«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖАСТАР ОЙ ЖАРЫСТЫРДЫ

“Нұр Отан” партиясы облыстық филиалының ғимаратында “Қазақстан – 2050” Стратегиясын жүзеге асырудағы жастардың рөлі” атты пікірсайыс өтті. Шараны “Жас Отан” жастар қанаты облыстық филиалының атқарушы хатшысы Азамат Шәймерденов жүргізді.

Өңір өрендерінің зияткерлік әлеуетін арттыруды, шешендік өнерін дамытуды көздеген шарада М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті студенттерінен құралған төрт топ пікір таластырды. Сондай-ақ, олардың сөз саптауын, ой ұшқырлығын, оны жеткізу әдістерін Петропавлдағы арнаулы білім беретін оқу орындарындағы жастар ісімен айналысатын комитет өкілдері, жастар бастамалары орталығының мамандары, жастар ұйымдарының жетекшілері бақылап, баға берді.  

Жиында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың еліміздің саяси бағдарын айқындап берген “Қазақстан – 2050” Стратегиясын жүзеге асыруда жастардың білімділігі мен белсенділігінің маңызына тоқталған СҚМУ студенті Нәзира Жакина олардың санасына ұлттық құндылықтарымызды берік орнату қажеттігін айтты.

Аталмыш университеттің студенттері Сәндігүл Смаилова мен Индира Ақтаева қазақстандық патриотизмді дамытуға баса назар аударса, Динара Шәжімбаева мен Махаббат Сәкенова түлектердің мамандық таңдауда қателікке бой алдырып жүргеніне, содан кейін елімізде жастар арасындағы жұмыссыздықтың белең алғандығына мән берді. Мамандық таңдауда ең алдымен табысқа емес, қабілетке, істей аламын-ау, таңдаған саланың өрістеуіне үлесімді қосамын-ау деген сенімге, ынта-ықыласқа назар аударуы қажеттігін атап айтты.

Шара соңында әр сайысшы бір-бірлеріне сауалдар жолдап, тақырып төңірегінде өңірімізде атқарылып жатқан жұмыстардың бірқатарына тоқталды.

Нұргүл ОҚАШЕВА,

 “Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp