«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖАҚСЫНЫҢ ЖАҚСЫЛЫҒЫН АЙТ…

“Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын” деген сөз бар емес пе қазақта. Жұмабек Тә­шенев атындағы №20 орта мектеп ұжымына алғыс айтқым келеді.

Үш баланы жалғыз өсіріп жатқан жайым бар. Бұл мектептің бұрынғы директоры Данияр Шә­кенов басымыздан қиыншылық өткеріп жатқа­нымызды білген кезде, қол ұшын беріп, қолға­быс етуден аянбады. Мақтанып айтатын дүние емес, әрине, бірақ басқа түссе баспақ­шыл деген. Бір күн де тыныш отырмаймын, үш жер­де қатар еңбектенген де кезім болды, бірақ қалай тартсам да қысқа жіп күрмеуге келмейді. Бір жерде отыз мың, бір жерде он бес мың, үшінші жерде он екі мың теңге айлығым пәтер жалдау ақысынан, жолпұлдан артылмады. Оқу ісінің меңгерушісі, қазір мектеп директорының міндетін атқарып отырған Гүлім Қайыркенқызы да көмек көрсетті. Мектептің әлеуметтік ұстазы Бауыржан Тасболатов “Мектепке жол” акция­сы­нан қалдырмады, жыл сайын жазғы сауық­тыру лагеріне тегін жолдама беріп отырды. Өз басым қаражат шығарып, баламды сауықтыру лагеріне жөнелте алмас едім. Балаларыма ыстық тамақ беріледі.

Дәл солай мектептің әрбір ұстазын жеке-дара атап өтсем де еш артық болмас еді. Ал­ғашқы ұстазымыз Жанар Ақжігітова мейірімді сөзімен де, қайырымды ісімен де баламның үлкен өмірге оң қадам басуына септігін тигізді. Мектеп психологы Бахытгүл Қалиева әр істе ба­лаларыма қолдау көрсетуден аянып қалмады. Ол кісінің жетекшілігімен ұлым ғы­лыми жоба қор­ғап, жүлделі орын иеленді. Сынып жетек­шілері Жанар Ақжігітова, Күләйім Тұрсынова, Бибігүл Еламановаға да алғысым шексіз. Мінеки, қазіргі заман ұстазының бейнесі осын­дай. Мойнына жүктелген жұмысын атқа­рып қана қоймай, елге қайырымдылық жасау­дан да қалыспайды. Ұстаз атын биік ұстап, болашақ Қазақ елін көтеретін азаматтарды тәрбиелеп жатқандарыңыз үшін мың алғыс! Отбасы­ла­рыңызға амандық-саулық, береке қонсын, әлемді тұмшалаған ауыр індеттен аман болсын деген тілегімді айтқым келеді.

Қыс кезінде отыннан тапшылық көрген едік. Мешіт имамдары бізбен хабарласып, үйге жет­кілікті етіп отын әкеп берді. Азық-түлік түрінде, басқалай да көмек көрсетуін тоқтатқан жоқ. “Мектепке жол” акциясы аясында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының 30 жыл­дығы құрметіне алынған 10 ноутбуктің бірінің бақытты иесі атандық.

Тұңғышым тоғызыншы сыныпты тамамда­ды, қалған екеуі оқуын жалғастыруда. Қазіргі таңда қаланың басқа шетіне көшіп кеткендіктен мектепті ауыстыруымызға тура келді. Аллаға шү­кір, ауысып барған мектебіміз де жаман емес, бізге ұнайды. Тек балаларым бауыр ба­сып қалған Жұмабек Тәшенев атындағы №20 орта мектеп ұжымына алғыс айтқым келеді.

Қымбат САЙДАЛИНА,

Петропавл қаласының тұрғыны.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp