Облыс әкімінің орынбасары Ғани Нығыметов коронавирус індетімен күресте белсенділік танытқан бірқатар бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан «Халық алғысы» медалімен марапаттады.
– Қауіпті дертпен күресте еліміздің көптеген азаматтары белсенділік танытты. Әсіресе, дәрігерлер өз өмірлеріне қатер төніп тұрғанына қарамастан, өзгелерді құтқару үшін барын салды. Сондай-ақ, құқық қорғау органдары қызметкерлерінің де қайсарлығын айтып өткен жөн. Қаламдарын қару еткен тілшілер қауымы да аянып қалмады. Пандемия кезінде журналистер елімізде орын алған жағдайды тұрғындарға жеткізіп, блокбекеттерде күні-түні жұмыс істеді. Адал еңбек еткен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдеріне ризашылық білдіремін, – дей келе Ғани Сақтағанұлы Қазақстан Президентінің Жарлығымен бекітілген «Халық алғысы» медалін табыс етті.
Марапатталғандардың қатарында облыстық «Qyzyljar» телеарнасының шеф-редакторы Гүлнәр Қалиева, МТРК телеарнасының редакторы Эльмира Сәдуақасова мен «Первый Северный» телеарнасының журналисі Татьяна Ясельская және әріптесіміз, газетіміздің бөлім меңгерушісі Ақмарал Есдәулетова да бар.