«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖАНЖАЛҚОЙЛАР ЖАЗАЛАНДЫ

Үстіміздегі жылғы 18 ақпанда Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің баптарына отбасылық-тұрмыстық қатынастар аясындағы тәртіпке салуды қатайтуды қарастыратын түзетулер енгізілді. Осы түзетулерге сәйкес жақын жандарды сыйламаушылық болып табылатын, атап айтқанда, дөрекі сөйлеу, тынышын алып мазалау, кемсіту және үйдің тұрмыстық заттарын бүлдіру сияқты заңға қарсы іс-әрекеттер үшін ескерту, айыппұл салу немесе әкімшілік қамаққа алу қарастырылған. Ұрып-соғу немесе басқа күш көрсету әрекеттерін жасағаны үшін, бірақ біреудің денесін ауыртқанымен, денсаулығына жеңіл зақым келтірмесе, отбасылық басбұзарға 5 АЕК көлемінде айыппұл салынады немесе ол 10 тәулік мерзімге әкімшілік қамаққа алынады. Жақын туысқандарының денсаулығына зақым келтіргені үшін сот құқық бұзушыға оның басқа қонысжайы болған жағдайда 30 тәулікке дейінгі мерзімге бірге тұруына тыйым салу түрінде әкімшілік-құқықтық ықпал ету шарасын қолдануға құқылы. Бұл кезеңде құқық бұзушыға зардап шегушімен қандай да болсын себеппен жақындасуға болмайды.

Осы айтылғандарға мысал келтірер болсақ Ақжар ауданындағы Талшық ауылының тұрғыны Н. деген азамат мас күйінде үйінде жанжал шығарған, кәрі анасын анайы сөздермен балағаттаған. Аталмыш факті бойынша полицияның учаскелік инспекторы әкімшілік материал жинап, сотқа тапсырған. Ауыл бұзақысы кінәлі деп танылды, оған қатысты 15 тәулік мерзімге қамаққа алу түрінде жазалау шарасы белгіленді. Сол сияқты, зайыбына анайы балағат сөздер айтқаны үшін Айыртау ауданының ішімдікке әуес тұрғыны да үш тәулік қамаққа алынды.

2014 жылы облыстың әкімшілік полициясы қызметкерлері Әкімшілік кодекстің 79-5-бабы бойынша 1192 адамды әкімшілік жауапкершілікке тартты, олардың 430-ы тұтқындалды, 65-іне айыппұл салынды. Туысқандарын ұрып-соққандары үшін полиция 200 адамды жауапкершілікке тартқан болса, соның ішінде 37-сі қамаққа алынып, 28 азамат әкімшілік айыппұлмен жазаланды.

Күшіне енген түзетулерге сәйкес енді учаскелік инспектор зардап шегуші полицияға шағымданғаннан кейін бірден қорғау ұйғарымын шығаруға өкілетті. Алғашқы төрт айдың ішінде полиция қызметкерлері 642 қорғау ұйғарымын шығарды, оның 95 пайызы ер адамдарға қатысты қолданылды. Отбасы тыныштығын бұзатындардың барлығымен бір айдан бері бағдарланған мақсатты алдын алу жұмыстары жүргізілуде. Тәртіп бұзудың осы түріне қатысты тұрғындардың айтары болса, 61-26-24 және 39-48-81 телефондары арқылы хабарласуларына болады.

Ольга ШИЯН,

облыстық ІІД баспасөз қызметінің инспекторы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp