Ұстаздар қауымының жүйелі интеллектуалдық, шығармашылық деңгейі оқушылардың білім жетістіктері қорытындыларымен қоса өмірлік көзқарасымен, ұстанымымен, өздігінен ізденуімен, жеке басының саяси ой-өрісі өлшемімен де тығыз сабақтас. Бұл орайда, халық “төртінші билік” атап кеткен мерзімді ақпарат құралдарының тигізетін ықпал-әсері өлшеусіз дер едім.
Баспа өнімдерінің адамзат тарихында алар орны ерекше екеніне қазіргі кезде өте-мөте көз жеткізіп отырмыз. Коронавирустың қандай қауіпті індет екенін мерзімді басылымдар кеңінен талдап-түсіндіріп берді. Бұл бағытта жарық көрген мақалалар оқырманға ой салады, жаман дағдылардан сақтандырады, адамгершілікті ардақтауға ұмтылдырады. Демек, қоғамда кездесетін кез келген жағдайдан баспасөз тыс тұра алмайды деген сөз. Бәріміз сүйіп оқитын облыстық “Soltústik Qazaqstan” газеті беттерінде ізгілікке, гуманизмге үндейтін, жақсылыққа тәрбиелейтін мақалалар жүйелі түрде жарық көріп тұрады. Биыл ғұлама ғалым әл-Фарабидің, қазақтың бас ақыны Абайдың адамгершілікке, мейірімділікке, адалдыққа баулу секілді ізгілік нышандарға толы ойларының әр нөмір сайын жариялануы осыны айғақтайды. Шетелдің арзан мәдениетіне еліктеп, асыл құндылықтарымыздан тамыр үзіп бара жатқан жастардың бойында мұндай қасиеттерді орнықтыру аса маңызды. Бүгінде адамдардың бір-біріне деген ілтипатты, мейірімді қарым-қатынасы, елге, жерге деген сүйіспеншілікті қалыптастыру өміріміздің басты арқауына айналуы тиіс.
Жыл өткен сайын білім мекемелерінің материалдық-техникалық базасы нығайып, мұғалімдердің жалақылары да айтарлықтай молайды. Қазіргі таңда білім беру жүйесі алдында тұрған басты мақсаттардың бірі әлемдік білім беру кеңістігіне ықпалдастырылған және қоғам қажеттіліктеріне сай көп деңгейлі үздіксіз білім берудің ұлттық үлгісіне жету болып табылады. Қазіргі уақытта өзім жетекшілік етіп отырған қазақ мектеп-гимназиясында 1146 оқушы білім алуда. Олардың қашықтан оқуына барлық мүмкіндіктер жасалған. Ноутбук, планшет, компьютер, веб-камера, микрофондар көмек ретінде таратылды. Онлайн оқуды жап-жақсы меңгеріп алды. ZOOM платформасын, Күнделік.kz-ті кеңінен пайдаланады. Кезекші сыныптарда 349 оқушы оқиды.
“Ұжымдаса білген ұтады” деген мақалды дана халқымыз бекер айтпаса керек. Жас ұстазын жасытпай, ардагер ұстазын қайраттандыра түсуде газеттің шығармашылық ұжымымен тығыз қарым-қатынас орнатуды қашанда ізгі мақсат санаймыз. Былтыр басылымның басшысы, қоғам қайраткері, жазушы-журналист Жарасбай Сүлейменов білім ордамыздың қадірлі қонағы болып, тереңнен толғаған ғибратты әңгімелері ұстаздар қауымына үлкен ой салған болатын. Мұғалімдеріміз өз пәндері бойынша газет беттерінде жарық көрген танымдық мақалаларды күнделікті сабақтарында пайдаланып, өздерінің іс-тәжірибелерін, ашық сабақ үлгілерін де ұсынып отырады.
Жуырда газет ұжымының басылым таралымын көбейту мақсатында челленджді қолға алғанын естідім. Бұл шарадан қалыс қалу біз үшін ұят нәрсе. Сондықтан да ұжым болып ақылдаса келе 35 газетке жазылдық. Баспасөзге жазылу науқаны аяқталғанға дейін бұл көрсеткіштің өсе түсері сөзсіз. Осынау шараны барлық білім ордаларының басшылары қолдайды деген ойдамын.
Жұртшылықтың әлеуметтік ой-пікірлерін оятып, қоғамдық белсенділігін арттыруда, жеке тұлғаның ішкі жан дүниесін жаңартып, саяси, мәдени дүниетанымын кеңейтуде ұлттық баспасөздің рөлі орасан. Өңірдегі қазақ басылымының тұңғыш қарлығашы саналатын, бүгінде жүрекке жылы, құлаққа әуезді тиетін “Soltústik Qazaqstan” деген қастерлі атауға ие газеттің орны ұстаздар қауымы үшін әрқашан бөлек.
Бұлбұл АХМАДИҚЫЗЫ,
қазақ мектеп-гимназиясының директоры.