Жақында сатып алынған екі заманауи “ГАЗель” шағын автобусы Преснов және Благовещенка мектептеріне берілді. Енді оқушылар мен ұстаздар түрлі іс-шараларға ыңғайлы көлікпен қатынау мүмкіндігіне ие болды. Үлкен қуаныштың бірі – Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжановтың аудандық аурухананың бас дәрігері Николай Новиковка жылжымалы медициалық кешеннің кілтін елорда төрінде салтанатты түрде табыс еткен сәті.
Диагностикалық кешенде жеті кабинет бар: жалпы практикалық, талдауларды қабылдау аймағы, дәріхана пункті, функционалдық диагностика, жалпы қабылдау, акушер-гинеколог, сәулелік диагностика кабинеттері. Сондай-ақ, науқасты тексеру, созылмалы ауруларды ерте анықтау, басқа да аурудың алдын алу және емдеуге қажетті жабдықтармен қамтылған. “Антиковид” жүйесі қауіпсіз жұмыс істеуге мүмкіндік береді. Автоматтандырылған пандус-лифт мүмкіндігі шектеулі жандарға кіріп-шығуға өте ыңғайлы.
Медициналық кешеннің тағы бір ерекшелігі, қуаттылығы 16 кВт автономдық генератор орнатылған. Мұның өзі ұзақ мерзім бойы үздіксіз жұмыс істеуді қамтамасыз етеді. Кешеннің көмегімен аудан тұрғындарына медициналық қызмет көрсету сапасы жақсарады деген сенім мол.
Игілік РАХМЕТ.