Петропавл қаласы мен облыс аумағын жылумен және электр қуатымен жабдықтайтын іргелі кәсіпорын – “СевКазЭнерго” акционерлік қоғамының №2 жылу-электр орталығы жаңа турбинаны іске қосып, №12 қазандығын күрделі жөндеуден өткізді. Облыс әкімінің орынбасары Антон Федяев кәсіпорынға арнайы ат басын бұрып, құрылғыларды салтанатты түрде іске қосты.
Петропавлдықтарды жылумен және электр қуатымен қамтамасыз етіп отырған кәсіпорында 12 қазандық пен 7 турбоагрегат жұмыс істейді. Кәсіпорынның сараланған тарифке негізделген инвестициялық бағдарламасы шеңберінде жеті қазандық пен төрт турбоагрегат жаңартылған немесе күрделі жөндеуден өткізілген. Кәсіпорын басшысы Виктор Бармин жылу-электр орталығындағы құрал-жабдықтар 70 пайызға жаңартылғанын тілге тиек етеді.
Қолға алынған әрбір жобадан кейін кәсіпорынның тұтынушыларға қызмет көрсету сапасы жақсаруда. Автоматтандырылған жүйеде еңбеккерлер үшін де жұмыс істеу жеңіл. Жаңа №5 турбоагрегат кәсіпорынның жылдық энергия өндіру қуаттылығын 700 млн. кВт-қа арттырады. Бұл – кәсіпорынның сараланған тарифінің есебінен жаңартылып отырған үшінші турбина. №5 турбинаның ескі жабдығы 1965 жылдан бері жұмыс істеп келген. “Шкода” фирмасының агрегатын Урал турбина зауытының заманауи жабдығына ауыстыру үшін кәсіпорын екі жыл бойы құрылыс жұмыстарын жүргізген. Инвестициялық бағдарлама бойынша атқарылған жобаға 6,6 млрд. теңге қаржы жұмсалды. Турбинаның қуаттылығы өз алдына, кәсіпорын жаңа құрылғымен бір жылда 2596 тонна көмір үнемдейтін болады.
Кәсіпорын басшысы күрделі жөндеуден өткізіліп, іске қосылған №12 қазандық та тұтынушыларға сапалы қызмет көрсету мүмкіндігін ұлғайтады деп отыр. Бұл қазандық үшін монополиялық субъект 3,4 млрд. теңге қаржы жұмсапты. Жаңартылған қазандықтың бір сағатта өндіретін буы 50 тоннаға көбейіп, жылына 4240 тонна көмір үнемділігіне қол жеткізілмек. Заманауи агрегаттардың қоршаған ортаға шығаратын күл-қоқысы да аз болады.
Гүлгүл ҚУАТҚЫЗЫ,
“Солтүстік Қазақстан”.