Бүгінде техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін жаңарту қоғамның сұранысына және экономиканың индустриялық-инновациялық дамуына жол тартқан әлемдік білім кеңістігіне сәйкес жүргізіледі. Техникалық және кәсіптік білім беру жүйесінің жеке тұлғалардың мүдделерін қанағаттандыруға, еңбек нарығының қажеттілігін өтеуге, ел экономикасын және әлеуетін дамытуға қосар үлесі зор. Ал Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жаһандық дағдарыс кезінде жүзеге асыруды мақсат етіп отырған жаңа экономикалық саясаты – әлемдегі ең дамыған 30 елдің қатарына ену үшін даңғыл жол болатын ауқымды қадам. Президенттің “Нұрлы Жол – болашаққа бастар жол” Жолдауында еліміздің болашағын айқындайтын міндеттер қойылған.
Солтүстік Қазақстан кәсіптік-педагогикалық колледжінің оқытушылар ұжымы Жолдауды түсіндіру және жүзеге асыру бойынша жоспарлы жұмыс жүргізуде. Білім ордасындағы оқытушылар мен студенттерден ақпараттық-насихат тобы құрылды. Бұл топ “дөңгелек үстелдер”, әңгімелесулер, дәрістер өткізіп, тұсаукесерлер дайындап, студенттер алдында сөйлеп, Қазақстан Республикасы Президентінің халыққа арнаған Жолдауының негізгі қағидаларын түсіндіруде.
Жастарды шағын және орта бизнесті несиелеуге, инновациялық жобаларды жүзеге асыруға бағытталған пайызсыз гранттар арқылы несиелеу мәселелері аса қызықтырады. Жастардың бойында іскерлік қасиеттерді қалыптастыру үшін колледжде “Кәсіпкерлік негіздері” атты жаңа курс бағдарламасы әзірленді. Оқыту курсы – 40 сағат (ондағы 20 сағат – дәрістер, 20 сағат – практикалық сабақ). Осы жобаны жүзеге асыру үшін Солтүстік Қазақстан облысының кәсіпкерлер палатасы ұсынған жоба негізінде бизнес-мектеп ашылды. Онда дәріс алған түлектер кәсіпкерлер палатасының сертификатына ие болып, кейін өздерінің үздік бизнес-жобаларымен мемлекеттің қолдауын көре алады. Осындай жұмыстың нәтижесінде бизнес-мектептің екі түлегі кәсіпкерлікте өз жолдарын тапты. Осылайша біздің студенттер таңдаған мамандығына байланысты білімін жетілдірумен қатар олардың әлеуеттері нығайып, шығармашылық қабілеттері ашылады. Білім мекемесі ұстаздарының көздегені де осы, яғни әр адамның өз мүмкіндіктерін жүзеге асыруға бағдарлау, оны бәсекеге толы ортаның қиындықтары мен талаптарына төзімді де жігерлі болуға үйрету.
Болашақ мамандардың тәжірибелік дайындығын күшейту мақсатында колледжде оқытудың дуалдық жүйесі жүргізіледі. Олар өндірістегі білікті мамандардың қол астында өздеріне үлкен тәжірибе алады. Осылайша білімді де білікті құрылысшылар, автомеханиктер, механиктер, электриктер даярлауда жүйелі жұмыс қалыптастырып алдық. Болашақ маманның әрқайсысы – қоғамдағы тұлға. Сондықтан колледждегі тәрбие жұмысын жандандырып отырудың да өз орны бар. Білім алушылардың бойына патриоттық сезімді, толеранттылықты, ұлтжандылықты, басқа ұлтқа деген сыйластықты қалыптастыруға бағытталған бағдарлама да жүйелі түрде жүзеге асырылады.
Еліміздің тұрақтылығы мен бейбіт өміріне, ұлттар достығына, әлеуетіне аса мән беретін Елбасы: “Бұл – отбасылық амандық, қауіпсіздік, баспана. Бейбітшілік – бұл әкелік және аналық қуаныш, ата-ана денсаулығы мен балаларымыздың бақыты. Бейбітшілік – бұл тұрақты жұмыс, жалақы және ертеңгі күнге сенімділік. Бейбітшілік пен тұрақтылық – бұл жалпыхалықтық байлық, оны әркүндік еңбекпен қорғау және нығайту қажет”, – деп атап айтты. Президентіміз айтқандай, жастар – біздің болашағымыздың тірегі. Сондықтан біз ертеңгі күнімізді ойласақ, бүгінгі жастардың бойына көптеген асыл қасиеттерді сіңіріп, тәрбиелеп, оларға өз мүмкіндігін көрсетуге жол ашып, қолдауымыз керек. Жастар сапалы білім алуға талпынса, мемлекеттің қолдауы жақсы болса, баршаның ертеңгі күнге деген сенімі артып, еліміз қуатты және нұрлы мемлекетке айнала түседі.
Жеңіс ӘБІЛМӘЖІН,
Солтүстік Қазақстан кәсіптік-педагогикалық колледжінің директоры.