«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖАСАРҒАН ҰЖЫМДА ЖАУАПКЕРШІЛІК МОЛ

Ақанбарақ орта мектебі соңғы екі жылдан бері жаңа оқу жылына әзірлік жұмыстары бойынша Шал ақын ауданында бірінші орын алып келеді. Осы жетістіктері үшін аудан әкімі Марат Омаров биыл мектеп ұжымына жаңа асхана жиһазын сыйлады. Әсіресе, осы жылғы жоғары эстетикалық талғаммен жүргізілген жөндеу жұмыстары оқу орнын адам танымастай етіп өзгертіп жіберді. Мектептің іші түгелдей қайта жаңартылды, әр пән кабинеті өзіне тән мәнерін тапты. Кіреберіс қайта қаланғандықтан, бұрын қораштау көрінетін дәлізінің өзінен жанға жайлы жылылық сезіледі. Әйтеуір, не керек, сылақ пен бояу жұмыстарына дейін ойластырылып жүргізілгендіктен, жөндеу жұмысында ақау жоқ. Оған өте көп күш салынғаны аңғарылады. Негізгі шығыны демеушілер мен мүмкіндігі бар ата-аналардың есебінен жүргізілсе, ал ішкі әрлеп-сырлаудың барлығын мектеп ұстаздары өздері көтеріп алған.

– Ұжымның ұйымшылдығы, әсіресе, мектебімізге Роза Әмрина басшылыққа келгелі айқын байқала бастады. Ол шаруашылық істеріне қатысты шараларда ғана емес, оқу және тәрбие жұмыстарында да аңғарылады. Роза Ғалымжанқызы бұдан бұрын аудандық білім беру бөлімін басқарған тәжірибелі басшы, бізге келісімен мектептегі ең өзекті мәселелерді қолға алды. Білім ордасын осызаманғы талапқа сай кейіпке келтіру жұмысын ойдағыдай жүзеге асырды. Енді ауыл мектебін білікті ұстаздармен қамтамасыз ету мәселесін де сәтті шешуге кірісті. Бүгінде кадрлар тұрақтылығының қалыпқа түсе бастағаны – соның айғағы. Бұрын “Марьевка” кеңшарының орталық қонысы болған үлкен елді мекен мектебінде кезінде 300-ден астам бала оқыған. Қазір білім ордасында 108 оқушы дәріс алады, барлық сыныптар толыққанды жұмыс істеуде. Соңғы жылдары ауылда қазақ отбасыларының көбеюі себепті қазақша оқытатын 2-ші және 3-ші сыныптар ашылды. “Биыл қазақша 1-сыныпқа баратын балалар саны жетпегенімен, алдағы жылдары мектепте қос тілде білім беру жайы жақсара түседі деп ойлаймыз. Бүгіндері мектеп жанындағы шағын орталықта 32 бүлдіршін тәрбиеленуде, олардың жартысынан астамы – қазақ балалары. Сондай-ақ, мектеп-алды дайындық тобында 18 бала бар. Оқу-тәрбие жұмыстарындағы зор ізденістері мен халық ағарту ісіндегі қол жеткен жетістіктері үшін мектеп басшысы Роза Ғалымжанқызы биыл Ыбырай Алтынсарин атындағы медальмен марапатталды. Бұл біздің ұстаздар ұжымы үшін зор мақтаныш, басшымыздың осындай құрмет белгісіне кір келтірмеуге бәріміз болып күш саламыз”, – дейді мектеп директорының тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасары Наталья Малеева.

Үшқабатты мектеп ғимаратында оқу екі ауысымда жүргізіледі. Бұрын оқушылардың көп кезінде де екі ауысымда оқыған мектептің қазір толыққанды жұмыс істеуіне оған қазақтілді сыныптардың қосылуы, шағын орталықтың ашылуы және жеке-жеке пән кабинеттеріне орын берілуі себеп болып отырса керек. Ауылдағы бірден-бір қоғамдық ошақ болып табылатын мектеп ішіндегі оқу-тәрбие жұмыстарының қазандай қайнап жатқаны тұрғындардың көңілінен шығады. Сынып бөлмелері жылы әрі жарық, қажетті құрал-жабдықтармен толық қамтамасыз етілген. Жуырда спорт залының едені жаңартылды.

