«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖАРЫҚ ПЕН ЖЫЛУ СЫЙЛАҒАН

Кәсіби мерекеміз – Энергетик күніне орай 22 желтоқсанда “СевКазЭнерго” АҚ-ның барлық кәсіпорындарында салтанатты шаралар болып өтті. Облыс әкімінің орынбасары Владимир Бубенко мен компанияның бас директоры Леонид Ларичев саланың озат қызметкерлерін құттықтап, марапаттады.

Бүкіл облысымыз бен Петропавлдың энергиямен жабдықталуы “СевКазЭнерго” АҚ қызметкерлерінің кәсіби шеберлігі мен іскерлігіне байланысты екені белгілі. Қазақстан Республикасының қиыр теріскейіндегі өңіріміздің қытымыр табиғаты жағдайында іркіліссіз жұмыс істеу – энергетиктердің әдеттегі машығы. Жанға жайлы, жылы, сәулелі пәтерлер мен кабинеттерде отырған адамдар күн сайын, сәт сайын осы игіліктерге қалай кенелетінін ойламайтын шығар? Қандай да қиыншылықтарға қарамастан, жүздеген адамдар Петропавл №2 жылу-электр орталығының қазандықтарында, турбина және басқа цехтарында, электр және жылу энергиясын өндіреді, “Солтүстік Қазақстан таратушы электр желісі компаниясы” АҚ-ында және “Петропавл жылу желілері” ЖШС-інде, “СевКазЭнергосбыт” ЖШС-інде жарық пен жылу берудің жауапкершілігі мол жұмыстарын атқарады. Сондықтан олардың кәсіби мерекесі кезінде энергетиктердің бүкіл Қазақстанға пайдасы мол осы істері үшін ризашылық білдіру ләзім.

Бірде-бір қызметкер назардан тыс қалмауы үшін оларды марапаттау рәсімі “СевКазЭнерго” АҚ-ның әрбір кәсіпорнында өткізілді. Энергетиктердің үлкен де ұйымшыл ұжымының ондаған қызметкерлері облыс әкімінің, қазақстандық электр-энергетика қауымдастығының грамоталарымен және алғыс хаттарымен марапатталды. Соған қоса, энергетиктер 2014 жылдың қорытындысындағы үздік қызметкерлерді, “Мамандығы бойынша озат” аталымындағы жеңімпаздарды анықтады. Ал ең топ жарғандары “Құрмет кітабына” жазылды. Кәсіпорындардың байырғы еңбеккерлеріне “Ардагер энергетик” атағы берілді.

“Солтүстік Қазақстан таратушы электр желісі компаниясы” АҚ-ның бас директоры Александр Рейзлин саланың ең мәртебелі марапаты – “ТМД-ның еңбек сіңірген энергетигі” атағын иеленді. Ол қарапайым жұмысшыдан компания басшысына дейінгі еңбек жолынан өтті.

– Мен энергетика саласында 20 жылдан бері еңбек етіп келемін. Содан бері өсу жолдарын өткердім. Әуелгіде электромонтер болдым. Сосын кіші станцияда кезекші, бас инженер, таратушы электр станциясының директоры қызметтерін атқардым. Бүгіндері Солтүстік Қазақстанның ең ірі электр желісі компаниясына басшылық етіп келемін. Энергетиктердің еңбегі жеңіл емес. Олар Петропавл мен өңірімізді энергиямен сенімді түрде және сапалы жабдықтау міндетін атқарады. Мен әріптестерімді кәсіби мерекесімен шын жүректен құттықтаймын, – деді А. Рейзлин салтанатты шара үстінде.

Елбасымыз “Нұрлы Жол – болашаққа бастар жол” Жолдауында республика экономикасының көшбасшысы ретінде энергетиканың ерекше рөлін атап айтты. Осы орайда бұл саланың әрбір қызметкері ел өміріне өзінің қосатын үлесін айрықша пайымдайды.

Осынау салтанатты сәтте “СевКазЭнерго” АҚ-ның бас директоры Л. Ларичев кәсіпорын қызметкерлерінің еліміздің экономикалық өрлеуіне қосып отырған және алда да қосатын үлестерін атап айтып, олардың жұмысына табыстар тіледі.

Игорь ТАТАРЧЕНКО,

“СевКазЭнерго” АҚ-ның жұртшылықпен байланыс

 жөніндегі бөлімінің маманы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp