Халқымыздың басына түскен ауыр сынақты қайтсек жеңеміз деп тыным таппай жүрген жандар қаншама. Бұл қиындықтан бір жағадан – бас, бір жеңнен қол шығарғанда аман өтеміз. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев “Biz birgemiz!” атты акция жариялап, жомарт жандарды мұқтаждарға көмек қолын созуға шақырған болатын. Бұл бастамаға Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының Солтүстік Қазақстан облыстық филиалы мен “Отандастар” қоры да қолдау білдірді. Бұл азаматтардың қолға алған игі істеріне Қазақстан халқы облыстық ассамблеясы және Қызылжар ауданы Бәйтерек ауылында құрылған “Тамыр” ұлттық мәдени орталығы да қосылды. Жүректері кең, жандары жайсаң азаматтар Бәйтерек ауылының мешітіне жиналған қауымға азық-түлік және бетперде таратты. Бұл бетперделер М.Қозыбаев атындағы СҚУ-дің “Foundation” факультетінің тыңдаушылары мен Өзбекстан, Қытай, Моңғолиядан келген студенттер тіккен екен.
“Biz birgemiz!” акциясы бірін-бірі танымайтындарды табыстырып, шын мұқтаждарға қамқорлық жасау ісін бір арнаға салды. Мысалы, қайырымдылық пакеттері Петропавл қаласының маңында орналасқан блокбекеттерде қызметтерін адал атқарып жатқан ақ халатты абзал жандар мен полиция қызметкерлеріне де берілді. Олар еліміздің тыныштығы үшін күндіз – күлкі, түнде ұйқы көрмеуде.
Жалпы қайырымдылық қала бойынша құрылған бес блокбекеттегі қызметкерлерге, әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыларға және университетте оқитын шеттен келген студенттерге үлестірілді. “Осындай қиын күндерде бір баланың қарнын тойдырып, бір ананың көз жасын сүртуге қол ұшын берсек, біз үшін бұдан асқан бақыт жоқ. Алда Рамазан айы келе жатыр. Қасиетті ораза кезінде де бұл істі әрі қарай жалғастырамыз”, – дейді Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы Солтүстік Қазақстан облыстық филиалының жетекшісі Арман Сүйіндіков.
Жазира КӨКБАСҚЫЗЫ.