Ұстаздар ұжымы мектептегі білім беру деңгейін көтеруге күш салуда. Бірыңғай ұлттық тестілеуден бұрнағы жылы орта есеппен 92 балл алған білім ордасы биыл біршама шегініске орын берді. Бірақ оған қарамастан, мектеп бітірген 9 түлектің екеуі – грантпен жоғары оқу орнына, ал жетеуі колледжге түсті. Білім деңгейінің төмендеуіне өткен оқу жылында орын алған айтарлықтай кадрлар ауысуының ықпалы тигені сөзсіз. Ақанбарақ – аудан орталығына жақын үлкен елді мекен, сондықтан оған қоныс аударып келушілер де, кетушілер де көп. Әсіресе, тәжірибелі білікті мамандардың ұжымнан кетуі әсер етпей қоймайды. Десе де, олардың орнын толтырып жатқан талапты жастар да жоқ емес. Ұжым осы жылы “Дипломмен – ауылға!” бағдарламасы бойынша қызметке келген үш жас ұстазбен толықты. Олардың қатарында жоғарыда өзіміз әңгімеге тартқан Наталья Малеева да бар. Ол және дене шынықтыру пәнінен мұғалім болып келген Асхат Құсайынов екеуі бағдарлама бойынша берілген несие мен көтермеақыға өздеріне үй сатып алған болса, осы жердің түлегі, оқу бітіріп келген жас мұғалім Ирина Зенченконың өзіне тиесілі көтермеақыға қолы жетті.

Бүгінде мектепте 27 ұстаз еңбек етеді, олардың үшеуі – жоғары және сегізі – бірінші санаттағы мұғалімдер. Сонымен бірге мектеп мұғалімдері үшінші деңгейлі дайындық курстарынан өтуде. Қазір төрт ұстаз білімін жетілдірді, олардың қатарында отыз жылдық ұстаздық тәжірибесі бар биология және география пәнінің мұғалімі Светлана Фаст, бастауыш сыныптың мұғалімдері Алтын Төребекова мен Рысты Мұқатаеваның және қазақ тілі мұғалімі Самал Ғабдуллинаның есімдерін атауға болады. Білім ордасындағы білікті, өзгелерге үйретері мол ұстаздар қатарына Светлана Фасттан басқа бірінші санатты ұстаз, қазақ және ағылшын тілі пәндерінің білгірі Қарлығаш Мәденова және мектептегі оқу ісінің меңгерушісі, математика пәнінің мұғалімі Айна Ахметова енеді. Мектеп басшысы күнделікті оқу-тәрбие жұмыстары үрдісінде осындай тәжірибелі, беделді ұстаздарға арқа сүйейді. Роза Ғалымжанқызы ұжымда кадрлардың тұрақтанып, білім сапасының жақсара түскенінен көп үміт күтеді. Биылғы оқу жылының қорытындысында ауданда алдыңғы орындардың біріне шығуды мақсат тұтады.

Анағұрлым жасара түскен ұжымда түрлі өнер үйірмелері мен спорт шаралары жұмыстары жақсара түсті. Ән сабағының мұғалімі Анастасия Кособокова жетекшілік ететін мектеп жанындағы “Капельки” би ұжымы үш жылдан бері ауданда жүлделі орындардан көрініп келеді. Ал “Саламатты жастар мектебі” үгіт бригадасы облыстық байқауда Гран при жүлдесін жеңіп алды. Спорттық шаралар ішінде, әсіресе, күрес пен үстел теннисі жақсы дамыған. Мектеп спортшылары сайыстың осы түрлерінен аудандық және облыстық жарыстарда жақсы нәтижелерге қол жеткізуде.

Білім ордасының басшылары демеушілік жайында айтар болса бірден “Әсем” шаруа қожалығын атайды. Өйткені, ауылдағы беткеұстар бірден-бір ауыл шаруашылығы құрылымы – осы қожалық. Ол қолынан келгенше мектепке көмегін аямайды, жылдағы жөндеу жұмыстарына көмек жасайды. Одан басқа да сұраныстары мен өтініштерін орындауға әрдайым дайын. Техникамен көмектеседі, ардагер ұстаздарды қамқорлыққа алып, оларды жемазықпен қамтамасыз етеді. Қожалықтың мектепке мұндай зор қамқорлық жасауының басты мәні оның бастауында бұрынғы мектеп директоры Ерғали Атымтаевтың тұрғаны болса керек. Оның қызы Әсемнің есімін алған шаруа қожалығына ұлы Асан жетекшілік етеді. Әке аманатын арқалаған ұланның өзіне оның көзіндей көрінетін мектебінен аянары жоқ. Оның үстіне қожалыққа есімін берген апасы Әсем биыл ауылға көшіп келіп, ұстаздық қызметіне кірісті. Мұндай демеушісі бар Ақанбарақ орта мектебінің шаруашылық ісі жағынан кем қалмасы анық.

Ал оқу-тәрбие жұмыстарында білікті басшының жанында топтасқан жас ұжым жігерлілік танытып, көздеген мақсатына жетеріне сенеміз.

Тоқтар ЗІКІРИН,

“Солтүстік Қазақстан”.

СУРЕТТЕ: сабақтан көрініс.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp