«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖАЛҒАН СӨЙЛЕУ – ҚЫЛМЫС

Әрбір істің анық-қанығына дәлелдердің, соның ішінде оқиға куәгерлерінің сөзі арқылы көз жеткізуге болады. Көп жағдайда айыпталушының тағдыры куәгердің сөзіне байланысты болғандық­тан, оқиғаға қатысты бар білгенін әрі тек қана шындықты айту – әр адамның азаматтық борышы екенін ұмытпаған жөн. 

Зардап шегуші немесе куәгер жеке пайдасы үшін, біреудің өтіні­ші бойынша немесе басқа да се­бептермен сотқа жалған ақпарат беруі мүмкін. Бұл Қылмыстық ко­декстің 420-бабы бойынша қылмыс болып саналады. Себебі, жалған куәгерлік жасаған адам тергеу барысын немесе сот отырысын теріс жолға бағыттап, соңы заң талаптарын бұзуға алып келеді. Жалған сөйлеген куәгер ғана емес, айыпталушыға жала жапқан зардап шегуші, қате қорытынды жасаған аудармашы, сарапшы, тағы басқа мамандар да жауапкершілікке тартылады. 

2015 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енген Қылмыстық кодекске сәйкес сыбайлас жемқор­лық, ауыр және аса ауыр қылмыстар жөнінде немесе пайдакүнем­дік мақсатта көрінеу жалған ақпарат бергендерге жаза күшейтілді. Бұдан қылмыстың бұл түрі­нің алдын алуға басымдық беріл­генін аңғаруға болады. Себебі, ол әділеттілік жүйесін бұзып қана қоймай, тұрғындардың құқықтық санасына да кері әсерін тигізеді.
Мәселен, былтырғы қараша айында облыстық қорғаныс істері жөніндегі департаменттің әскери қызметкері жол апатына ұшырап, екі адамды қағып кетті. Бұл үшін ол түзеу жұмыстарына тартылып, 1 202 500 теңге төлеуге міндеттел­ді. Сонымен қатар ай сайын ақшасының 10 пайызын зардап шегу­шілерге өтемақы төлеу қорына аударып отырады.
Жол-көлік оқиғасына қатысты зардап шегуші мен куәгер алғашында апат жаяу жүргіншілер жо­лында болғанын айтса, келесі оты­рыстарда өз сөздеріне өздері қарсы шығып, айыпталушыны ақтау үшін куәгерлік еткен. Бірінші инстанциядағы сот екеуінің сөзі басқа куәгерлердің сөзіне кереғар әрі оқиға орнын қарау және жол-көлік оқиғасының сызбасымен сәйкес келмейтінін анықтады. Заңға сәй­кес зардап шегуші мен куәгер жалған куәлік еткені үшін жауапкерші­лікке тартылады. Бұл іске қатысты соттың жеке үкімі жақында Петро­павл гарнизонының әскери прокуратурасында тіркеліп, жалған куәгерлік танытқандарға қатысты ма­териалдар процессуалдық шешім қабылдау үшін облыстық полиция департаментіне жіберілді.
Яғни, сотқа дейінгі тергеу бары­сында немесе қылмыстық істер жөніндегі сот отырыстарында қан­дай да бір куәгерлік танытатын адамдар тек шындықты айту, ең алдымен, өзінің азаматтық парызы екенін түсінуі керек. Өйткені, іс­тің ақ-қарасын ажыратып, айыпта­лушының кінәсіз немесе кінәлі екенін анықтау, сот шығарған үкімнің заңға сәйкестігі мен негізділігі оның бір ауыз сөзіне байланысты болуы мүмкін. Ал жалған куә­герлік танытқан жағдайда қыл­мыстық жауапкершілікке тарты­лып, бас бостандығынан айырылуы мүмкін екенін есте сақтаған жөн.

 

Абылай ИГЕМБАЕВ,
Петропавл гарнизоны әскери прокурорының орынбасары.

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp