“Нұр Отан” партиясының облыстық филиалы жанындағы Сыбайлас жемқорлықпен күрес жөніндегі қоғамдық кеңестің отырысы өтті. Кеңес мүшелері бақылау және қадағалау органдарының мемлекеттік ұйымдарда жүргізген тексерістерінің негізділігі мен заңдылығына назар аударды.
Өткен жылы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыстық департаменті 71 тексеріс жүргізген. Соның барысында мемлекеттік қызмет туралы заңнаманы және мемлекеттік қызметшінің Әдеп кодексін бұзған 165 факті анықталған. Бұзушылықтардың дені өтініштерді қарау мерзімі мен тәртібіне, толық және нақты ақпарат берілмеуіне, мемлекеттік сатып алу рәсімдерін және жер заңнамасын бұзуға қатысты болған. Ал Бас прокуратураның тапсырмасы бойынша 88 мемлекеттік органда қызмет көрсетудің сапасын анықтау үшін жоспардан тыс тексеріс жүргізіліпті. Оның қорытындысы бойынша тиісті заңнаманы бұзудың 107548 фактісі анықталған.
Ал ішкі мемлекеттік аудит департаменті өткен жылы 68 нысанда 95 аудиторлық шара өткізген. 18 млрд. теңге бюджеттік қаржыға аудиторлық тексеріс жүргізіліп, 13 млрд. теңгенің бұзушылығы анықталған.
Қоғамдық кеңес отырысында кәмелеттік жасқа толмағандардың құқығын қорғау бағытында атқарылып жатқан жұмыстар да сөз болды. Бүгінгі таңда өңірімізде 18 жасқа толмаған 136499 бала тұрып жатыр.
Былтыр облыс прокурорлары өңіріміздегі мектеп, дәріханалар мен тағы да басқа әлеуметтік маңызы бар нысандарда 45 тексеріс жүргізген. Нәтижесінде 600-ге жуық құқық бұзушылық анықталып, 307 адам әртүрлі жауапкершілікке тартылса, үшеуіне қатысты қылмыстық іс қозғалған.
Облыстық прокуратура бірінші басқармасының бастығы Асхат Ауқатовтың айтуынша, соңғы кездері нәресте өлімінің ақ-қарасын ашпай, жылы жауып қоя салу жиі орын алуда. Тексеріс жұмыстары кезінде нәресте шетінеуіне қатысты істің сотқа жетпегені анықталған. Құзырлы орган бұл мәселені алдағы уақытта ерекше бақылауға алатындықтарын айтып өтті.
Арайлым БЕЙСЕНБАЕВА,
“Солтүстік Қазақстан”.