«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖАУАПКЕРШІЛІК ТАНЫТЫП, ТӘРТІПКЕ БАҒЫНҒАН ЖӨН

Облыс әкімі Құмар Ақсақалов өңір тұрғындарына үндеу жариялады. Ол COVID-19 ауруына орай сақтық шараларын қатаң ұстану қажеттігін тағы бір мәрте ескертіп, екінші толқынға дайындық барысын сөз етті.

Бүкіл әлем бойынша вирус жұқтырған адамдардың қатары күн сайын артып, біздің өңір үшін індет қаупі әлі де сейіле қоймағанын аңғартуда. Жергілікті мамандар науқастар ең көп тіркелетін аралықты желтоқсан-қаңтар айларына болжап отыр. Бірақ, бүгінгі күннің өзінде облыс аумағында он елді мекенде карантин енгізіліп, ауруға тосқауыл қою мақсатында мониторинг топтарының жұмысы күшейтілді. Жазынан ызғарлы күндері басым, жауын-шашыны көп біздің өңір тұрғындарына алдағы уақытта сақтық шараларын мұқият сақтауға тура келеді. Облыс басшысы да өз сөзінде осы жайтқа кеңірек тоқталды. «Күн суытып, маусымдық аурулар басталса, вируспен күрес қиындай түсуі мүмкін. Арамызда кейбір адамдар әлі күнге дейін аурудың бар екеніне сенбейді. Бүкіл әлем пандемиядан зардап шегіп жатқанда, құлақ пен көзге сенбеу – әбестік. Мұндай қылықпен олар өзіне, отбасына және қоршаған адамдарға қауіп төндіреді. Ал вируспен ауырып қалған кезде ғана басқаша сөйлеп, барлығын түсіне бастайды. Осыған көз жеткізу үшін міндетті түрде вирус жұқтыру керек пе?!» – деп, ойын ашына жеткізген әкім мұндай жағдайға тап болмау үшін тұрғындардан сақтық шараларына бағынуды өтінді. Бетперде тағып, қолды үнемі жуып, қашықтықты сақтағанда ғана аурудың өмірімізге деген қаупі сейілері анық.
Коронавирус инфекциясының бірінші толқынының нәтижесінде біз көп жайтты үйрендік. Қазір медициналық қызметкерлер мен емдеу мекемелері екінші толқын болған жағдайда науқастарға толыққанды көмек беруге әзір. Құмар Іргебайұлының айтуынша, бүгінде ауруханаларда дәрі-дәрмектің екі айлық қоры бар. Дәріханалар бір айға препараттармен қамтамасыз етілді. Барлығы 3400 төсек орын дайын тұр. Өкпені жасанды тыныстандыру аппараттарының саны 3 есеге өскен, яғни 73-тен 232-ге дейін. Оттегі концентраторының саны 56-дан 362-дейін ұлғайды немесе 6 есеге көп. Қазан айының соңында жаңа инфекциялық аурухананың құрылысы аяқталмақ. ПТР зертханасы іске қосылып, бұл өңір аумағындағы жедел түрде анализ дайындайтын бесінші нысан болмақ. Олар күніне 3 мың тест жүргізу мүмкіндігіне ие. Алдағы уақытта бюджет есебінен 5 оттегі станциясын ашу көзделген. «Жедел жәрдем автопаркі жаңа 18 реанимобильмен толықты. Қараша айында тағы 20 көлік жеткізіледі. Жыл соңына дейін 111 өкпені жасанды тыныстандыру аппараты, 8 көшпелі медициналық кешен мен 6 рентген аппараты сатып алынады. Сондықтан екінші толқынға дайынбыз деп айтуға болады. Бірақ, бәріне дайын екенбіз деп, арқаны кеңге салу артық. Біз бәрін ескергенімізбен, жауыз вируспен күресу оңай шаруа емес. Дәрігерлер COVID-19-бен ауырған адамдарды протоколға сай емдейді, бірақ бұл жағдайда ағзаға енген вирустың салдары қандай боларын ешкім дөп басып айта алмайды. Байқағанымыздай, науқастардың жартысы пневмонияға шалдығып, көбі осы аурудың салдарынан өмірмен қоштасуда», – деп өңір басшысы аурудан туатын қауіпті тағы бір еске салып өтті. Ол, сондай-ақ, бірінші толқында өте қиын жағдайда жұмыс істеген дәрігерлердің адал еңбегіне тоқталды: «Ақ халатты абзал жандар «бір аяғымен көрде тұрған» көп адамдардың өміріне араша түсті. Арамызда қос өкпесі 90 пайызға зақымданған, бір ай бойы дем ала алмаған науқастар да болды. Дәрігерлер өте қиын жағдайларға қарамастан, кәсіби шеберлігінің арқасында оларға екінші өмір сыйлап, өз міндеттерін дұрыс атқара білді. Бірінші толқындағыдай жағдай қайталанбасы үшін әр азамат жауапкершілік танытып, тәртіпке бағынғаны жөн», – деп Құмар Ақсақалов барлық тұрғындарды талаптарды орындауға шақырды. 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp