«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖАСТАРҒА ЖОЛ АШҚАН ТҰЛҒА

ХХ ғасырдың басы – қазақ тарихындағы бетбұрыс, ояну кезеңі. Осы уақыттан бастап ұлттық баспасөзіміз қалыптасып, батыстың білімін меңгерген қазақтан шыққан зиялы қауым пайда болды. Рухани өмірде ұстаған мұратын жойып алмау ниетінде ұлт зиялылары көп ізденді. Қазақтың оқуға ұмтылған жастарын жатсынбаған қалалардың бірі – Омбы шаҺары. Омбы ежелден қазақтың талай мықтысына пана болған. Қазақтың тұңғыш жастар ұйымы «Бірлік» те Омбыда құрылған. Жастар ұйымының белсенді мүшелері: М.Жұмабаев, С.Сейфуллин, Д.Әділұлы, Г.Досымбекқызы секілді жастар Омбы мұғалімдер семинариясында, С.Сәдуақасов, М.Саматов, Б.Айбасұлы, Қ.Кемеңгер-ұлылар Омбы ауыл шаруашылығы училищесінде білім алған.

Жастар ұйымының құрылған уақыты жөнінде екі түрлі пікір бар. Ұйымның белді мүшелерінің бірі С.Сейфуллиннің «Тар жол, тайғақ кешу» атты романында: «1913 жылы Омбыда ең әуелі жасырын жастар ұйымы – «Бірлікті» ашқанымызда Шәймерденді ұйымның басқармасының төрағасы етіп сайлаған едік» – деп көрсетіп жазады.

С.Сейфуллиннің бұл келтірген жазуынан «Бірліктің» құрылған жылы – 1913 жыл. Ал енді 1921 жылы Орынборда басылып шыққан С. Сәдуақасұлы ның «Жастарға жаңа жол» атты бағдарламалы деректі туындысында: «Қазақ жастарының ұйымдары бұрыннан бар еді. Ең алғашқы жастар ұйымы Омбыда 1914 жылы ашылды. Ол ұйымның аты «Бірлік» еді», – деп жазады.

Ұйымның белсенді мүшелерінің бірі болған Қ.Кемеңгерұлы 1924 жылы Мәскеуде жарық көрген «Қазақ тарихы» атты кітабында: «1913 жылдан бастап орыс мектептеріндегі оқушы қазақ жастары шоғырланып, ал келесі жылы «Бірлік» ұйымы ашылды», – деп көрсетеді.

Осы деректерге сүйенсек, «Бірлік» қазақ тарихындағы тұңғыш жастар ұйымы және ол 1913 жылдың аяғы, 1914 жылдың басында Омбы қаласында құрылған. 1917-1918 жылдары «Бірлік» ұйымының қатарында М.Жұмабаев, М.Саматов, Ә.Байділдин, С.Сәдуақасұлы, А.Сейдалин, Қ.Кемеңгерұлы, Ғ.Тоғжанов болған. 1918 жылы «Бірлік» ұйымының мүшелері «ұлт мүддесіне бірігіп қызмет ету» мақсатында жалпы қазақ жастарының съезін өткізуге дайындық жасайды. Оған қатысушы делегаттың құрамы да дайындалады. Олардың қатарында С.Сәдуақасұлы болды. Ол «Жастарға жаңа жол» бағдарламалы-деректі туындысында: «Бірліктің мақсаты – программасында (тұтынған жолында) айтылған. «Қазақ халқын мәдени һәм әдеби жағынан ілгері қатардағы жұрттарға қосу, ұлтшылдық сезімін туғызу һәм ұлттықты сақтау. Бұл айтылған мақсаттарға жету үшін жастар арасында ұлтты сүю сезімін сіңіре беру», – деп қазақ жастарының ұлтжандылық жолға түсуінің объективті себептерін, яғни отарлық езгідегі қазақ қоғамының жағдайы алдыңғы қатардағы саналы жастарды ұлт намысын қорғауға итермелегенін жазған.

Қазақ жастарының табандылығы арқасында 1922 жылы С.Сәдуақасұлы жастардың «Өртең» атты газетін шығаруға атсалысады. Осы басылымның бетінде С.Сәдуақасұлының өткір мақалалары, сындарлы зерттеулерімен қатар қоғамдық-саяси мақалалары да басылады.

С.Сәдуақасұлы қазақ жастарының бойынан екі ірі мінді көреді. Алғашқысы – ел басқару қызметіне іліккендердің «төре» боп әкіреңдеуі, екіншісі – «мен осылай ойлаймын, сен неге өстіп ойламайсың? – деген тұрпайы пәлсапа. Смағұлдың алғашқыларға қатысты айтқаны мынадай: «Елмен араласы бар жастар түзу, өте өнегелі болу керек. Сонда жастың аты қадірлі болады. Сонда ғана оның артынан ел ереді». Соңғысына ескерткені: «Халық тілін білу керек. Білмейді екенсің, білуге тырысу керек».

ХХ ғасырдың басында қалыптасқан жастар ұйымдары оқыған, қазақ зиялыларын өз айналасына топтастырды. Олар ұлттық мүддеге жұмыс істеуге жұмылдыруды мақсат етті. Өз ұлтының кемеңгер перзенті Смағұл Сәдуақасұлы кезінде әділ сынаған ұлы державалық бір орталықтан басқару саясатының күлі көкке ұшты. Шикізат республикасы ретінде ұсталып, экономикасы түзелген Қазақстан егемен елге айналды. Қай халықты болсын баянды келешекке жетелейтін – сенім. Биыл 125 жылдығы аталып өтілетін С.Сәдуақасұлы осы сенімді жастардың жүрегіне ұялата алды. Оның артында қалдырған мұрасының құндылығы кейінгі ұрпаққа бере алар өнегесімен, баяндылықтың қажетіне жарар қасиетімен өлшенсе керек.

Зылыйха БИМАҚАНОВА,

М.Қозыбаев атындағы

СҚУ-дың оқытушысы, тарих ғылымдарының кандидаты.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp