«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖАҢА ҮЙ АПАТТЫ ЖАҒДАЙДА

Петропавлдағы Байболов көшесі, 51 мекенжайындағы үйдің тұрғындары баспаналарының апатты күйде екенін айтып, шағымданды. Бұл жалдамалы-коммуналдық тұрғын үй 2023 жылдың желтоқсан айында пайдалануға берілгенімен, тұрғындар тек бір жарым айдан кейін қоныстана бастаған. 100 пәтерлік үйде жетім балалар, мүгедектер, көпбалалы, жалғызбасты аналар және зейнеткерлер тұрады.

– 13 жыл пәтер кезегінде тұрдық. Көптен күткен баспана берілгенде қуанышымыз қойнымызға сыймады. Бірақ үйіміз апатты жағдайда болып шықты. Жертөле кәріз сұйықтығына толып тұр. Соның салдарынан жағымсыз иіс төртінші қабатқа дейін тарайды. Балалар түнімен жөтеліп, ұйықтай алмай шығады, – дейді осы үйден пәтер алған Ксения Тытенок.

Тұрғындардың сөзінше, жертөлені кәріз суынан тазарту – 2024 жылдың көктемінен бері көтеріліп келе жатқан мәселе. Жыл он екі ай бойғы ылғалдан үйдің іргетасы бұзылып, пәтерлерін сыз тартқан. Желдету жүйелері арқылы маса-шіркей қаптаған соң тұрғындар өз қаражатына санитарлық-эпидемиологиялық қызметті шақырған. Сараптама нәтижесі көңіл көншітпеді. Жертөле маңындағы топырақтан аскарида жұмыртқалары табылған. Яғни лас су тек жөртелеге жиналмай, сыртқа да шығып жатыр, бұл жұқпалы аурулардың таралуына себеп болуы мүмкін.

– Пәтер иелері кооперативі қол қусырып отыр. Біздің жарық пен жылу үшін жеке шотымыз жоқ. Бұл қарызды бізге артып қоюы мүмкін. Біз ай сайын жалға алу ақысын, коммуналдық төлемдерді төлеп отырмыз. Мәселені айтып, дабыл қаққанымызбен шешілер түрі жоқ. Жауапты органдар бір- біріне сілтейді. Әкімдік жауапкершілікті мердігерлерге артады. Ал біздің қандай кінәміз бар?, – дейді Вячеслав Долгий.

Бұл үйдегі мәселе жалғыз жертөлемен шектелмейді. Ғимараттың басқа да ақаулары жетіп артылады. Тұрғындардың айтуынша, шатырдан су ағады, көше жарықтандырылмаған, жаңбыр суын ағызатын жүйе қарастырылмаған, жаяу жүргіншілер мен көлік тұрағы мүлде жоқ. Қар ерігенде немесе жаңбыр жауса, тұрғындардың үйге жетуі –мұң. Қоқыс жәшіктері қоршалмаған, үйдің ішін зең басқан.

Қалалық әкімдіктің баспасөз қызметінің хабарлауынша, бұл үй Петропавл әкімдігіне қарасты тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің балансында тұр.

– Былтыр екі сорғы кепілдік аясында ауыстырылды. Сондай-ақ «Тұрғын үй қызметі» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі үйдің жертөлесінде зарарсыздандыру жұмысын жүргізді. Үйдің маңын абаттандыру жұмысы аяқталмаған еді, биыл жалғасын табады. Жертөлені, пәтерлерді, шатырды жөндеу жоспарда бар, – дейді Петропавл қаласы әкімінің баспасөз хатшысы Әсем Айтулова.

Жаңа үйдің кепілдік мерзімі биыл аяқталады.

Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,

«Soltüstık Qazaqstan».

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp