«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖАЛҒАСҚАН ДӘСТҮР

Ставрополка ауылы – тың игеруден бұрын құрылған ауыл. 2007 жылы ауыл тұрғындары ауылдың 100 жылдық мерейтойын атап өтті. Бірақ тың игеру жылдары ауылымыздың одан әрі көркейе түскені сөзсіз. Тарихты адамдар өз қолдарымен жасайды және оны ұмытуға болмайды. Ауыл тұрғындары алғашқы тың игерушілерді құшақ жая қарсы алып, олармен бірге үлкен алқаптарды игере бастады. Бүгінде сол күндердің естелігі өте қымбат.

Әңгімеміз Петр Иванович Пивень туралы болмақ. Петр Иванович – ауылдың ежелгі тұрғыны, Ставрополка ауылының негізін қалаушылардың немересі болып табылады. Ол 1969 жылдан 1986 жылға дейін мектеп директоры қызметін атқарды. 1957 жылы “Тың жерлерді игергені үшін” медалімен марапатталды.

Петр Ивановичтің әңгімесінен:  

– Тың игерушілер қатарында жастар, көбінесе ер адамдар болды. Жаңа құрылып жатқан “Ломоносовка” ауылының жұмысшыларын уақытша Ставрополка ауылына орналыстыра бастады. Мен қазір нақты мағлұмат бере алмаймын. Мен тек біздің үйімізге орналасқан адамдар туралы ғана айта аламын. Біздің үйіміз де басқаларындай екі бөлмелі, бөлмелердің әрқайсысы 20 шаршы метрден. Пәтер жалдаушыларды алғанға дейін, отбасымызда 12 жан болды. Бізге 4 пәтер жалдаушыны бөлді. Осы күні мен кешке бір үйге 16 жанның қалай жиналғанына таңғаламын. Ешқандай түсінбеушілік, наразылық болған емес, бәрінің де көңілдері көтеріңкі болды, – деп еске алады сол күндерді ардагер.

Ауыл жандана түсті. Ешқандай қылмыстық іс болған жоқ. Тың игеруге келгендердің көбі жас жігіттер болғандықтан, ауылдың қыздары оларға тұрмысқа шықты. Тың игеруші жастар ауыл тұрғындарының санын көбейтті.

Көктемде қар ерігенде барлығы егіс даласына кетті. Қыстыгүнгі негізгі көлік құралы – трактор мен шана, ал жазда автомобильдер болды.

Ставрополка ауылының үйлері саманнан қаланған, төбелері сабанмен жабылған еді. 1955 жылдан бастап жаппай жаңа үйлердің құрылысы басталып, 1963 жылға дейін созылды. Ал мемлекеттік құрылыстар 1972 жылдан бастап салына бастады.

Тың жерлерді игеруде 1954 жылмен ғана тоқталуға болмайды. Бұл ұзаққа созылған күрделі үрдіс болды. Ауыл құрылысы мен жол салу бірге жүрді. Көктемде Есіл өзені тасығандықтан, аудан орталығы – Рузаевка ауылымен, облыс орталығы – Көкшетау қаласымен әуе қатынасы арқылы байланыс жүргізілді. Ломоносовка ауылында аэродром болды. “АН-2” ұшағы аудан орталығына күніне бірнеше рет, ал сол кездегі облыс орталығы – Көкшетау қаласына аптасына бір рет ұшты. Медициналық жедел көмек көрсетуге арнайы ұшақ бөлінді.

1957 жылы Ставрополка ауылында орта мектеп ашылып, көрші Западный, Ломоносовка ауылдарынан балалар келіп оқи бастады. Осы кезде Петр Иванович колхозда есепші, оған қоса комсомол ұйымының хатшысы қызметін атқарады. Мектепте математика пәні мұғалімі болмағандықтан, оны 5-8-сыныптарға математика және физика пәндерінен сабақ беруге шақырады.

Бір қуанарлығы, осы күні егіс даласында жаңа техникалар жұмыс істеп, ауылдың инфрақұрылымы жақсаруда, ауыл жастары жоғары оқу орындарын бітіріп, аға буынның игі істерін жалғастыруда. Соның бәрі өз бастауын атақты тыңға жорықтан алатынын айту зор ғанибет!

Татьяна ЦОМКАЛОВА,

Ставропол орта мектебі директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары,

Мария СКОПИЧЕНКО,

мектеп кітапханашысы.

Ғабит Мүсірепов

атындағы аудан.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp