
Петропавлда Сәтбаев көшесіндегі жаяу жүргіншілер жолағында «Volkswagen Passat» автомобилі 1981 жылы туған қала тұрғынын қағып кетті.
Әйел №3 қалалық ауруханаға жатқызылды. Көлік тізгінінде болған облыс орталығының 57 жастағы тұрғынына қатысты «Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы» кодекстің “Жаяу жүргiншiлердің немесе жол жүрiсiнiң өзге де қатысушыларының жүруiне басымдық бермеу” бабы бойынша материал жиналды. Автокөлік арнайы тұраққа қойылды.
“Жол қозғалысы қауіпсіздігіне көптеген факторлар әсер етеді, жол жағдайынан бастап, жолдың көрінуіне дейін, алайда, қауіпсіздіктің негізі – жүргізушілердің, жаяу жүргіншілер мен басқа да жол қозғалысы қатысушыларының қозғалыс ережелерін қатаң сақтауы болып табылады. Жол қиылыстары, жаяу жүргіншілер жолағына жақындаған кезде жолдағы жағдайдың кенеттен өзгеруіне дайын болу үшін жылдамдықты азайту қажет. Барлық жол қозғалысына қатысушыларды жолда сақ болуға және жол қозғалысы ережелерін бұлжытпай сақтауға шақырамыз”, атап өтті облыстық полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары, полиция полковнигі Қанат Айтбаев.
Биылғы жылдың 8 айында облыс жолдарында жаяу жүргіншілерді соғып кетуге байланысты 31 жол-көлік оқиғасы тіркелді. Апаттан 6 адам көз жұмып, 29 адам жарақат алған. 12 жағдай жаяу жүргіншілер жолағымен өту ережелерін бұзуға қатысты.