«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖАҢА ИНФЕКЦИЯЛЫҚ АУРУХАНА АШЫЛДЫ

Солтүстік Қазақстан облысына “COVID-19” індетінің таралуын тежеу мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссияның төрағасы, Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов жұмыс сапарымен келіп, өңірдегі ахуалмен танысты.

“Рrimeminister.kz” порталының хабарлауынша, вице-премьер алдымен облыстық көпсалалы балалар ауруханасында болып, өңірдің коронавирустық инфекцияның екінші толқынына дайындығымен танысып, қолға алынған шараларды тексерді. Сондай-ақ, елдің оңтүстік және батыс өңірлерінен жұмыс істеуге келген жас медицина қызметкерлерімен кездесті. Бұдан кейін Премьер-Министрдің орынбасары 200 орындық жаңа модульдік инфекциялық аурухананың ашылу рәсіміне қатысты. Аталмыш медициналық мекеме үш айдың ішінде салынған болатын. Жұқпалы аурулар ауруханасы әлемдік талаптарға сай, заманауи қондырғылармен жабдықталған. Атап айтқанда, нысанда өкпені жасанды тыныстандыру, УЗИ, рентген аппараттары және компьютерлік томограф орнатылған. Әр палатадағы науқастар жататын орын оттегі құрылғысына қосылған. Мамандардың айтуынша, емдеу мекемесіндегі желдету жүйесінің арқасында ауа палатадан дәлізге өтпейді. Сәйкесінше, дәрігерлердің денсаулығына ешқандай зиян келтірілмейді. Бір сөзбен айтқанда, жаңа ауруханада науқастарға тиімді әрі сапалы ем-дом көрсетіледі.
Бұдан кейін облыс әкімдігінде өңірдегі эпидемиологиялық жағдай бойынша кеңес өтті. Шара барысында облыс әкімі Құмар Ақсақалов жергілікті мемлекеттік органдар атқарып жатқан шаралар туралы баяндама жасады. Бүгінгі күні облыстағы қоймаларда дәрі-дәрмектің екі айлық қоры бар.
Олардың қатарында “COVID-19” пандемиясын емдеуге қажетті дәрі де жеткілікті. Қазір медициналық қызметкерлер мен емдеу мекемелері екінші толқын болған жағдайда науқастарға толыққанды көмек беруге әзір. Құмар Іргебайұлының айтуынша, дәріханалар препараттармен қамтамасыз етілді. Барлығы 3400 төсек-орын дайын болса, 232 өкпені жасанды тыныстандыру аппараты және 362 оттегі концентраторы бар. Алдағы уақытта бес оттегі станциясы ашылмақ.
Бұдан бөлек, “Шығыс” шағынауданында түріктің “YDA холдинг” компаниясы жалпы құны 115 млрд. теңгені құрайтын заманауи көпбейінді аурухана тұрғызуда. Өңіріміз үшін маңызды жоба 2023 жылы пайдалануға берілетін болады. Жыл соңына дейін аурухананың іргетасы қаланып, қызметкерлер үшін тұрмыстық кешен мен тұрғын үй салына бастайды. Ауруханада 350-ден астам жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Сондай-ақ, жуырда облысымызға жеткізілген 8 жылжымалы медициналық кешен аудандардағы орталық ауруханаларға жөнелтілді. Гинекологиялық тексеру, рентген және флюорография бөлімі, жалпы қабылдау, жалпы практика дәрігері кабинеті, зертханалық диагностика бөлімшесі орналасқан кешендер халыққа көрсетілетін көмек сапасын арттыруға және шалғай елді мекендерде қызметтер спектрін кеңейтуге мүмкіндік бермек.
Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов өңірде “COVID-19” вирусын жұқтырушылар санының артып отырғанын атап өтті. Облыстың кейбір аудандарында коронавирустық инфекциямен ауыру өткен аймен салыстырғанда 4,7 есе өскен. Осыған орай, “COVID-19” індетінің таралуын тежеу мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссия қарашаның 9-ынан бастап Солтүстік Қазақстан облысында карантиндік шараларды күшейту туралы шешім қабылдағанын жеткізді. Атап айтқанда, Петропавл қаласының периметрі бойынша блокбекеттер орнатылып, облыс орталығында, Айыртау, Аққайың және Ақжар аудандарында карантин режімін сақтау жөніндегі мониторингтік топтардың жұмысы күшейтіледі. Күн сайын аурулар санының өсімі 10-нан асқан жағдайда басқа да елді мекендерде санитарлық блокбекеттер орнатылатын болады. Петропавл – Алматы бағыты бойынша теміржол тасымалдары аптасына үш ретке дейін қысқартылып, облыс ішінде жолаушылар темір жол құрамдарының аялдауына тыйым салынады. Жұмыс күндері қоғамдық тамақтану нысандары сағат 8.00- 21.00, сауда үйлері, сауда орталықтары, ауданы 500 шаршы метрден асатын азық-түліктік емес дүкендер сағат 10.00- 20.00 аралығында ғана ашық болады.
Ал демалыс күндері қоғамдық тамақтану нысандары кешкі сағат 21.00-ген дейін тауарды тапсырыс берушіге жеткізумен ғана айналыспақ. Ал сауда үйлері мен орталықтардың, азық-түліктік емес дүкендердің, сұлулық салондарының, шаштараздардың, бассейндердің, фитнес-клубтардың, жаттығу залдарының жұмыстары шектеледі. Ұжымдардағы қызметкерлердің кемінде 80 пайызы қашықтан жұмыс істеу форматына ауыстырылатын болады.
Жиынды қорытындылаған вице-премьер Ералы Тоғжанов облыс басшылығына өңірдегі жағдайды тұрақтандыруға күш жұмылдыру қажеттігін ескертіп, эпидемиологиялық ахуалды бақылауда ұстауды тапсырды.
Үкімет басшысының орынбасары облысқа жұмыс сапары барысында Қызылжар ауданына қарасты Петерфельд ауылындағы он жылға сенімгерлік басқаруға берілген Қызылжар Абай мектебінде болып, білім ордасының тынысымен танысты. 1969 жылы салынған нысанда 230 оқушы білім алса, 40 шақты мұғалім оларға тәлім бермек. Оқу ордасы түбегейлі жаңартылып, ауыл мектебінің жаңа үлгісі жасалды десе де болады. Шатыр, еден, есік-терезелер, жылу мен электр жүйесі толық ауыстырылды, ішкі, сыртқы қабырғалар әрленіп, мектеп ауласы қалыпқа келтірілген.
Қанат АТАМАНОВ,
“Soltústik Qazaqstan”.
Суретті түсірген
Виталий ВЛАСЕНКО. 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp