Жеткіншек жас ұрпақты тәрбиелеуге мемлекетіміз бен қоғамымыз ұдайы әкелік қамқорлық жасап келеді. Өйткені, жасөспірімдердің бойына адамгершілік жақсы сапаларды қалыптастырған, қоғамымыздың саналы мүшесі, коммунистік құрылыстың белсенді құрылысшысы болып тәрбиеленуіне туған мемлекетіміз соншалықты мүдделі.
Жастарды тәрбиелеу процесінде иландыру шаралары негізгі құрал болып табылады. Егер, ол жеткіліксіз болып, ықпал ете алмаса, онда күштеу шаралары қолданылады.
Партиямыздың тарихи ХХV съезі шешімдеріне сәйкес мемлекеттік және қоғамдық ұйымдардың жастардың право тәртібін бұзушылығының алдын алуға бағытталған қызметі зор маңызға ие болуда. Право тәртібін бұзушылықпен күрестің тиімділігін қамтамасыз ету үшін оны тудыруға түрткі болған нақты себептер мен жағдайларды мұқият зерттеп, оларды жоюдың неғұрлым төте жолдарын қарастыру қажет.
Жас жеткіншектің рухани жан-дүниесін қалыптастыруда алдымен семья тәрбиесінің орны ерекше. Балалар басқа адамды сыйлап-құрметтеу, жақсы қылықтарды үйрену мектебін нақ семьяда, ата-ананың көз алдында өтуге тиіс.
Тәжірибе көрсетіп отырғандай, жасөспірімдер арасында право тәртібін бұзушылықтың негізгі бір себебі, семья жағдайындағы келеңсіздіктер: ерлі-зайыптылар арасындағы қырғи-қабақтық, некені бұзу салдарынан балаларды тастап кету, баланың мінез-құлқына, тәрбиесіне, оқуына бақылау жасамау, кейбір ата-аналардың өздерінің тәрбиелік борыштарынан бас тартуы, маскүнемдік, қоғамға жат қылықтар жасауы болып табылады.
Қазіргі уақытта мұндай туысқандарға әкімшілік және ата-аналық праволарын айыру шаралары қолданылады. Қазақ ССР-інің неке және семья туралы кодексінің 68-статьясында ата-аналар немесе олардың бірі өздерінің бала тәрбиелеу жөніндегі міндеттерінен бас тартса, өздерінің праволарын асыра қолданып, балаларын ұрып-соқса, қоғамға, моральға жат қылығымен немесе созылмалы маскүнемдігімен балаларына теріс ықпал жасаса, онда оларды ата-аналық правосынан айыру қажеттігі айтылады. Алайда, бұл шара өз балаларын сүйетін, жақсы көретін ата-аналар үшін тым ауыр да, ұдайы маскүнемдікке салынған адамдықтан азған ата-аналарға жеңілдік сияқты.
Мәселен, өткен жылдары Совет аудандық халық сотының шешімімен спиртті ішімдікке тым әуестігі үшін Маслов пен Васьковская дегендер алты балаға ата-аналық правосынан айырылды. Осыдан кейін Архангелька селосына көшіп келген соң да олар ішімдікке салынуларын қоймады. Тағы да нәрестелі болған олар 1975 жылдың 7 ноябрінде ұзақ күнге ішуге салынады. Әбден масайған Маслов ұйқыға кеткенде, Васьковская оның жанына 6 айлық баланы жатқызып, өзі ас үйге шығып кетеді. Әлден уақытта ұйқылы-ояу көзін ашқан Маслов әйелінің үйде екенін сезеді де, тұрып ас бөлмеге барып, қолына түскен пышақты Васьковскаяның жауырынына салып жібереді. Өзі ештеңе болмағандай, қайыра орнына келіп, қорылға басады. Бірақ араларында ешқандай дау-жанжал болмаған-ды. Сөйтіп, Маслов баланың жылаған даусынан ғана оянып, Васьковскаяны шақырады. Бірақ жауап қатқан ешкім болмайды. Тұра ас үйге кірген Маслов қан-қан пышақты, қан ортасында жатқан тіршіліктен нышаны жоқ әйелін көреді.
