Жалған дәрі-дәрмек қазіргі таңда бүкіл дүниежүзі үшін өзекті мәселе болып отыр. Халықаралық фармацевтика өндірушілері қауымдастығының деректері бойынша дамыған елдердегі фармацевтикалық нарықтың 5,7 пайызы жалған дәрілер үлесінде.
Жалған өнім өндіріс пен сату кезінде тиісті бақылаудан өтпейтіндіктен, мұндай дәрі-дәрмек адамның денсаулығына аса зиянды.
Елімізге жалған дәрілік заттар қандай жолмен келуі мүмкін деген сұрақ туындайды. Оның негізгі жолы – Интернет пен пошта. Расында да, пошта мен интернет-ресурстар арқылы берілетін тапсырыстарды бақылау қиын. Себебі, мұндай жолмен келетін дәрі-дәрмектер шағын топтамалармен, бірақ көптеп жеткізіледі.
Дәрі-дәрмекті тек қана дәріханалардан сатып алу керек. Оларды Интернет немесе хабарландырулар арқылы сатып алмағаныңыз абзал.
Бірден қаптамасына назар аударыңыз. Қаптамасы қатырма қағаздан жасалып, препараттың атауларында қате болмауы тиіс. Жазулары анық, өшірілмеген, бояулары мен таңбалары қанық болуы қажет. Түсініктемесі қазақ және орыс тілдерінде жазылуы тиіс. Ішкі қаптамасындағы немесе құтысы мен қатырма қағаздан жасалған қорабындағы сериясын, шығарылған күні мен жарамдылық мерзімін тексеріңіз. Олар бір-біріне сәйкес болуы тиіс.
Қажет болған жағдайда сәйкестік сертификатының көшірмесін сұраңыз. Сертификатта көрсетілген серия препараттың қаптамасында көрсетілген серияға сәйкес келуі қажет. Сонымен қатар, жалған дәріні препараттың (таблетканың, ерітіндінің, суспензияның) түсінің медициналық қолдану жөніндегі нұсқаулықта сипатталған түсіне сәйкес келмеуінен анықтауға болады.
Қосымша ақпаратты Сіздер Сall-қызметінің жұртшылыққа арналған бірыңғай тегін телефон желісі 88000808887 (Қазақстан бойынша қоңырау шалу тегін) арқылы алуларыңызға болады. Сонымен қатар, әр адам дәрі-дәрмек ақпараттық-талдау орталығының ресми сайтында (www.druginfo.kz) сұрақ қойып, жауап ала алады.
“Дәрі-дәрмек ақпараттық-талдау орталығы” ШЖҚ РМК.