Өткен 2015 жылды Петропавл гарнизонының әскери прокуратурасы да табысты аяқтады. Айыптаушы орган сотқа дейінгі қылмыстық процестің заңдылығына бақылау жүргізуде жаңа қылмыстық және қылмыстық процессуалдық заңнамаларды ойдағыдай қолдануда.
Былтыр қылмыстық заң бұзушылықтың алдын алу бағытындағы жұмыс өз нәтижесін беріп, қылмыс 18 пайызға (11-ден 9-ға дейін) төмендеді. Соның бесеуі – әскери қылмыс, бұл аталмыш саладағы заң бұзушылық 50 пайызға азайғанына дәлел. Өткен кезеңде әскери прокуратура еліміздің Қылмыстық-процессуалдық кодексінің 300-бабына сәйкес Қостанай және Ақмола гарнизондарының әскери сотына 10 тұлғаға қатысты 8 қылмыстық істі жіберді. Соның екеуінде кінәні мойындау туралы мәміле бойынша процессуалдық келісім жасалды. Нақтырақ айтар болсақ, былтырғы жылдың қараша айында Петропавл гарнизонының әскери прокуратурасы Қылмыстық- процессуалдық кодекстің 612-бабының талабына сәйкес еліміздің Қылмыстық кодекстің 451-бабында көзделген қылмыс жасағаны үшін күдікті А. Шахмановпен кінәсін мойындау туралы мәміле түріндегі процессуалдық келісім жасады. Сотқа дейінгі тексеріс барысында анықталғанындай, сержант А. Шахманов оқу ротасы бойынша жауапты бола тұра кадеттің әскери тәртібіне көңілі толмайтынын сарбаздарға бірнеше рет сапқа тұруға және әскери форма киюге команда беру арқылы көрсеткен. Қызметін асыра пайдалана отырып, уақыт көрсеткішін орындай алмаған 7 кадетті ілгішке арналған тақтаймен ұрған. Осылайша сараптама нәтижесінде оларға жеңіл дене жарақаттарын салғаны белгілі болды.
Ақмола гарнизоны әскери сотының 20.11.2015 жылғы үкімімен еліміздің Қылмыстық кодексінің 451-бабының 1-бөлімінде қарастырылған қылмыс жасағаны үшін А. Шахманов кінәлі деп танылды және оған 1 мың айлық есептік көрсеткіш көлемінде 1 982 000 теңге айыппұл салынды.
Еліміздің Бас прокуратурасының нұсқауын орындау мақсатында кепіл түріндегі бұлтартпау шараларын қолдануды да тәжірибеге енгізудеміз. Өткен жылы қылмыстық қудалау органдары бұлтартпау шарасының жалпы сомасы 7 миллион теңгеден асты, барлығы 8 қаулы санкцияланды.
Сондай-ақ, Қылмыстық-процессуалдық кодекстің жаңа институты бойынша куәгердің және жәбірленушінің сотқа дейінгі тексеруде түсінік беруін депозиттеу бағытында да нақты жұмыстар атқарылды. Нақтырақ айтар болсақ, іргелес Ресей Федерациясының азаматы куәгер А. Горбуновтың жақын арада еліне қайту ниетіне орай әскери прокуратура Петропавл қалалық сотына оның түсінік беруін депозиттеу жөнінде ұсыныс білдірді.
Қостанай және Ақмола гарнизонының әскери соты 11 тұлғаға қатысты 9 қылмыстық істі қарап, барлығы бойынша айыптау үкімі шығарылды. Соның ішінде сот 2 тұлғаға қатысты қаралған іске келісімшарттарына сәйкес нүкте қойды. “Жазасын өтеушілерді азайтудың 10 шарасы” жобасын жүзеге асыруға байланысты әскери прокуратура ауыр сыбайлас жемқорлық қылмыс бойынша айыппұл түріндегі жаза қолдануды тәжірибеге енгізуде. Былтыр прокурорлардың тұтқындау, қамаудағы тұлғаларды асырау бойынша айыптаушы органның жеке қаулыларына, сондай-ақ, шешіміне және қызметіне сотқа шағымдану деректері тіркелген жоқ.
Талғат БЕКБЕРГЕНОВ,
Петропавл гарнизонының әскери прокуроры.