«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖАСӨСПІРІМ БАЛУАНДАР БЕЛДЕСТІ

 

Облыс орталығында “Семей полигоны” қоғамдық бірлестігінің жүлдесі үшін 2004-2005 жылдары туған жасөспірімдер арасында қазақ күресінен облыс біріншілігі өтті. Бұл жарыста Ақжар ауданынан, облыстық олимпиадалық резервтегі спортқа дарынды балаларға мамандандырылған мектеп-интернат-колледжден, күрестен және “Олимп” мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектептерінен 50-ге жуық балуан он салмақ дәрежесінде бақ сынасты. 

Осы ұйымның төрағасы Асхат Төлепбергеновтің айтуынша, аталмыш жарыс осымен екінші рет ұйымдастырылып отыр. Дода Шығыс Қазақстан облысының Семей қаласында орналасқан сынақ полигонында әскери борышын атқару барысында орын алған ядролық жарылыстар кезінде қайтыс болған қазақстандықтарды еске алуға арналған.

Спорттық шараның қорытындысы бойынша “Олимп” мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің тәрбиеленушісі Санжар Рамазанов 35 килограмм салмақта қарсыластардың алдын орап, алтын медальді олжалады. Күрестен мамандандырылған БЖСМ-нің намысын қорғаған Жоламан Сәдуақасов 38 килограммда өткен бәсекеде бірінші орынның иегері атанды. Бұл спорт ордасының шәкірттері Дмитрий Динер мен Даниал Олжабаев 42 және 46 килограмм салмақта ұйымдастырылған жекпе-жекте топ жарды. Сонымен қатар осы мектептің балуандары Руслан Ілбісінов, Аян Төсекбай, Айдын Қуанышев, Артем Зебрев, облыстық олимпиадалық резервтегі спортқа дарынды балаларға мамандандырылған мектеп-интернат-колледжінен келген Жалғас Қойшыбай мен “Олимп” мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің спортшысы Әзізбек Әлімбеков өздерінің салмақ дәрежелері бойынша өткізілген белдесулердің нәтижесінде алтын жүлделерге қол жеткізді.
Жеңімпаздар мен жүлдегерлер дипломдармен, медальдармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.
 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp