«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖАҢА КЕЗЕҢГЕ ҚАДАМ

Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы орталық коммуникациялар қызметінің облыстық филиалында кезекті брифинг өтті. Онда “100 нақты қадам” Ұлт жоспарын жүзеге асыру бойынша сот жүйесінде жүргізіліп жатқан реформалар туралы айтылды.

Үстіміздегі жылдың 1 қаңтарынан ұлттық сот жүйесі дамудың жаңа кезеңіне қадам басты. Ондағы жаңашылдықтар туралы Солтүстік Қазақстан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Бахыт Касеинов баяндады. Азаматтардың сот төрелігіне қолжетімділігін жетілдіру үшін сот жүйесінің инстанциялары оңтайландырылып, бұрынғы бес сатылыдан үш сатылы сот төрелігіне көшірілген. Енді бірінші инстанция сотына – аудандық, апелляциялық инстанцияға – облыстық және кассациялық инстанцияға – Жоғарғы Сот жатады.

Судья лауазымына кандидаттарды іріктеу тетіктері көбейтіліп, біліктілік талаптары қатайтылған. Судьялыққа үміткерлердің сот істерін жүргізуге қатысу өтілі 5 жылдан кем болмауы – міндетті талап. Сондай-ақ, талапкерлер соттарда стипендия төленетін біржылдық тағылымдамадан өтеді. Одан соң біржылдық сынақ мерзімін өткереді. Жаңа судьяларды іріктеуге қоғам да қатысады. Ол үшін барлық облыстық соттарда қоғамдық кеңестер құрылған, олардың келісімінсіз судьялыққа өту мүмкін емес.  

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасы бойынша Қазақстан Республикасының Азаматтық процессуалдық кодексінің жаңа нұсқасы әзірленген. Оған жаңадан енгізілген “Бітістіру рәсімі” тарауында тараптардың келісімге келу тәртібі мен салдары толық реттелген. Сондай-ақ, дауларды шешудің баламалы тәсілдері мен бітістіру рәсімдерін кеңінен қолдану жолдары қарастырылған.

Солтүстік Қазақстан облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Владимир Кириленко алқабилер сотының қолданылу аясын кеңейту және азаматтардың конституциялық құқын шектейтін барлық тергеу қызметі жөніндегі өкілеттікті тергеу судьясына кезең-кезеңмен беруді қамтамасыз ету мәселелерін түсіндірді. Владимир Кириленконың айтуынша, бұрын алқабилер сотының қарауына қылмыстық заң бойынша өлім немесе бас бостандығынан өмір бойы айыру жазасына кесілгендердің істері беріліп келген еді. Қазақстан Республикасы Қылмыстық істер кодексіне 2016 жылдың 1 қаңтарынан енгізілген өзгертулерде алқабилер қарауына берілетін қылмыстық істердің саны арттырылған.

Солтүстік Қазақстан облыстық сотының бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерімен байланысын үйлестіруші Жанар Кенжебаева Ұлт жоспарының 23, 24, 25-қадамдарына тоқталып, инвестициялық даулар бойынша жеке сот істерін жүргізу, ірі инвесторлар қатысатын дауларды қарау үшін инвестициялық алқаны ұйымдастыру, тағы басқа мәселелер бойынша бүгінгі күні Жоғарғы Сотта атқарылып жатқан нақты жұмыстарды баяндады.

Ләйла ЖАНЫСОВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp