Үстіміздегі жылы Петропавл қаласындағы 12 спорттық нысанда жөндеу жұмыстары жүргізілді. Облыс әкімінің орынбасары Ғани Нығыметов аталмыш нысандарда болып, қолға алынған жұмыстардың нәтижесімен танысты.
“Қарасай” стадионындағы роликодромға, қоршауға, кіреберіс аумағына ағымдағы жөндеу жүргізілді. Бұл мақсатқа 35 млн. теңге жұмсалған. Роликпен сырғанауға арналған жолақ соңғы рет осыдан 15 жыл бұрын жөнделіпті. Бүгінде спорттық алаң қалпына келтіріліп, екі мың шаршы метр жерге асфальт пен орталық бөлікке жасанды жасыл жабынды төселген. Ендігі кезекте жас спортшылар жылдың кез келген мезгілінде биатлонмен айналысып, шаңғы және коньки тебу мүмкіндігіне ие болады. Ал қосымша бөлінген 76 млн. теңгеге жүгіру жолағының тартан жабындысы ауыстырылды.
Жаңғырту жұмыстарының нәтижесінде Қазбек Байболов атындағы балалар мен жасөспірімдердің спорт мектебі де адам танымастай өзгерген. Нысан 2007 жылдан бері ешқандай жөндеу көрмеген еді. Мұнда 200-ден астам жеткіншектің спорттық көрсеткіштерін жетілдіру үшін барлық жағдай жасалып, мекеменің материалдық-техникалық базасы жаңартылған. Қазір зал толықтай заманауи құрал-жабдықтармен қамтылған. Мектеп директоры Ринат Белогонов нысанға күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуге 33 млн. теңге бағытталғанын айтты.
Олимпиадалық резервтегі “Дельфин” мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі де назардан тыс қалған жоқ. Былтыр бірінші қабаттағы үлкен бассейннің су тазалағыш фильтрлері ауыстырылып, сорғы құрылғылары жаңартылған болатын. Сондай-ақ, нысан алдындағы өрнектастар жаңасына ауыстырылып, ғимараттың кіреберісі кеңейтілді.
Борки кентіндегі шаңғы базаларының аумағын абаттандыруға 88 млн. теңге жұмсалды. Тақтайдай тегіс асфальт төселіп, жолақтың ені екі метрге ұлғайтылыпты. Ал көпшіліктің көзайымына айналған Спорт сарайында электр жарықтандыру жүйесі жаңғыртылып, манеж және мұз аренасына ағымдағы жөндеу жұмысы жүргізілді.
Жоғарыда аталған спорт нысандарын жаңғырту жұмыстарына ел бюджетінен жалпы сомасы 442 млн. теңге бөлінген. Бұл өткен жылғы көрсеткіштен екі есе артық. “Бүгіндері облыста 6 дене шынықтыру-сауықтыру кешені салынуда. Бұл алдағы уақытта бұқаралық спортты дамытуға серпін бермек. Енді тек кәсіби спортшылар ғана емес, сонымен қатар қала тұрғындары мен жастар да спортпен тегін айналысуға мүмкіндік алады”, – деді Ғани Сақтағанұлы.
Қанат АТАМАНОВ,
“Soltústik Qazaqstan”.