Жақында Алматы облысы делегациясының құрамында Петропавлға атақты балуан Мәскеу Олимпиадасының чемпионы Жақсылық Үшкемпіров келген болатын. Сапар барысында даңқты спортшы солтүстікқазақстандық балғын спортшылармен де кездесті. Төменде Олимпиада чемпионымен әңгімені назарларыңызға ұсынып отырмыз.
– Жақсылық аға, Мағжан еліне қош келдіңіз. Қазақ спортының жарық жұлдызын солтүстікқазақстандық өрендер қалай қарсы алды?
– Көп рахмет! Мен мүмкіндігім келгенше еліміздің әр өңірлерінде болып, аға буынмен, жастармен кездесіп тұрамын. Бұл жолғы іс-сапар барысында да Петропавл қаласындағы Спорт сарайында және басқа да спорт нысандарында болып, өскелең ұрпақ өкілдерімен кездесіп, әңгіме-дүкен барысында өмір жолымдағы қызықтар мен қиындықтар жайлы сыр бөлістім. Ел дамуының “Қазақстан – 2030” ұзақмерзімдік Стратегиясының басым бағыттарының бірі – өскелең ұрпақтың денсаулығы, білім алуы мен игіліктері емес пе? Ал бұл орайда спортта толағай жетістіктерге қол жеткізген, көпті көрген белгілі тұлғалармен жүздесу жастар үшін таптырмас рухани азық деп білемін.
– Қазақ күресіміздің даму жолына, бет алысына қандай баға берер едіңіз?
– Құдайға шүкір, қазір тәуелсіз елміз, бейбіт және келісімде өмір сүру үшін барлығын жасаған дана Президентіміз бар. Тәуелсіздік таңы арайлап атқан сәттен бастап Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей қамқорлығының арқасында қазақ күресінің асығы алшысынан түсіп келеді. Қазақ күресі – бүгінгі күнде өз өмірін спортпен байланыстыратын адамдар үшін әлеуметтік саты болып табылады. Мемлекетімізді танымал ету үшін спортты дамытуымыз қажет. Ал түптің түбінде қазақ күресі жазғы Олимпиада ойындарының бағдарламасына енсе, төбеміз көкке жетіп, елдің ұлттық брендіне айналар еді.
Бүгінде қазақ күресінің деңгейін көтеру жолында ауыз толтырып айтарлықтай жұмыстар атқарылуда. Еліміздің әр аймағында өскелең ұрпақты төл күресімізге баулитын үйірмелер жұмыс істеуде. Әсіресе, ұлттық күресіміздің көсегесін көгерткен “Қазақстан Барысы” жобасын қалай мақтасақ та жарасады. Рухымызды асқақтатқан турнирді қолға алған азаматтарға алғыстан басқа айтарым жоқ. Біле білсек, боз кілемде күрестің әртүрінен топ жарған толағай балуандар алғашқы қадамын қазақ күресінен бастаған. Аллаға шүкір, егемен ел атанып, есімізді жидық. Ата-бабаларымыздан аманат болып қалған ұлттық күресімізді әлемдік аренаға шығаруға талпынып жатырмыз. Ал ендігі ортақ мақсатымыз – өздерінің дзюдо күресімен бүкіл әлемді мойындатқан жапондықтар сияқты бізде бір жағадан – бас, бір жеңнен қол шығарып, халқымыздың ұлттық күресін әлемге паш ету.
– Жақсылық аға, бірер күн бұрын еліміздегі қайырымды жандардың басын қосып, игі істерін үлгі етіп көрсететін “Алтын жүрек” ұлттық сыйлығының “Спорт саласының дамуына үлес қосқаны үшін” аталымы бойынша жеңімпаз атануыңызбен құттықтаймыз! Сахна төрінде тағы бір мәрттік танытып, арбаға таңылған екі бишіге бір-бір тұлпар атағаныңыздың куәсі болдық.
– Ел абыройын әлемдік деңгейге көтеруге спорт саласы едәуір үлес қосады. Осыны ескере отырып, спорттың дамуына үнемі алаңдап отырамын. Сол себепті спорт мектептерін көптеп салып, түрлі спорт үйірмелерін ұйымдастыруымыз керек. Сонда ғана бізде нәтиже болады. Олимпиада шыңын бағындыратын батырларға жол көрсету – міндетіміз. Олардың жеңісі – елдің жеңісі.
