«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Жаңа кафедра — бірлік бастауы

Петропавлдағы Ұлттық ұлан Әскери институтында “Қазақстан халқы Ассамблеясы” кафедрасы ашылды. Бұл салтанатты шараға Астанадағы Л. Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетіндегі “Қазақстан халқы Ассамблеясы” кафедрасының меңгерушісі Анатолий Башмаков арнайы келді.

Бүгінгі таңда Ұлттық ұлан Әскери институтында 11 этностың өкілі болып табылатын 773 курсант білім алуда. Оның 20-сы – Қырғызстан, Тәжікстан Республикаларының азаматтары. Елдің қорғаны болады деген жастарға этносаралық татулық пен достықты сақтаудың сара жолын көрсетуі тиіс “Қазақстан халқы Ассамблеясы” кафедрасында білікті мамандар сабақ беретін болады. Дәрістерден басқа мұнда “дөңгелек үстелдер”, семинарлар мен ғылыми жұмыстар жүргізілмек.

– Біз бұрыннан бері Қазақстан халқы облыстық ассамблеясымен тығыз қарым-қатынас орнатқан едік. Енді өзімізде “Қазақстан халқы Ассамблеясы” кафедрасы ашылғаннан кейін қоян-қолтық жұмыс істейтін боламыз, – деді Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы Әскери институтының бастығы, полковник Жұмабек Ахметов.

Бүгінгі таңда еліміз бойынша Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 кафедрасы ашылған. Тіпті, бұл кафедралардың республикалық қауымдастығы да құрылыпты. “Алайда, әскери білім ордаларында бұған дейін мұндай кафедра болған жоқ. Петропавлдағы Әскери институтта ашылған кафедра болашақ офицерлерді Отанының қорғаны болуға тәрбиелеуде өз үлесін қосары сөзсіз”, – деген Анатолий Башмаков Қазақстан халқы облыстық ассамблеясының бірқатар белсенділеріне “Бірлік” алтын медалін табыстады.

Әсел ОРАЗБАЕВА.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp