы атам 1934 жылдары елдің Жоғарғы сотының мүшесі, Шымкент қаласында облыстық соттың төрағасы болып қызмет атқарады. Істеп жүрген қызметі бойынша Алматыдағы екі жылдық жоғары заң мектебінде оқиды. Бірақ, сол Алматыда жүргенде ел шетіне келген қуғын-сүргіннің сергелдеңіне түседі.
“Пәле жоқ деме, аяқ астында” демекші, нағашым 1937 жылғы 5 қыркүйек күні Алматыда бірінші рет тұтқындалады. Алтай өлкесіндегі “Топчиха” стансасына 8 жылға жер аударылады. Белгіленген жазасын өтеп шыққаннан кейін 1946 жылы елге аман-есен оралып, қазіргі Аққайың ауданындағы орман шаруашылығында орман қорғау инспекторы болып алаңсыз еңбек еткен. 1948 жылы жақсы еңбегі үшін одақтық және республикалық орман шаруашылығы министрліктерінің Құрмет грамоталарымен марапатталады. Осылай адал еңбегінің зейнетін көріп, тұтқында болған жылдардағы көрген қорлықтары енді келмеске кеткендей алаңсыз күн кеше бастайды. Бірақ қуанышы ұзаққа бармай, 1949 жылы екінші рет тұтқындалады. Бұл жолы 7 жыл мерзімге жаза кесіледі.
1956 жылы Алматыға оралып, сол жылы зейнеткерлікке шығады. Бірақ, тумысынан “Еңбек – ырыстың бұлағы, бақыттың шырағы” деп білетін Нұрмағамбет атам екі қолын қусырып қарап отыруға шыдамай, жұмысын жалғастырады. Тиянақтылық, бастаған ісін соңына дейін ыждаһаттылықпен атқару әбден қанына сіңген нағашымның еңбегі тиісті бағасын алып, ол Қызыл Жұлдыз орденімен және “Ерен еңбегі үшін” медалімен марапатталады.
1959 жылы кіндік қаны тамған ауылы – Дайындыққа оралып, бұрынғы қызметін жалғастырады.
Нағашы атам Нұрмағамбет Жамшин ғұмырының 15 жылын жазықсыз жазаланып, темір тордың ар жағында өткізген.
Оның есімі “Ақталған есімдер” кітабында жазылған. Асқар таудай атамыздың есімі ұрпақтары – біздердің жүрегімізде сақтаулы. Бүгінде біз 31 мамырда атамызды еске алып, аруағына Құран бағыштауды дәстүрге айналдырдық.
Мәншүк МОЛДАҒОЖИНА,
“Балдәурен” балабақшасының
қызметкері.