Елбасы дәстүрлі Жолдауларының бірінде: “…Аудан, қала әкімдеріне халықтың дене шынықтырумен және спортпен жаппай айналысуы үшін спорттық инфрақұрылымдардың қолжетімділігін кеңейту туралы мәселені шешуді тапсырамын” деген болатын. Осындайда ел азаматтары Үкімет қашан спорт кешенін салып береді деп алақан жайып отырмаса екен деймін. Жұрттың алды болып ауыл балаларына өз қаражатыма ауқымы екі мың шаршы метр, жер көлемі 2 гектар аумақты құрайтын көпсалалы спорт кешенін салып бердім. Бүгінде ол спорттық нысан 300-дей жас жеткіншектің самбо, дзюдо, бокс сияқты спорт түрлерімен айналысуына мүмкіндік беріп отыр. Ауырмайтын жол іздеу – осы спорттан басталады. Көмекке зәру жанға қол ұшын берген адамға жақсылығы алдынан шығады. Әлемді сұлулықтан бұрын, қайырымдылық құтқарады дегенге сенемін.
– Бұл бастамаңыз өзге кәсіпкерлерге үлгі болады деп үміттенеміз. Өкінішке қарай, ізіңізді басқан балуандар арасынан сіз жеткен белеске көтерілген спортшының жоқтығы көңілімізге кірбің түсіреді. Олимпиаданың алтын медалі қазақ балуандарына бұйырмай келуіне не себеп екен?
– Бүгінде біз көрмеген жақсылықты өскелең ұрпақ өкілдері көріп отыр. Спорттық жекпе-жек және күш қолданылатын спорт түрлері конфедерациясының бастамашылығымен еліміздің әр өңірінде спорттық нысандар салынуда. Десе де, Мәскеу Олимпиадасынан бері отыз жылдан астам уақыт өткенімен, әлі бірде-бір қазақ баласы жеңістің ең биік сатысына көтерілген жоқ. Егер оңай болса, қазақта талантты балуандар жетерлік, солардың бірі чемпион атанар еді ғой… Олимпиадада жеңу қаншалықты қиын екенін бір адамдай білемін. Рас, қазақ күрес спортына бір табан жақын халық. Бұл – қанымызға сіңген өнер. Шалғай аудан, ауылдарға спорт залдарын көптеп салып, спорт-интернаттарын ашсақ, жағдай өзгерері сөзсіз. Өйткені, ауыл спортын көтерсек, қазақтан әлі талай Олимпиада чемпиондары шығатынына күмәнім жоқ.
– Жақсылық аға, үлкен спорттағы жетістіктеріңіз бәрімізге кеңінен таныс. Ал соңғы кездері іскерлік қырыңыздан танылып жүрсіз. Айтыңызшы, қазақтың тұңғыш Олимпиада чемпионы қазақтың атакәсібіне қалай келді?
– Мен он бес жылдан астам уақыт бойы күреспен кәсіби түрде айналыстым, одан кейін де спорттан қол үзген жоқпын. Үнемі жабық спорт залында жаттығулар жасап, тәрбиеленушілерім үшін күйіп-пістім. Осының бәрі – ағзам үшін өте үлкен салмақ болды. Нәтижесінде инфаркт алдым. Дәрігерлердің кеңесімен, ауылды жерге көштім. “Жақсылық” жеке шаруа қожалығымды ашып, ісімді 200 ешкі, екі гектар жерден бастадым. Семейдегі мал дәрігерлік институтын зоотехник мамандығы бойынша тамамдаған соң қатты қиналдым деп айта алмаймын. Екі жылда төл көбейіп, саны бес жүзге жетті. Денсаулығым да қалыпқа келді. Бүгінде қожалығымда төрт түліктің етті бағыттағы барлық түрін қолдан келгенше өсірудемін. Иелігімде бес мыңға жуық қара мал, үш мыңдай жылқы бар. Шүкір, бұл қызметім халыққа да, мемлекетімізге де пайдасын тигізіп келеді. Ұрпағымыздың ұлы елдің ұланы, азат елдің ақиығы атануына жол ашуды өзіме міндет санаймын. Өткен жылы ата-бабаларымыздың арманы ақиқатқа айналып, азаттыққа қолымыз жеткен аса қасиетті – Тәуелсіздік күні мерекесі қарсаңында мен Алматы облысы Жамбыл ауданы Мыңбаев ауылында балабақша мен жас отбасылар үшін жатақхана ғимаратының бой көтеруіне себепші болдым. Болашағы жоқ ауылға электр жарығы мен газ кіргізіп, көшесіне асфальт төсеттім. Ауыл тұрғындарын тұрақты жұмыспен қамтамасыз еттім.
