Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өткен жылғы “Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі” Жолдауында Тұңғыш Президентіміз – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың саясатының сабақтастығын сақтап, жүйелі реформалар жүргізу қажеттігін қадай айта келіп, “халық үніне құлақ асатын мемлекет” тұжырымдамасын ұсынғаны мәлім. Биылғы “Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі” Жолдауында сол басталған істі соңына дейін жеткізу жолдары көрсетілген.
Президент алғашқы Жолдауында халықты айрықша алаңдатып келген мал ұрлығы, браконьерлік, жыныстық зорлық-зомбылық, педофилия, есірткі тарату сияқты қылмыстарға жазаны қатаңдату бойынша Парламент пен Үкіметке берген тапсырмалар толығымен орындалды. Мемлекет басшысының сыбайлас жемқорлыққа қатысты қылмыс жасалған мекеменің бірінші басшысының жауапкершілігін белгілеу туралы тапсырмасы да заңдастырылып, “айран ішкен құтылып, шелек жалағанның тұтылуы” сынды келеңсіздіктің тамырына балта шабыла бастады. Жұртшылық көтеріп жүрген митинг өткізу, сайлау туралы заңнаманы жетілдіру, журналистер сұрап келген жала жабуға қатысты қылмыстық жауаптылықты әкімшілік жауаптылыққа ауыстыру сияқты өзекті мәселелер де оң шешімін тапты. Мас күйінде көлік жүргізгендерге қолданылатын жаза да айтарлықтай қатаңдатылды.
Мемлекет басшысының биылғы “Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі” Жолдауында да “халық үніне құлақ асатын мемлекет” тұжырымдамасы жүзеге асырылып, қазіргі уақыттағы ең өзекті мәселелер қамтылған. Соның ішінде мұғалімдер мен дәрігерлердің жалақысын көтеру, алдағы үш жылда барлық ауылдық елді мекенді фельдшерлік-акушерлік пунктпен және дәрігерлік амбулаториямен қамтамасыз ету, кәсіби спорт клубтарын мемлекет қаржысы есебінен қаржыландыруды қысқартып, бұқаралық спортты барынша дамыту, келесі жылы ауыл әкімдерін тікелей сайлауды енгізу, сыбайлас жемқорлыққа қатысты қылмыс жасағандарға шартты түрде мерзімінен бұрын босату шарасын қолданбау және жемқорлардың мемлекеттік қызметте және квазимемлекеттік секторда жұмыс істеуіне өмір бойы тыйым салу, сыбайлас жемқорлық деректері туралы хабарлаған адамдарды заң жүзінде қорғайтын жүйе қалыптастыру, мемлекеттік органдардың, ұлттық компаниялардың қоғам алдындағы ашықтығын және есептілігін қамтамасыз етуге жол ашатын “Қоғамдық бақылау туралы” Заңды қабылдау жөніндегі тапсырмалардың көпшіліктің көкейінен шыққандығы анық.
Биылғы Жолдауында Президент халқымыздың жаңа болмысын қалыптастыру, тұтас ұлт сапасын арттыру міндетін алға қойып, “Жауапты мемлекет – жауапты қоғам – жауапты адам” жүйесін орнықтыруды ұсынды. Өйткені, Мемлекет басшысы атап айтқандай, адамды және қоғамды уақыт талабына сай жетілдіру қажеттігін өмірдің өзі көрсетіп отыр.
“Қазақ қоғамында жаңа қағидаттар және жаңа бағдарлар салтанат құруға тиіс. Біріншіден, ХХІ ғасырдың ұрпағы терең білімді болғаны жөн. Екіншіден, жас буынды ерінбей еңбек етуге бейімдеу қажет. Үшіншіден, кез келген істі кәсіби дағды арқылы жүзеге асырған дұрыс. Төртіншіден, темірдей тәртіп және жоғары жауапкершілік баршамыздың бойымызда болуы керек. Бесіншіден, әділдіктен айнымаған жөн. Әділдік – қоғам дамуының маңызды шарты. Әділеттілік – әсіресе, ел-жұрттың тағдырын шешу үшін аса қажет қасиет. Алтыншыдан, бізге керегі – адалдық, ұқыптылық, тиянақтылық. Бәріміз нағыз қазақты дәл осындай кейіпте көргіміз келеді. Біз сонда ғана бәсекеге қабілетті мемлекет, зияткер ұлт қалыптастыра аламыз”, – деді Қасым-Жомарт Кемелұлы халыққа Жолдауында.
Шынында да, әрбір адам жауапты болмай, тұтас қоғам да жауапты болмайтындығын, әсіресе, биыл, бүкіл адамзатқа аранын ашқан тажал – коронавирус пандемиясы көзімізге шұқып көрсеткендей болды. Мемлекет тарапынан енгізілген қатаң шектеу шараларын құлаққа ілмей, бұрынғы даңғойлығы мен тойшылдығына тоқтау қоя алмаған ағайындардың кесірінен қаншама адам аса қауіпті дертті жұқтырып, індет құрбаны болды.
Өкінішке қарай, бүгінгі қоғамымызда өз сөзі мен ісіне жауапты адам көп емес. Кемеңгер Абай бабамыз өз заманында сынап айтқан “өтірік, өсек, мақтаншақ, еріншек, бекер мал шашпақ” көріністері арада бір жарым ғасыр өтсе де, әлі күнге алдымыздан жиі шығады. Сөйте тұра, баршамыз мемлекеттің халық үніне құлақ асқанын, бәріне жауапты болғанын қалаймыз. Ал жауапты мемлекет жауапты адамнан басталатындығын ойлай бермейміз.
Жауапты адам – қоғам мен мемлекет тірегі.
Кәрібай МҰСЫРМАН,
Парламент Мәжілісінің депутаты, “Nur Otan” партиясы фракциясының мүшесі.