Тағы бір мысал: Булаев аудандық халық соты үстіміздегі жылдың 2 июлінде ерлі-зайыпты Г.И.Загоруйко мен Н.Ф.Загоруйконы бес балаға ата-аналық правосынан айыру жөнінде шешім қабылдады. Себебі, олар осынша баланы тәрбиелеумен мүлдем шұғылданбаған, ден қойғандары – тек қана ішімдік ішу болған. Соның салдарынан балаларының материалдық жағдайы өте күйкі еді. Еш жерде еңбек етпеген әйел күйеуінің тапқаны мен балаларына тиесілі жәрдем ақшаны спиртттік ішімдікке жұмсауды ғана біледі. Бұлардың 1974 жылы туған ұлы Николай әбден арып-азып, дереу медициналық көмек қажетсінеді. Әйтсе де, баланың әке-шешесі ешкімнен медициналық көмек сұрап, тіс жармайды, ал баланы әкетуге медицина қызметкерлерінің өздері келгенде, ерлі-зайыпты Загоруйколар жанжал шығарады. Олардың тәртібі қоғамдық советте екі рет талқыланып, Загоруйколар “алдағы уақытта түзелеміз” деп ант-су ішкенімен, бұрынғы әндеріне қайта басады. Сондықтан да бұл жерде аудандық прокурордың балалар мүддесін ескеріп, сотқа Загоруйколарды ата-аналық праволарын айыру жөнінде шағым етуі соншалықты орынды еді.
Қазақ ССР-інің қылмыстық кодексінің 201-статьясында жасы толмағандарды қылмыс істеуге тартуға байланысты былай делінген: “Жасы толмағандарды қылмыстық әрекеттерге тарту немесе жасы толмағандарды қылмыс істеуге азғыру, егер мұндай қылмыс үшін заңда бұдан ауырырақ жаза көрсетілмеген болса, үш жылдан сегіз жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады. Жасы толмағандары құмарлық ойындарға; маскүнемдікке, қайыр сұраушылыққа немесе қоғам үшін және жасы толмағандардың өздері үшін зиянды болатын басқа да әрекеттерге тарту, үш жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады”.
Жасы толмағандарды маскүнемдікке тартқан, яғни оларды үнемі мастық жағдайына жеткізген ата-аналар немесе бөгде адамдар бес жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
Жақында Куйбышев аудандық халық соты Қазақ ССР қылмыстық кодексінің 200-статьясының 3 бөлімі бойынша В.П. Поляковтың қылмыстық ісін қарап, оны 2 жылға бас бостандығынан айыруға шешім қабылдады. Поляковтың кінәсі сол, ол 1960 жылы туған А.Сосновты және оның достарын ішімдікке, маскүнемдікке баулыған: Поляковтың “сыйына” сылқия тойған Соснов және оның достары Н.Шадрин, С.Гриценко кейін азаматтардың өз меншігіндегі мүліктерін, магазиндердің құлпын бұзып, заттар ұрлаған.
Семьядағы тәрбие мектептерде өзінің заңды жалғасын табуға тиіс. Жасы толмағандардың қылмысының алдын алу үшін Совет мемлекеті көптеген тәрбие шараларын жүзеге асыруда. Әйткенмен, тәрбиелік сипаттағы еріксіз шаралар да аз емес. Қылмыстық жауапқа қылмыс істеген уақытына дейін 16 жасқа толған адамдар тартылады. Он төрттен он алтыға дейінгі жаста қылмыс істеген адамдар тек кісі өлтіргені үшін, жәбірленушінің денсаулығы бұзылуына әкеп соқтыратындай етіп, адамның денесіне қасақана жарақат салғаны үшін, тонағаны, ұрлық істегені, кәнігі бұзақтылығы үшін, мемлекеттік, қоғамдық мүлікті немесе азаматтардың өз меншігіндегі мүлкін қасақана жойғаны үшін я бүлдіргені үшін (егер мұның ауыр зардаптары болса) тағы басқалары үшін қылмыстық жауапқа тартылады.
Сайып келгенде, туған қоғамымыздың заңдарын оның барлық мүшелері білуге міндетті. Мұның өзі біздің партиямыздың ХХV съезі алға қойған міндеттерді табысты шешуімізге, еліміздің қарыштап, алға басуына көмектеседі.
Үміт ҚҰРМАНҒОЖИНА,
облыстық соттың мүшесі.
(“Ленин туы” газеті, 8 желтоқсан 1976 жыл).