– Бразилияның Рио-де-Жанейро қаласында өткен жазғы Олимпиада ойындары допинг дауымен тарихта қалары сөзсіз. Спорттың майын ішіп, жілігін шаққан балуан ретінде бұл мәселеге қатысты пікіріңізді білсек деп едік?
– Бәсекелі сайыста спортшыларымыз Қазақстанның барлық жанкүйерлерінің үмітін ақтады. Еліміздің абыройын биік ұстады. Біздің құрама жеңіп алған 17 медаль бұрынғы Олимпиада ойындарындағы Қазақстан құрамасының алып жүрген медальдарынан көп. Спортшыларымыздың түрлі ұлттан болғанына қарамастан, қуанышымыз шексіз болды. Себебі, олимпиадалық тұғырда Қазақстанның Ән-ұраны үш рет орындалып, туымыз көтерілді. Осы орайда, боксшы Данияр Елеусіновтің, тұңғыш рет жүзуден бірінші орын иеленген Дмитрий Баландиннің және ауыр атлетші Нижат Рахимовтың еңбегін ерекше атап өту керек.
Ал допинг дауына келер болсам, шынымды айтайын, бұл жаңалық қуантқан жоқ. Бұл не үшін керек? Біле білген кісі допингтің спортшылардың ағзасына, денсаулығына өте зиян екендігін түсінеді. Оның үстіне, жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар болатын саңлақ ешқандай допингсіз-ақ жеңімпаз атана алады. Спорт қашан да таза әрі әділ болғанын қалаймын. Сондықтан спортта допинг қолдануға үзілдікесілді қарсымын…
– Жақсылық аға, кейбір саңлақтарымыз жеңістің бірінші сатысына көтерілмесе де, үздік үштіктің қатарынан көріне алғандарына шүкіршілік етіп жатады…
– Кейде өзімді жастармен салыстырамын. Мен 16 республиканың балуандарымен белдесіп, жеңіске жеттім. Ол кезде іріктеу сынынан өтудің өзі қиын болатын. Жан алысып, жан беріскен үлкен сында намысты қолдан бермедім. Ал қазіргі кейбір жастарға таңғаламын. Себебі, балуандар Азия біріншілігін ұтса, әлем біріншілігінде сүрінеді. Енді әлемде топ жарса, Олимпиада шыңын бағындыра алмайды. Боз кілемде жеңіп тұрып, жеңісті уысынан шығарып алғандарды да көріп жүрміз. Құдай беріп тұрған мүмкіндікті мүлт жіберуге болмайтынын естен шығармаған жөн. Ал қазіргі жастар бір жағынан бай болғысы келсе, бір жағынан кәсіби спортта жоғары көрсеткіштерге қол жеткізуді армандайды. Әрине, оның барлығы бірден болмайды. Жастарға айтатыным, спорттың шыңына шығу үшін бар жігеріңді тек спортқа арнауың қажет. Сонда ғана мерейің үстем болады. Құдайға шүкір, спорт саласына мемлекет тарапынан да, қалталы азаматтар тарапынан да қолдан келген қолдау жасалып жатыр. Бірақ мол қолдау көрсетілген сайын нәтиже төмендеп бара жатқандай. Бәрімізді осы мәселе ойландыруы керек.
Бүгінде біз егеменді ел болдық, тәуелсіз мемлекет атандық. Бұл бабаларымыздың аңсаған асыл арманы. Қолымыз нанға жетіп, тіліміз бен дінімізді қолға алдық. Жаужүректі жігіттер көбейіп, ұлтым деп жүрегі соққан азаматтар есейді. Сондықтан да біз тәуелсіздігімізді жоғалтпай, әлемге танытуымыз керек. Ал таныту үшін, ең алдымен, спортпен мықтап айналысуымыз қажет. Себебі, қай мемлекеттің спорты мықты болса, сол мемлекеттің аты шығады. Кешегі кездесулердің барысында облыс әкімі Ерік Сұлтанов өңірде спорт саласында қолға алған жақсылықтарын айтты. Оның барлығы да – мақтанарлық дүние. Бұқаралық спорттың дамуы өңір басшысына тікелей байланысты. Егер облыс әкімі спортты жақсы көрсе, онда өңір спортының дамығаны. Сондықтан Ерік Сұлтановтай спорт жанашырына алғысымды білдіремін.
Сұхбаттасқан
Қанат АТАМАНОВ,
“Солтүстік Қазақстан”.
Суретті түсірген
Амангелді БЕКМҰРАТОВ.